Депутаттардың мәртебесіне сай келмейтін міндеттері доғарылады

2596

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) VII шақырылымдағы парламент мәжілісінің 107 депутатын тіркеді. 

Депутаттардың мәртебесіне сай келмейтін міндеттері доғарылады

Бұл туралы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы конституциялық заңының 12, 45, 46, және 98-баптарына сәйкес ОСК қаулысында: "Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттары тіркелсін.Тіркелген Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттарына куәліктер және омырауға тағатын белгілер тапсырылсын. Осы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын" 
– деп жазылды.

Басқосу барысында ОСК төрағасы Берік Имашев сөз сөйлеп, заңнамаға сәйкес парламент депутатының өкілеттігі оны ОСК парламент депутаты ретінде тіркеген сәттен басталатынын айтты. 

"Сайланған депутаттарды тіркеу үшін заңнамада көзделген барлық негіз бар. Осыған орай күн тәртібіне 7-ші шақырылған ҚР парламенті мәжілісінің депутаттарын тіркеу туралы мәселе шығарылды", – деді Берік Имашев.

Өз кезегінде ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова "Сайлау туралы" конституциялық заңның 97-1-бабының 5-тармағына сәйкес, депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігі саяси партияның басқарушы органы сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 10 күннен кешіктірмей айқындайтынын жеткізді.

"Ақ жол", "Nur Otan" және Қазақстанның Халық партиясының тиісті құжаттары осы жылдың 12 және 13 қаңтарында ОСК-ге ұсынылды. Бұған қоса сайлау заңнамасы негізінде Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық комиссиясы ОСК-ге Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша дауыстарды санау хаттамасын ұсынды. Конституциялық заңның 98-бабына сәйкес, ОСК сайланған мәжіліс депутаттарын тіркейді. Сайлау туралы заңның 45-бабында ОСК сайланған парламент депутаттарын 7 күн мерзім ішінде олардан Конституцияға және республика заңдарына сәйкес, Парламент депутаттарының мәртебесіне сай келмейтін міндеттерін доғару туралы жазбаша өтініштерін алғаннан кейін тіркейді деп белгіленген. Аталған өтініш алынды. Сайлау заңнамасында ОСК әрбір депутатқа өзі белгілеген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні тапсырады", – деді Анастасия Щегорцова.

Шара шеңберінде ОСК мүшелері қаулы жобасына бірауыздан дауыс беріп, ОСК төрағасы Берік Имашев жаңа сайланған мәжіліс депутаттарына куәлік пен омырау белгілерін табыстады.

Естеріңізге салайық, VII шақырылымдағы парламент мәжілісі депутаттарының сайлауында 5 саяси партия бақ сынап, заң шығарушы органға 3 партия өтті.

Нәтижесінде Nur Otan партиясы -76, "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы -12, Қазақстан халық партиясы -10 мандат иеленді. Бұдан бөлек Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 өкілі мәжіліс депутаты болып сайланды.
Ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясын өткізеді.

Айта кетейік, Nur Otan партиясының партиялық тізімі бойынша VII шақырылымдағы парламент мәжілісіне өткен Мәди Ахметов ең жас депутат болып тіркелді. Бұған дейін парламенттегі ең жас депутат, билік партиясының өкілі Геннадий Шиповских болған.

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу