Дэвис кубогі. Қазақстан құрамасы Сербияға жол берді

1184

Мадридте Дэвис кубогінің ширек финалында Қазақстан мен Сербия құрамалары кездесті.

Дэвис кубогі. Қазақстан құрамасы Сербияға жол берді

Қазақстан атынан бірінші болып кортқа әлемдік рейтингте 182-орында тұрған, биыл 34 жасқа толатын тәжірибелі Михаил Кукушкин, Сербия сапынан әлемнің 69-ракеткасы, 22 жастағы Миомир Кецманович шықты. Бір сағатқа жуық созылған алғашқы партияда бірден брейк жасаған сербиялық спортшы 2:0 есебімен алға кеткенімен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестіре білді. Тай-брейкте М. Кукушкин сәтті ойнай алды – 7:6 (7:4). Екінші сетте қазақстандық спортшы брейкпен алға шықты – 3:1. Сегізінші геймде М. Кецманович есепті теңестірді – 4:4. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:4. Үшінші, шешуші партияны да сербиялық теннисші қарқынды бастады – 2:0. Алайда ол есеп 5:3 болғанда, матчболын пайдалана алмады. Ақыры тай-брейкте М.Кукушкин жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11). Аса тартысты өткен матч 3 сағат 18 минутқа созылды. Осылайша Кукушкин Қазақстанды алға шығарды. Есеп – 1:0. 

Екінші ойында әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович Александр Бубликті жеңіп, командасына бір ұпай әкелді. 1 сағат 18 минутқа созылған матчта 34 жастағы Новак екі брейк пен төрт эйс жасап, допты ойынға қосу кезінде үш рет қателесті. Әлемдік рейтингте 36-орында тұрған 24 жастағы Александр 12 эйс жасап, жеті қателік жіберді. Нәтижесінде 6:3, 6:4 есебімен Джокович жеңіске жетті.

Өкінішке орай Андрей Голубев пен Александр Недовесов Сербиямен болған жұптық кездесуде Никола Чачич пен Новак Джоковичтен жеңіліп қалды. Екі сет 6:2, 2:6 есебімен аяқталды. Шешуші ойында сербтер екі брейк жасап, жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп 6:2, 2:6, 6:3.

Кездесу аяқталған соң Новак Джокович Қазақстанмен болған ойын туралы пікір білдірді.

"Әрине, қиын болды. Алғашқы ойын Кецманович үшін оңайға соқпады. Ол жеңіске біртабан жақын болды. Бірақ біз Кукушкиннің мықты екенін мойындауымыз керек. Ол жеңіске жете білді және өзінің мықты әрі тәжірибелі ойыншы екенін тағы бір рет көрсетті. Бубликке қарсы матч ойдағыдай өтті. Бірақ допты ойынға қосу кезінде арасында қиындықтар туындады. Бублик жақсы ойнады. Үш ойыннан тұратын матчта жұптық кездесу өте маңызды. Ал Никола екеуміз Голубев пен Недовесов жұбы сияқты бірге жиі ойнамадық. Екінші сеттен кейін өзімізді қолға алып, капитанымыз бен командамыздың қолдауының арқасында күш-қуат жинадық. Жеңіске жеткен соң жеңілдеп қалдық және Хорватиямен жартылай финалды асыға күтеміз", - деді Новак Джокович.

Осылайша теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис кубогіндегі өнерін ширек финалдық ойынмен аяқтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу