Дефицит көп, профицит жоқ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4721

Қаңтар айында еліміздің шоғырландырылған бюджет тапшылығы 333,5 млрд теңгені құрады.

Дефицит көп, профицит жоқ

Бірден айтайық, бұл қуанарлық, қуантарлық көрсеткіш емес. Себебі биыл жыл бойғы дефицит 1 млрд 221 млн теңге болады деген жорамал жасалған.

Жаңа жылдың алғашқы айындағы шоғырландырылған бюджет 5 млрд 52 млн теңге кірісті көрсетті. Былтырғы нәтижемен салыстырсақ, бұл 2 млрд 83 млн теңгеге кем көрсеткіш.

2018 жылдың жоспарлы салық түсімдері қаңтар айында 5,9%-ға орындалып, 518 млн 85 мың теңгені құрады. Ал салықтан тыс 2 млрд 711 млн теңге түсім түсті.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, биылғы бюджеттен 814,52 млрд теңге жұмсалған. Өткен жылы дәл осы уақытта республикалық бюджеттен 6 млрд 41 млн теңге алынған.  

Қазына қаржысының 27,3%-ы - әлеуметтік көмек көрсетуге, (222,34 млрд. т.), 23,0%-ы - денсаулық сақтау саласына (187,07 млрд. т.), 14,2% - білім беру саласына (115,29 млрд. т.) берілген. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы шоғырландырылған бюджет тапшылығы 2 213,5 млрд теңгені құрады. Ал кіріс - 10 808,7 млрд, шығыс - 12 492,0 млрд теңгеге тең болды.

Биыл Ұлттық қордан республикалық бюджетке 4 414,32 млрд теңге аударылды. Оның 2 880,0 млрд теңгесі кепілдендірілген трансферт, 1 534,32 млрд теңгесі мақсатты трансферт түрінде берілді.

Сөзімізді әріден сабақтайтын болсақ, 2018-2020 жылдарға арналған бюджет әу бастан сарсаңға салынды. Әуелі қаржылық құжат сенаторлардың сынына ұшырап, мәжіліске кері қайтарылды. Жалпы құны 9 трлн теңгеден астам бюджет қаржысының тапшылығы 1,5 трлн теңгені құрап отырғанын  алға тартқан депутаттар бірқатар салаларға ақша аз бөлінгеніне және мүлде бөлінбегеніне назар аударды. Нәтижесінде бюджетке қосымша 85,6 млрд теңге салмақ салынды. Оның 22 млрд теңгесі биылғы жылдың бюджетіне енгізілді.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бюджет тапшылығын қысқарту үшін мемлекет тиімді тәсілдерге жүгінетінін, яғни шығындарды қысқартып, жаңа жобаларды қаржыландыруды тоқтататынын және мемлекеттің ішкі қаржы орталықтарынан қарыз алатынын айтты.  

"Қаржы министрлігі қажетті сомаға мемлекеттік құнды қағаз шығарады. Олар тек Қазақстан қор нарығында ғана сатылады. Соның нәтижесінде ақша айналымы елдің ішінде ғана жүреді, сыртқа кетпейді", – деді Тимур Сүлейменов. Ал қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджет қаржысының тапшылығына екінші деңгейлі банктерге көрсетілген көмек себеп болғанын баяндады.

"Біз бюджет тапшылығын көтеруге мәжбүр болдық. Өйткені банк секторына көмектесу үшін 2 трлн қажет болды. Соның 1 трлн теңгесін ішкі қарыз арқылы көтеріп отырмыз, 1 трлн теңгесі нысаналы трансферт ретінде Ұлттық қордан тартылды. Осылайша банк секторына көмектесуге 2 трлн теңге жұмсалды", – деді Бақыт Сұлтанов.

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге тым жанашыр болып кетті. Бұл коммерциялық банктерге қол болғанымен, Ұлттық қор мен қазына қаржысына кері әсерін тигізіп жатыр.

Айта кетейік, "Қазкоммерцбанктің" жағдайын жақсарту үшін Ұлттық қордан 2 трлн теңге бөлінді. Ұлттық банк "Bank RBK-ны" да жарылқады. Осындай қадамдарға бара отырып, үкімет пен Ұлттық банк бюджет тапшылығын туғызды. Енді қолдарымен істегендерін мойындарымен көтеру үшін жанталасып жатыр.

Қазіргі жағдайға қарамастан үкімет пен Ұлттық банк бюджет тапшылығын 1,1 % дейін төмендетіп, инфляция деңгейін 5-7% дәлізінде сақтауды көздеп отыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: "Республикалық бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қарағанда 2018 жылғы 1,1%-дан 2019-2020 жылдары 1,0%-ға төмендейді. Бұл мемлекеттік борыш көлемін шекті деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша үкімет пен Ұлттық банк экономиканың тұрақты өсуін - 3-4% деңгейінде, ал жылдық инфляция деңгейін 5-7% дәлізінде ұстайды. Бұл көрсеткіш 2020 жылы инфляцияны 4%-ға дейін төмендетудің алғышарты болады", – деді.

Абылай Бейбарыс 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться