Дихандарға электронды рұқсатнама қажет емес

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14169

Qoldau.kz платформасын қолданған шаруалардан 8 334 теңге талап етілген.  

Дихандарға электронды рұқсатнама қажет емес

Фермерлер  көктемгі дала жұмысы барысында бақылау бекеттерінен кедергісіз өту үшін Qoldau.kz цифрлық платформасының AgroRuqsat сервисінен электронды рұқсатнама алу міндетінен босатылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктерімен, Қазақстан фермерлер одағымен, облыстық және республикалық маңызы бар қала әкімдіктерімен бірлесіп өткізген кеңесте осындай шешім шығарды.

Тек Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумағына табан тірегісі келген өзге өңірлердің шаруалары облыстық әкімдікке хабарласып, деректерін "Сергек" ақпараттық жүйесіне енгізулері керек. Республикалық маңызы бар үш қаланың бақылау бекетінен өткен кезде фермер жеке куәлігін көрсетуге тиіс.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, шаруа қожалығы иелері мен салалық қауымдастық өкілдерінен министрлікке карантин аймағында жүріп-тұруға қойылып жатқан тосқауылдарға қатысты көп шағым түскен.

"Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінішін назарға алып, бақылау бекетінен өту тәртібін жеңілдеттік. Бұдан былай фермер ауыл шаруашылығы саласына қатысы бар тұлға екенін дәлелдейтін құжатын, ал оның жұмысшылары жеке куәлігі мен жұмыс орны берген анықтаманы көрсетіп, карантин аймағында кедергісіз жүре алады. Оларға ешқандай тосқауыл қойылмайды", – деді вице-министр.

Айта кетейік, осыған дейін AgroRuqsat сервисі арқылы 9 мыңға жуық азаматқа электронды рұқсатнама берілді. Цифрлы құжаттың қолданыстан алынып тасталуына Qoldau.kz цифрлық платформасын қолданғаны үшін шаруалардан 8 334 теңге талап етілуі түрткі болды.

"Бізде жылдамдығы жоғары кең жолақты интернет жоқ. Qoldau.kz цифрлық платформасына кіріп, электронды рұқсатнама алғанша жүйкеміз жұқарып бітті. Оның үстіне Qoldau.kz-ті қолданғанымыз үшін бізден ақша талап етті. Біз мұны негізсіз шығын санадық. Сөйттік те министрлікке шағымдандық. Министрлік мәселені шешкенше электронды рұқсатнамасыз отырдық. Қозғалысымыз шектеулі болды. Бақылау бекетінен өткізбей қойды", – деді шаруа қожалығының иесі Ербатыр Төленов.  

Біле жүріңіз, қазір еліміздің 7 өңірінде көктемгі дала жұмысы жүріп жатыр. Бүгінге дейін Жамбыл облысы – 326 мың, Алматы облысы – 239 мың, Түркістан облысы – 230 мың, Қызылорда облысы – 28 мың гектар жерге дәнді дақыл сеуіп үлгерді.

Батыс Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарында егін егу енді басталды. Қалған өңірлерде егіс алды жұмыс жүріп жатыр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу