Депутат елдегі жұмыссыздық деңгейі туралы: "Бұл қайдан ойлап табылған арифметикалық есеп екенін білмеймін"

1521

Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9%.

Депутат елдегі жұмыссыздық деңгейі туралы: "Бұл қайдан ойлап табылған арифметикалық есеп екенін білмеймін" Фото: inform.kz

Жыл сайын еңбек нарығына 200 мың адам келіп қосылады. Алайда жұмыссыздық деңгейі өзгермей келеді. Бұл туралы депутат Ермұрат Бәпи Мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Жамаубаев мырза (ред. – Қаржы министрі) елдегі жұмыссыздық 4,9 пайыз деді. Бұл (ред. – жұмыссыздық деңгейі) соңғы он шақты жылдың көлемінде 4,5 пен 5-тің арасында тұр. Бұл қайдан ойлап табылған, қандай өнермен жасалып жатқан арифметикалық есеп екенін білмеймін. Елдегі халықтың 45%-ы ауылда тұрады. Ауылда тек қана мұғалімдерден басқа адамда жұмыс жоқ. Ашылып жатқан өндіріс орны жоқ. Жыл сайын еңбек нарығына кемінде 200 мың адам келіп қосылады. Сонда 4,5-5 пайыз арасындағы жұмыссыздық қалай өзгермейтініне таңғаламын. Олар қандай құдыреттің есебінен осы цифрдың суретін салады?", - деді ол.  

Халық қалаулысы осы жайтқа қатысты таңданысын жасырмады. 

"Енді бір есепте жылына экспортқа 3 млн доңғалақ шығарамыз айтылып кетті. Оны кім алады? Біріншіден, елде Қытайдың доңғалағы толып жатыр. Бізден тіпті моңғолдар сатып алмайды ол доңғалақты. Сондықтан мұндай ертегіні, халықты алдарқатуды қою керек. Нақты санды, мүмкіндікті айту керек. Халықты сендіре білсеңіздер, шынайы жағдайды айта білсеңіздер, олар сіздерге сенеді", - деді мәжілісмен.

Ермұрат Бәпидің сөзінше, бүгінгі таңда сыртқы қарыз жалпы ішкі өнімнің 25 пайызынан аспайды деп арқаны кеңге салушылық байқалып отыр.

"Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сыртқы қарызымыз 100 млрд долларға жетті. Ал, егер де екінші деңгейлі банктердің біз білмейтін қарызын есептесек, ол қайда кетті? Бұл біздің төрт жылғы мемлекеттік бюджетіміз. Ел экономикасының қатерлі шекке жеткенін жайбарақат тыңдап отыра алмаймыз", - деп атап өтті ол.

Депутат сөз соңында Үкіметтің бюджетті орындалу есебіне қарсы дауыс беретінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу