Премьер-министр Олжас Бектенов Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрлігіне деректерді қорғау мәселесіне назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Цифрландыру деңгейі өскен сайын киберқауіпсіздік мәселесі өткір болады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?", – деп сұрады Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрі Жаслан Мəдиевтің айтуынша, байланыс операторлары желіні тәулік бойы бақылайды.
"Олар желіні DdoS-шабуылдарынан қорғайды, деректердің сақтық көшірмесін жасайды. Ал байланыс үзілмеуі үшін қосалқы желілер мен қуат көздері қарастырылған. Ауқымды кибершабуыл болған кезде операторлар тиісті қызметтермен бірлесіп, жедел әрекет етеді. Операторлармен бірлесіп осы желіні қорғау жүйесін үнемі жетілдіріп келеміз", – деп жауап берді министр.
Үкімет басшысы деректерді қорғау өте маңызды екенін, бұл мәселеге назар аудару қажет екенін жеткізді.