Депутат "нағыз әке" атанудың төл "рецептін" ұсынды

2574

Озық дамыған елдердегі қоғамдарды жаппай "жалғыздық" дерті жайлауда.

Депутат "нағыз әке" атанудың төл "рецептін" ұсынды

Бұл елдер қатарына ұмтылған Қазақстан ондайға өз елімізде жол бермеуге күш салады. Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан отбасыны қорғау саясатының маңызы да осында.

Бұл туралы бүгін Астанадағы "Орталық коммуникациялар қызметінде" баспасөз конференциясын өткізген мәжіліс депутаты, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бақытбек Смағұл мәлім етті.

Оның айтуынша, ХХІ ғасырда заманауи қоғам жаһандық созылмалы дағдарысты бастан кешуде. Ол күйзеліс әлеуметтік тұрмыстың барлық саласына, соның ішінде отбасыға да салқынын тигізуде. Сондықтан дәл қазір адамзат қоғамы үшін отбасы өмірлік маңызды тірек, аса қажетті әлеуметтік құндылық, іргелі институт болып табылады.  

"Мамандардың айтуынша, қазіргі заманда отбасы институты қиыншылыққа кезігіп, күйзеліс жағдайына килікті. Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен тынады. Бұл мемлекеттің болашағы – жаңа ұрпақтың тууы мен тәрбиелену проблемаларын тудырады. Сондықтан бүгінде отбасылық құндылықтарды насихаттау – нақты мемлекеттік міндетке айналды. Қазақстан демографиялық саясаттың мемлекет болашағымен тығыз байланысты екенін түсінген және осы бағытта нақты стратегиялық іс-шараларды қолға алған елдердің бірі. Өйткені әрбір отбасының құрамы, оның рухани, материалдық және мәдени дамуы, аналар мен әкелердің құндылықтық бағдарлануы сайып келгенде, бүкіл қоғамның қандай болатынын анықтайды", – деді Бақытбек Смағұл.

Ол жақында жарияланған "Еуростат" еуропалық статистикалық қызметтің зерттеуін алға тартты. Ол бойынша еуропалық одақ аумағындағы үйлердің үштен бірінде, нақтырақ айтқанда 33%-ында тек жалғыз адам ғана өмір сүріп жатыр. Яғни, Батыста бір адамнан ғана тұратын үй шаруашылығы үлгісі кең таралуда. Бұл көрсеткіш әсіресе, озық дамыған ел саналатын Швецияда кең қанат жаюда: бұл елде бір адамнан тұратын үй шаруашылықтарының саны 52%-ды құрайды.

Еуропада одан кейінгі орынға балалары жоқ ерлі-зайыптылар шығып отыр, олардың үлесі жалпы санның 25%-ын құрайды.

Әрине, мұның барлығы озық дамыған елдер кездесіп отырған үлкен сын-қатер болып табылады. Отбасы құрмаған адамдар немесе бала сүймеген отбасылар үлесінің көбеюі мемлекеттің болашақта жер бетінен жоғалуына соқтыруы ықтимал.

"Біз де озық дамыған елдер қатарына ұмтылып отырмыз. Бірақ сонымен бірге Қазақстанда үрім-бұтағы алып бәйтеректің тамырындай тарам-тарам болып кеңге жайылған, отбасылық жақындық сезімі берік орнаған ынтымақты отбасылар қатары көбеюі үшін, әрі ондай өнегелі отбасылар жан-жақты насихатталуы үшін елбасы бастамасымен "Мерейлі отбасы" байқауын өткізу елімізде игі дәстүрге айналды. Мемлекет басшысының жарлығымен 2013 жылдан бері Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде "Отбасы күні" аталады", – деді мәжіліс депутаты. 

Қазіргі күрделі кезеңде көптеген отбасыларда бала тәрбиесімен және білім алуымен тек әйелдер ғана айналысады. Бірақ қазақ халқында ежелден мәселен, ұл баланың нағыз ер болып қалыптасуында әкелер үлкен атқарған.

"Қазіргі заманғы ер адамдардың табыс табу қамынан қолы босамайтынына қарамастан, бүгінде де балалар үшін әке – отбасыдағы басты адам болып табылады: бала одан қайраттылық пен қаһармандық күтеді, оны мақтан еткісі келеді. Әкені әр ұл бала үлгі тұтуды қалайды, қыз балалар бойжеткенде болашақ жарын әкесінің жақсы қасиеттеріне сай таңдайды. Қазіргі қазақстандық әкелер өзінің жеке өнегесімен жас ұрпақты өмірлік берік қағидаттарға баулуы, өмірлік қажетті тәжірибелер мен пайдалы біліктіліктерді балаларына тапсыруы, отбасы үшін мықты қорған болып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет", – деді қалаулы.

Ол "нағыз әке" атанудың төл "рецептін" айта кетті.

"Нағыз әке болу дегеніміз – сенімді дос, өз балалары үшін беделді тұлға, асыраушы, тәлімгер, тәрбиеші, қорғаушы және мықты сүйеуші болу деген сөз. Осы өлшем-критерийлердің ең құрығанда бірнешеуін өз бойыңыздан таба алсаңыз, демек, сіз бекер өмір сүрмегеніңіз, отбасыдағы әке рөлін толымды атқарып отырғаныңыз. Біз, қазақстандық ерлер ата-бабамыздан қалған осы жарқын жолдан бұлтармауымыз, егер адассақ, қайта оралуымыз керек. Елбасы айтқан сананың жаңғыруы деген де осы", – деп түйді Бақытбек Смағұл.   

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің жаңа деректері бойынша 18 миллионнан асқан Қазақстан халқының 8 миллион 727 мыңнан астамын әртүрлі жастағы ер адамдар құрайды. Бұлардың әрқайсысы – қазіргі және келешектегі әкелер. Ал әйелдер саны 9 миллион 306 мыңнан асады.

Бұл ретте ерлердің үлесі 48,4 пайызды, ал әйелдер үлесі 51,6 пайызды құрайды екен.

Алдағы "Отбасы күні" мерекесіне орай аталған ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен де журналистерге өз пікірін білдірді.

Оның айтуынша, "отбасылардың экономикалық дербестігі мен өзін-өзі жетілдіруі үшін қажетті жағдайлар жасау, әл-ауқат деңгейін арттыру, әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету" мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басымдығы болып қала береді.

"Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында қоғамның рухани ой-санасын жаңғыртудың негізгі бағдарлары айқындалған. Бұл бағыттағы отбасы институтының рөлі өте жоғары", – деді Ләззат Сүлеймен.

Ал мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова басшылық ететін осы ұлттық комиссия төрайымның тағы бір орынбасары Елена Тарасенко президент өкімімен бекітілген "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы биыл да өтіп жатқанын еске салды.

"Биылғы жылы конкурсқа 2 мың 879 отбасы қатысып, олар саны 2016 жылмен салыстырғанда 11,6%-ға артты. Атап айтқанда, былтырғы жылы – 2 579 отбасы қатысқан еді. Биыл барлық қатысушылардың 36,2%-ы немесе 1041 отбасы көп балалы отбасылар болып табылады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 1 мың 65 болған. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда еңбеккерлер әулеттері өкілдерінен құралған отбасылардың саны 6,8%-ға өсті: егер 2016 жылы – 483 болса, 2017 жылы – 516-ге жетті. Бұған қоса, іріктеу турларына қатысқан жас отбасылардың саны 6%-ға ұлғайды: 2016 жылы – 472 болса, осы жылы – 500-ге жетіп отыр", – деді ол.

"Мерейлі отбасы" конкурсының финалдық кезеңінде жеңімпазды анықтау үшін елдің барлық азаматтары kaztube.kz сайтында және СМС-хабарламалар арқылы интерактивті дауыс беру арқылы тікелей қатыса алады.

2017 жылғы 16 қыркүйекте елордадағы "Қазақстан" орталық концерт залында өтетін салтанатты рәсімде дауыс беру қорытындысы шығарылады.

Жеңімпазға "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының лауреаты атағы және құнды сыйлықтар беріледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу