Қазақстан құрамасы мен ағылшынның "Бернли" клубының ойыншысы Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін командамен бірге жаттығуға қайта кірісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сәтпаевтың оңалуын "Бернли" клубының медицина штабы мен "Челси" мамандары бақылаған. Қазір қазақстандық футболшы жаттығуға оралып, бабын біртіндеп қалпына келтіріп жатыр. Ол жақын арада команда сапында матчқа қатысуы мүмкін.
Футболшы 3 қыркүйекте жамбас бұлшықетінің артқы бөлігін Чемпионшиптің IV турында өткен кездесуде жарақаттап алды. Осыған байланысты біраз уақыт қалпына келуіне тура келді. Енді ол жаттығу процесіне қайта қосылып отыр.
Сәтпаев "Челсимен" келісімшартқа 2026 жылғы 12 тамызда ресми түрде қол қойған. Арада екі күн өткен соң, 14 тамызда "Бернли" сапына маусым соңына дейін жалға берілді.
Жарақат алғанға дейін қазақстандық футболшы жаңа командасы сапында 4 ресми матч өткізді. Оның үшеуінде Чемпионшипте, біреуінде Англия лигалар кубогында алаңға шықты.