banner

Дене шынықтыру пәнін жою идеясы ілгерлетілуде

3993

Оқушыларды кәсіби бапкерлер жаттықтыруы мүмкін.

Дене шынықтыру пәнін жою идеясы ілгерлетілуде

"Сабағыңды беске оқы, әйтпесе аула сыпырушы не дене шынықтырушы боласың!" деп кеңес кезінде ересектер өз балаларына ескерту жасап жататын. Рас, дене шынықтыру пәнінің оқытушылары арасында нағыз өз мамандығының майталманы, "Қазақ Физкультура институтын" бітіргендер, спорт шеберлері болды. Бірақ олардың үлесі азшылық-тын. Негізінен бұл пәнді өзге салаларда орын таба алмағандар, таныстықпен жұмысқа орналасқандар жүргізетіні жасырын емес. Ата-аналар осыған наразы.

Мысалы, Павлодар облысының "Сосновка" ауылының тұрғыны Диана Қайырбекқызы таяуда білім және ғылым министріне хатында жергілікті мектеп директоры күзетшіні интернат шаруашылығының меңгерушісі лауазымына дейін өсіргенін, ал өз баласын дене шынықтыру мұғалімі және интернат тәрбиешісі етіп алғанын жазады.

Бұған жауап берген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов облыстың Шарбақты ауданының білім бөлімінің ақпаратына жүгіне отырып, дене шынықтыру мұғалімі әлгі мектепке 2015 жылғы 15 шілдеде "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылданғанын жеткізді. Яғни, заңды көрінеді.

Үйдегі баланы фотоға түсіруге болмайды

Қоғам белсендісі, 2-сынып оқушысының анасы Вера Щедрова қашықтан оқыту кезінде факультативтер қажытқанын айтады.

"Пандемия басталғалы менің балам қашықтан оқытуға көшті. Жаңа оқу жылында да солай жалғастырмақ. Бұл жас ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін қажет. Алайда бұл білім беру форматы біраз мәселе туғызды. Бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ағылшын тілі, математика, жаратылыстану пәндерін оқытудың аса маңызды екенін түсінеміз. Дегенмен, біздің мектепте факультативті пәндер де қашықтан оқытуға көшіп алды. Олар бойынша жазбаша тапсырмалар береді. Оны орындау, фотоға түсіріп жіберу міндет. Мысалы, менің ойымша музыка пәнінен тек ауызша тапсырма берілуі керек, айталық, "мынадай шығармаларды тыңдарсыздар" деп. Оның орнына қандай да бір әнді орындап, аудиожазбасын жіберуді сұрайды. Бұл баланың уақытын босқа жоғалту емес пе?! Дене шынықтырудан да жазбаша тапсырма беруі жөнсіз. Бәлкім, тапсырма бермесе, аталған пәндер педагогтеріне жалақы төлемейтін шығар", – дейді Вера Щедрова.

Білім және ғылым министрлігінің түсіндіруінше, министр А.Аймағамбетовтың 2020 жылғы 8 сәуірдегі №202 бұйрығымен бекітілген Қашықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, барлық сабақ мектептің қалыпты оқу жоспарына сай өткізіледі.

"Тиісінше, барлық пән, соның ішінде "Дене шынықтыру", "Музыка" және "Көркем еңбек" бойынша сабақтар өтуге тиіс. Дистанциялық режимде сабақ өткізу кезеңінде ата-аналардан оқушының тапсырманы орындағанын растайтын фотосурет не видеожазба талап етуге тыйым салынды. Сонымен қатар педагогтердің жалақысы тарификацияға сәйкес толық көлемде сақталады", – деді БҒМ.

Министрлік кетәрі емес

Кәсіпкер, қаржыгер және әке Ұлан Қамшыбаев мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға қызықты ұсыныспен шықты. Бұл министрлік осы саланы БҒМ-нан тартып ала алар еді.

Өйткені, оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спорты дағдарысқа ұшырады. Спорт нысандары мен секция-үйірмелері тіпті ірі қалаларда да жаппай тапшы. Ал мектептердегі дене шынықтыру сабақтары спортшы тәрбиелемейді. Салдарынан, қазақ елі жаһандық ірі додалардан, тіпті Олимпиададан қоржыны бос қайта бастауы мүмкін. Мысалы, 2018 жылғы ақпанда Кореяның Пхёнчханында өткен соңғы, XXIII қысқы олимпиялық ойындарда еліміз фристайлшы Юлия Галышеваның могулдағы жалғыз қола жүлдесін місе тұтуға мәжбүр болды. Оның алдында, 2014 жылғы Сочидегі қысқы ойындарда Қазақстан еншісінде марқұм Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан жеңіп алған қола жүлде ғана болды.

Коньки тебуге де, шаңғымен кедергілі жолмен жүйткіп, акробатикалық секіріс жасауға да, тіпті бокс пен зілтемір көтеруге де мектеп үйретпейді. Дене шынықтыру пәні негізінен, волейбол, баскетбол және футболға құрылғаны мәлім. Бұлардың ешқайсысы елге Олимпиада жеңімпазын сыйламағаны өтірік емес.

"Осыған байланысты оқушыларды спортқа баулу саласына реформа жүргізуді ұсынамын. Оның аясында Мәдениет және спорт министрлігі Білім және ғылым министрлігімен келісімге келуі және оны жүзеге асыруы керек. Біріншіден, еліміздегі барлық мектептерде спорт үйірмелері ұйымдастырылып, тиісті жабдықталуы қажет. Екіншіден, "Дене шынықтыру" пәнін орта білім беру бағдарламасынан алып тастау керек. Оның орнына міндетті әрі толыққанды жаттығу процесін енгізген жөн. Оны аптасына 3 рет, 2 сағат бойы білікті жаттықтырушылар құрамы өткізуі керек. Сонда жас ұрпақ бала жастан нағыз спортпен әуестенеді, денесі құрыштай шынығады, жас спортшыларға қуатты бәсекелестер пайда болады, жоғары жетістіктер спортына арналған мықты резерв қалыптасады. Қолы бос, зеріккен мектеп жастарына ермек табылып, қылмыспен айналысуға уақыты қалмайды", – дейді Ұлан Қамшыбаев.

Сөйтіп, елде қылмыстық ахуал жақсаруы мүмкін. Оның айтуынша, бұл процесті ұйымдастыру бюджеттен көп ақша қажет етпейді. Өйткені балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде (БЖСМ) бапкерлер онсыз да бар. Ал жаттығуды мектептің спорт залында да өткізуге болады. Мұндай жағдайда штаттағы дене шынықтыру мұғалімі орнын "шақырылған бапкер" басады.

Жалпы, осыны іске асыруға БЖСМ-дер әлеуеті жететінге ұқсайды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәліметінше, спорт мектептерінде 13 мыңнан астам бапкер бар. Салыстыру үшін айтсақ, елде 7 мың 391 орта білім мектебі жұмыс істейді.

"Қазіргі уақытта республикадағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің жалпы саны 477-ні құрайды. Оларда 357 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Осы ұйымдардың жаттықтырушы-оқытушы құрамы 13 мың 252 адамнан тұрады. Соңғы 5 жыл ішнде БЖСМ саны 9,1%-ға немесе 437-ден 477-ге дейін өсті. Өңірлерде жаңа спорт мектептерін, спорт нысандарын, стадиондарды, спорт залдарын және басқасын ашу бағытында үлкен жұмыс жүргізілуде. Ал дене шынықтыру мұғалімдерін кәсіби бапкерлермен ауыстыру ұсынысына келсек, бұл бастама мұқият зерделеуді талап етеді. Оны мүдделі министрліктер және жергілікті білім басқармалары отырып, бірге талқылауы қажет", – деді өз блогында министр Ақтоты Райымқұлова.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу