Депутат экология саласында әйелдердің үлесін арттыруды ұсынды

1125

Мәжіліс депутаты, ECOJER қауымдастығы кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова "экологиялық қауіпсіздік" мәселесіне баса мән беріп, салада әйелдердің үлесін арттыру керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Депутат экология саласында әйелдердің үлесін арттыруды ұсынды

"Бүгінде Еуропада не болып жатқанын білесіз бе? Көптеген отбасы құрғақшылық салдарынан туған жерінен кетуге мәжбүр. Климаттық катаклизм қалыпты құбылысқа айналды. Бұл әлемдегі климаттың өзгеруінен болып отыр", – деді ҚР Президентi жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова елордада өткен халықаралық конгресте.

Оның айтуынша, 2000 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі "Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік туралы" 1325-қарарын қабылдаған.

"Ол бейбітшілік және жанжалдарды шешу мәселелері бойынша шешімдер қабылдау процесіне әйелдердің қатысуын күшейтуге шақырады. Қазақстан бұл қарарға қосылған. Өкінішке қарай, бұл міндеттемелер орындалмай отыр",– деді депутат.

Ләззат Рамазанова аталған қарар аясында әйелдердің қауіпсіздігі ұғынымын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі тиісті ұлттық жоспарларды жүзеге асыру барысында әйелдердің рөлін нақты белгілеу керек.

"Менің ойымша, экология саласында шешім қабылдау кезінде әйелдердің үлесі басым болуы керек. Бұл талап сақталған елдерде тұрақты даму жүріп жатыр",– деді ECOJER қауымдастығы кеңесінің төрайымы. 

Депутат климаттың өзгеруі әйелдер мен қыздардың өміріне тікелей әсер ететінін атап өтті. Себебі олар отбасын су және тамақмен қамтамасыз етуге жауапты.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Әлия Ағыбаева қордың бағдарламасына қандай әйелдер қатысатынын айтты.

"Әрбір екінші клиент – 39-40 жастағы жеке кәсібі бар әйелдер. Олар сауда-саттық саласында жұмыс істейді. Қарыздың орташа сомасы – 28 млн теңге, орташа жылдық түсім – 67 млн теңге. Әйелдер жыл сайын бюджетке 3 млн теңге салық төлейді",деді басқарушы директор.

Ол кәсіпкер әйелдер ер адамдарға қарағанда жауапты екенін жеткізді.

"Әйелдер кредит аз алып, тезірек жабады",– деді Әлия Ағыбаева.

KAZENERGY қауымдастығы Адам капиталын дамыту жөніндегі атқарушы директоры Ләззат Баймурзина Қазақстан энергетикасында алғаш рет жасалған гендерлік зерттеу қорытындысы туралы айтты. Зерттеу Еуропа қайта құру және даму банкімен бірге жасалған

"Зерттеуге 35 компаниядағы 55 мыңнан аса қызметкер қатысты. Энергетикалық компанияларда жалпы жұмыспен қамтудағы әйелдердің орташа үлесі – 24,8%, басшылық қызмет– 19%, әкімшілік-басқару лауазымында – 50%, техникалық және өндірісте – 19%, өндірістегі басшылық қызметтегі бар-жоғы 10% әйел жұмыс істейді",деді атқарушы директор.

Ләззат Баймурзина ғылымда қыздардың үлесін арттыру керегін атап өтті.
"Біз түрлі алаңдарда нақты ғылымдағы қыздардың үлесін арттыру керегін бірнеше рет айтқамыз. Бұл оларға көбірек таңдау жасауға мүмкіндік" береді", - деп түйіндеді сөзін атқарушы директор.

Дәурен Ерболат
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу