ДДСҰ: Босаңсу вирустың өзінен де қауіпті

6035

Әлемде коронавирус жұқтыру оқиғалары төрт аптадан бері азайып келеді. Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арқаны кеңге салатын заманның әлі жетпегенін ескертіп отыр.

ДДСҰ: Босаңсу вирустың өзінен де қауіпті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы жұмада бүкіл әлем бойынша расталған COVID-19 инфекцияcын жұқтыру оқиғаларының азайғаны көңілге қуаныш ұялататынын айта келе, коронавирустың таралуын тежеуге көмектескен шектеулерді босаңсытпай, әрі қарай  сақтауға шақырды.

Тедрос Адханом Гебрейесус төртінші апта қатарынан әлемде тіркелген инфекция жұқтыру оқиғаларының кемігенін және осы дерттен қайтыс болғандардың саны екі апта бойы төмендеп келе жатқанын мәлімдеді.

"Бұл төмендеу қоғамдық денсаулық сақтау шараларын қатаң жүзеге асырған елдердің арқасында байқалып отыр. Мұның бәрі бізді жігерлендірсе керек, бірақ жайбарақат отыру вирустың өзі сияқты қауіпті", - дейді Тедрос.

"Қазір кез келген елдің шектеулердлі жеңілдететін немесе әр адамның сақтықтан бас тартатын уақыты емес. Талай өмірді жоғалтқанымыз қайғылы. Дегенмен, вакциналар шығарыла бастады", - деді тағы бір сөзінде ДДСҰ басшысы.

Әлем елдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 8 ақпанда аяқталған аптада берген мәліметтерге жүгінсек, сол жеті күнде дүниежүзінде 1,9 миллионға жуық "ковид" жұқтыру оқиғасы тіркелді. Ал, оған дейінгі аптада мұндай науқастар  саны 3,2 миллионға көбейген екен. Пайызбен алғанда, ақпанның алғашқы жетісінде планета бойынша COVID-19-ды жұқтырғандар оған дейінгі апта көрсеткішімен салыстырғанда 17 %-ға, ал қайтыс  болғандар 10%-ға азайыпты.

Құрлықтық көрсеткіш бойынша, "ковидке" шалдығу оқиғалары Африкада 22 %-ға, Еуропада 19 %-ға, Солтүстік және Оңтүстік Америка континенттерінде 17 %-ға кеміген. Ал, қайтыс болғандар сәйкесінше 30, 13 және 4%-ға азайыпты.

Бүгінде дүние жұртшылығы әмбебап вакциналар бағдарламасына үміт артып отырғанда, 2,5 миллиард адам тұратын 130-ға жуық елда коронавирусқа қарсы бірде-бір екпе салынбаған. Бұл турасында ДДСҰ жетекшісі Гебрейесус пен ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Генриетта Форе бірлесіп жасаған мәлімдемеде айтылды.

"Қазіргі уақытта қолданылған вакцинаның 128 миллион дозасының төрттен үш бөлігі 10 ел тұрғындарына ғана салынып отыр. Бұл мемлекеттерге әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайызы тиесілі", - дейді мәлімдеме авторлары.  

Естеріңізге сала кетейік, вакциналау науқаны өткен жылдың желтоқсан айында Германияда, Ұлыбританияда және АҚШ-та басталғаны белгілі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынының өзге бір ескертуіне қарағанда,   бұрын COVID-19 коронавирусымен ауырған адамдар инфекцияның жаңа штамдарын жұқтыруы мүмкін екеніне дәлелдер бар. Бұл жайында жақында Женевада өткен брифингте осы органның бас ғылыми қызметкері Сумья Сваминатан мәлімдеді.

"Қазір біз вирустың жаңа штамдарын қайта жұқтырған адамдар туралы ақпарат жинап жатырмыз. Оңтүстік Африкадан алғашқы хабарлар келіп түсті. Сол деректерге жүгінсек, осыған дейін "ковид" жұқтырғандар бұл ауруды қайтадан жұқтырып жатса керек", — дейді ол.

Маманның айтуынша, бүгінде коронавируспен ауырған адамдарда вирусқа қарсы иммунитеттің қанша уақытқа жететіні туралы зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сваминатан, сонымен қатар, вакцина егілгеннен кейін COVID-19-ды өзгеге жұқтыру деңгейі төмендеуі мүмкін екені жайлы болжамдар да бар екенін де айтып өтті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу