Девальвация БАКАД-тағы жол қозғалысы құнына айтарлықтай әсер етпейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
24284

Жобаға қатысты қаржылық тәуекелдер мемлекеттік бюджетте ескерілген.

Девальвация БАКАД-тағы жол қозғалысы құнына айтарлықтай әсер етпейді Фото: kolesa.kz

Елімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында қолға алынған ірі жобаның бірі – "Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы" жобасы (ҮАААЖ). Ел ішінде бұл жобаны БАКАД құрылысы деп те атайды.

"Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетовтің сөзінше, жобаның құны 512 млрд теңге. 

"Бүгінгі таңда жобаны қаржыландыру аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары 2018 жылдың мамырында басталған болатын. Жалпы алғанда, жоба құрылысы кестеге сай жүргізілуде", – деді "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Айдос Көбетов.

Директор девальвация БАКАД-тағы жол қозғалысы құнына айтарлықтай әсер етпейтінін жеткізді. Айтуынша, жобаға қатысты қаржылық тәуекелдердің бәрі мемлекеттік бюджетте ескерілген.

"Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік келісімшарттарының бәрі теңгемен рәсімделді. Сол секілді БАКАД құрылысына қатысты міндеттемелер де теңгемен жасалды. Қаржылық тәуекел механизмі де қарастырылған. Яғни, теңге бағамы белгілі бір деңгейде құбылатын болса, мемлекет орын алған шығындарды бюджеттен инвесторға өтеп береді", – деп нақтылады Айдос Көбетов.

Еске сала кетейік, Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы ақылы болады. Жобада жол құнын инфляцияға байланысты кезең-кезеңімен өсіру көзделген.

"Девальвация БАКАД-тағы жол қозғалысы құнына айтарлықтай әсер етпейді", – деп сендірді "Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" АҚ басқарушы директоры.

БАКАД-тағы жол қозғалысы 2021 жылы толықтай ашылады деп күтілуде. Аталған жол арқылы тәулігіне 38 мың автокөлік жүреді деп күтілуде. Ал жолдың жалпы ұзындығы 66 шақырымға тең. Жоба құрылысымен түркиялық және кореялық компаниялардың бірлескен консорциумы айналысуда.

Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 1,29 трлн теңге болатын 565 келісімшарт жасалған. Оның 9-ы – республикалық, 556-сы – өңірлік жобалар. Бұдан бөлек, құны 1,89 трлн теңгені құрайтын 620 жоба дайындық үстінде.  

"Жобалардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, мәдениет және спорт салаларын қамтып отыр", – дейді вице-министр.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, негізінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар көптеп салынуда. Соның нәтижесінде 4 жылдың ішінде еліміздегі мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне деген тапшылық мәселесі шешілген. Бүгінде аталған жоба бойынша 29 мың орындық 219 балабақша жұмыс істеп тұр.

Үкімет студенттерге арналған жатақхана мәселесін де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы реттемек. Бұл ретте, студенттер үшін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында жатақханалар салу жоспарлануда.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу