Ғаламторда және әлеужелілерде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бұзылмаған, жақсы сапалы қарбыздарды қоқысқа тастап жатқаны бейнеленген видео талқыға салынуда.
"Бразилияда фермер тонналаған қарбыздарды жоюда. Бұған ұсыныстың көп болуы кесірінен супермаркеттерде бағаның қатты құлдырауы себеп болды. Капитализм – "қылмысқа" итермелейтін схема, онда бағаны төмендету емес, басыартық өнімді босқа жою тиімді саналады", – деп жазылған бейнежазбаға түсініктемеде.
Фактчек көрсеткендей, бұл – біраз жылдан бері "айналымда" жүрген видеоролик көрінеді. Бірақ бұл ондай проблеманың енді жоқтығын білдірмейді, кесір керісінше, ушығуда.
Америкада фермерлер сұраныс болмағандықтан мыңдаған тонна сүтті арыққа төккен. Үндістанда "киелі жануарларды" – сиырларды құлпынаймен қоректендірді, өйткені ел тоқтаусыз қымбаттаған бұл жемісті рационынан алып тастап жатыр.
Haberler.com жазуынша, Анталияда, тамыз айында, саудагерлердің өзіндік құнынан төмен баға ұсынуына байланысты жергілікті өнім өндіруші Ондер Якыджы бірнеше тонна қарбызды тұрғындарға тегін таратып берген.
"Анталиялық базарда құлпынайын өткізгісі келетіндер көп, осыны пайдаланып, алыпсатарлар аз ақша ұсынады. Есептеп көрдім, ол қаржы өнімімді қалаға тасымалдау құнын да өтемейді екен. Бірақ өнім шықты, астықты жинап алдым. Босқа бұзылмасын, одан да жұртшылық тегін дәм татсын, ең құрыса, алғыс жаудырар деп, бір бөлігін тегін тараттым", – дейді Якыджы.
Ақпарат құралдары диқанның өз астығының бір бөлігін анталиялық Муратпаша ауданында жүк көлігінің үстінен ақшаға да сатқанын нақтылады. Арзан болғандықтан бір жарым сағат ішінде өтіп кеткен. Жалпы алғанда, аграршы елдің курорттық қаласына әкелген 20 тонна қарбызының он тоннадайын тегін үлестіріпті.
"Бұл еңбеккеріміз қауынын да тегін таратты. Кейбір өндірушілер өнімдерін қасақана қоқысқа тастайды, мұнысы ұят және күнә. Текке лақтырғанша, халыққа осылай тегін таратып берсе, ризашылыққа ие болар еді. Иман жинайды, бағы ашылады", – деді жергілікті журналистерге сұхбат беріп, ауыл кәсіпкеріне жомарттығы үшін алғысын білдірген тұрғындардың бірі Әли Дикмен.
Бірақ көбісі босқа шірітуге ұйғарады. Сарапшылар көкөністердің, жеміс-жидектің рәсуалануын "өте өзекті әрі қапаландыратын оқиға" деп бағалады. Бұл жайт әлемдегі басыартық өндіріс дағдарысынан және ауыл шаруашылығындағы қордаланған күрделі проблемалардан хабар береді.
Көптеген елде фермерлер астығының нарықтан сұраныс таба алмаған, ретейлерлерге өтпей қалған бөлігін қоқысқа лақтырады, жояды. Тегін таратпайды: тұтынушыларға ақысыз үлестірсе, олар сұранысын тегін қанағаттандырып, нарыққа, сөрелерге жеткен өнімді де сатып алмай қояды деп қорқады. Ал, арзанға сатып жіберсе, нарықтағы онсыз да арзан бағаны тіпті күйретіп аламын деп қауіптенеді.
Сондай-ақ, диқандар өз астығын жоюға оны қоймада сақтау және қалаға тасымалдау шығынына батпау үшін барады. Қалалықтарға тегін үлестіру үшін өнімді қалаға жеткізу керек.
Жеке шаруашылық өкілі Нұрлыбек Оспанқұл артық өндіріс дағдарысының туындауына бірнеше фактор себепкер екенін ескертті: ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші егін еккенде нарықтағы жағдайды назарға алмайды, шектен тыс көп өнім алады және оны өткізетін нарықты таппайды, өткізетін орнын алдын ала сайлап, келіссөз жүргізбейді.
Оның үстіне елде ірі супер-гипермаркеттер аз шоғыр субъектілердің қолында шоғырландырылып, монополияланды. Олардың өнімді қабылдау шарты қатайтылды. Салдарынан, кейінгі жылдары Қазақстанда көкөніс пен жеміс-жидек өндірісі негізінен азаюда.
Мысалы, 2023 жылы Қазақстанда 4,3 млн тонна көкөніс жиналса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,8 млн тонна ғана болған.
Соның ішінде картоп өндірісі 2023 жылғы 3,8 миллион тоннадан 2025 жылы 2,9 миллион тоннаға дейін, пияз – 1,128 млн тоннадан 1,05 млн тоннаға дейін төмендеп кеткен. Яғни, Қазақстанда артық өндіріс жоқ, керісінше, тапшылық байқалады.
Өзге елдерде жағдай басқаша. Кейде фермерлер көбірек субсидия алу үшін де көбірек егеді немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек өндіреді. Демеуқаржыны алған соң шыққан астықты жинаудың да қажеті болмай қалуы мүмкін.
Dairy global.net дерегінше, өзге елдердегі сияқты АҚШ пен Канадада да сүтті жеткізу тізбегінде ақаулар туындап тұрады. Сүт фермалары бүгін сауған сүтін бүгін өткізуге міндетті. Егер сатып алушылар биржада арзанырақ жеткізушіні тапса, тұрақты өнім берушіден бас тартуы мүмкін.
Салдарынан, ақпарат құралдары Онтариодағы фермерлердің 10 мың литрден аса көлемдегі сүтін жерге төккенін хабарлады. Оларды осылай жасауға Dairy Farmers of Ontario (DFO) ұйымы мәжбүрлеген екен. Канадалық 4 мыңнан астам сүт фермаларын біріктіретін бұл ұйым сүт өндірушілерге квота бекітеді, деп мәлім етті CBC News.
Америкалық сүт кәсіпорындары да нарықтың бұл өніммен шектен тыс молығуы мәселесіне тап болды. Жас ұрпақ сүт ішуді азайтқан. Кондитерлер, басқа өндірушілер құрғақ сүтті көбірек пайдалана бастады. Жұпар иісі аңқыған балғын фермерлік сүтті тұтыну нарығы шектелуде.
Висконсин штатында да сатып алушы таппаған фермерлер сауылған өнімін төгуге мәжбүрленіпті. Мұндай оқиғалар әсіресе, мектептер, қоғамдық тамақтандыру орындары жаппай жабылған коронавирус кезінде ушыққан көрінеді.
Трамптың мигранттарға қарсы "соғысы" Флоридада мексикалық және өзге жұмысшылардың күрт азаюына, салдарынан қарбыз бен жидектердің бір бөлігінің дер кезінде жиналмай, егіс алқабында шіруіне соқтырған.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) аға экономисі Абдолрез Аббассиан тарифтік соғыстар, қарулы жанжалдар, эпидемия, көші-қонды шектеу және басқа кесапаттар кесірінен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу тізбектерінің бұзылуының салдарлары әсіресе, кедей елдер үшін ауыр болатынын ескертті.