"Дэвис кубогі" турниріндегі Қазақстан құрамасының қарсыластары кімдер?

1065

Испания астанасы Мадридте өтетін "Дэвис кубогі" финалында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев, Александр Недовесовтер ел намысын қорғайды.

"Дэвис кубогі" турниріндегі Қазақстан құрамасының қарсыластары кімдер?

Теннистен ерлер арасындағы ең беделді жарыстардың бірі – "Дэвис кубогінің" 109-шы финалдық ойынының басталуына санаулы күндер қалды. Кубок үшін 18 команда сынға түседі. Олардың арасында Қазақстан құрамасы да бар.

Еліміздің құрамасы "В" тобында Канада және Швеция командаларымен ойнайды. Қазақстандық теннисшілер барлық кездесулерін Мадридте өткізеді. 27 қарашада бірінші ойында Қазақстан Швеция құрамасымен ойнайды. Олар "Дэвис кубогінде" 1925 жылдан бері ойнап келеді. Осы уақыт ішінде Швеция құрамасы жеті рет ерлер арасындағы ең беделді әлем кубогін жеңіп алды. Сондай-ақ шведтер финалда бес рет ойнады.

2011/2012 жылдары Швеция құрамасы үшін қиын күндер туды. Команда Дүниежүзілік топтан шығып, төрт жылдан кейін тіпті Еуропа/Африка бірінші аймағына түсіп қалды. 2019 жылдың соңында әлемнің бұрынғы төртінші ракеткасы Робин Содерлинг Швеция құрамасының капитаны атанды. Ол 2017 жылдың қаңтарынан бері шведтердің капитаны болған Йохан Хедсбергті ауыстырды. Нәтижесінде 2019 жылы шведтер іріктеу кезеңінде Колумбиядан 0:4 есебімен ұтылды. Бірақ бір жылдан кейін Чилиді жеңіп, турнирдің финалына шықты. Мадридте Швеция құрамасының намысын Микаэль Имер (ATP рейтингінде 97-ші), Элиас Имер (ATP рейтингінде 167-ші), Андре Горансон (ATP жұп рейтингінде 66-шы) және Джонатан Мридха (ATP рейтингінде 511-ші) қорғайтын болады.

Жекелей сында Робин Содерлинг ағайынды Имерлерден үлкен үміт күтеді. Ағайындылардың кенжесі Микаэль хардта ойнағанды ​​жөн көреді. Ол жасөспірімдер деңгейінде сәтті өнер көрсетіп, тіпті кіші "Уимблдонның" финалына дейін жеткен. Бірақ финалда америкалық Рейли Опелкадан жеңіліп қалды. Осы уақытқа дейін ол жұптық сайыста бір рет ATP турнирінде және төрт Челленджерде жеңімпаз атанды. Элиасты қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Ол биыл Нұр-Сұлтанда ATR 250 сериясы турнирінде өнер көрсетіп, іріктеудің бірінші кезеңінде біздің Григорий Ломакинді жеңді.

Ал жұптық ойында Швейцария құрамасынан Андре Горансонды ерекше атап өтуге болады. Ол өзінің мансабында жеті Челленджер және бір ATP турнирінде жеңіске жеткен. Шведтердің төртінші ойыншысы 26 жастағы Джонатан Мридха да оңай қарсылас емес. Қазіргі таңда ол жекелей сын бойынша рейтингте 511-орында тұрғанымен, ITF сериялы турнирде жекелей сында үш рет және бес жұптық ойында жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы "Дэвис кубогі" финалының топтық кезеңінде 28 қарашада Канадаға қарсы ойнайды. 2019 жылы бұл турнирде Канада финалға шығу арқылы жанкүйерлерін таң қалдырып қана қоймай, жалпы алғанда жаңа тарихқа қадам жасады. Жастық пен тәжірибе үйлесім тапқан канадалық команда 2021 жылы да бұл Кубоктан үмітті. 2019 жылы Фрэнк Данцевич шәкірттері шешуші кездесуде Рафаэль Надаль бастаған Испания құрамасынан жеңіліп қалды. Бұған дейін Канаданың Дэвис кубогындағы ең жақсы нәтижесі 1913 және 2013 жылдардағы жартылай финал болды.

Канадалықтардың басты үміті Феликс Огер-Аляссим мен Денис Шаповаловта болмақ. 21 жастағы Феликс төртінші рет Дэвис кубогінде Канада намысын қорғайды. Ол 2021 жылғы маусымда АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, ATP рейтингінде 11-ші орынға дейін көтерілді. Ал қазір әлемдік рейтингте 18-ші орында тұрған 22 жастағы Шаповалов "Дэвис кубогына" сегізінші мәрте қатысады. Биыл Денис Geneva Open турнирінің финалына және Уимблдонның жартылай финалына шықты.

Бұдан бөлек қарсыластар құрамасындағы 31 жастағы Вашек Поспишилді де ерекше атап өтуге болады. Арғы тегі чехиялық, Канада намысын қорғайтын кәсіпқой теннисші жұптық сайыста бір "Үлкен дулығаның" жеңімпазы (Уимблдон 2014), жұптық сында әлемнің бұрынғы төртінші ракеткасы, жұптық сайыста жеті ATP турнирінің жеңімпазы. 2019 жылы Дэвис кубогінде Канада құрамасы Феликс Аугер-Аляссимнің жарақатына байланысты теннисшіні сол кезде 150-ші орында тұрған Вашекпен алмастыруға мәжбүр болды. Дегенмен ол рейтингте өзінен жоғары орындарда тұрған бірқатар қарсыластарын жеңіп, Денис Шаповаловпен бірге Канаданы тарихта бірінші рет финалға шығарған болатын. Сонымен қатар Брайден Корд пен Питер Полански де Канада құрамасында өнер көрсетеді. Питер Полански қазақстандық теннис жанкүйерлеріне таныс. 2021 жылы ол елордада төрт Челленджер мен бір ITF M25 турниріне қатысты. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу