Диқандардың қабағында кірбің бар

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
14008

Оңтүстікте биыл көктемнің кеш шығуы, диқандарды біраз нәпақадан қаққалы отыр.

Диқандардың қабағында кірбің бар

Оңтүстік Қазақстанның диқандары әлден-ақ  банкротқа ұшырап жатыр. Оған себеп аз емес. Біріншіден, жазы ыстық келетін бұл өңірде бақша өнімдері ұзақ сақталмайды. Пісе салысымен алымсақ тауып сатып жібермесеңіз, қыруар шығынға ұрынуыңыз әбден мүмкін. Тіпті егістік алқапқа жұмсалған шығынды өтей алмау қалуыңыз да ғажап емес. Ебін тапқандар ерте көктемде қырыққабат пен қауын-қарбыздың алғашқы легін тиімді бағаға Ресейге саудалап үлгерді. Ал егістігіндегі бақша дақылдары енді піскен шаруалар бағаның тым төмендігіне налуда.

"Қауын-қарбызымыз жылдағыдан кеш пісті. Нақтырақ айтсақ, 15-20 күнге кешіктік. Енді сатып алушылар жоқ, өнімдерімізді базарға апарайын десек, онда да алушылар аз, кіріп-шыққаның бар, орынға төлейтінің бар, жалпы шығын көлемі ұлғайып кетеді. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Көрші шаруалар көлік жалдап, Алматыға апарып, сонда саудалайық деп отыр", – дейді сарыағаштық диқан Захардин Пирматов.

Захардин Пирматов биыл өзіне тиесілі 2 гектар егістік жеріне қауын-қарбыз егіпті. Жылда ерте пісіп, ерте саудалап үйренген ол биыл көктемнің кеш шыққанына қынжылып отыр. Оның үсітіне, көктемде жауын-шашын мол түсіп,  диқанды әбден әбігерге салған.  

"Ауа-райы қараспаса, өте қиын. Оңтүстік диқандары сырт көзге пайдаға көміліп жатқандай көрінеді. Алайда жұрт екі-үш күн кешіксе, есіл еңбек далаға кететінін ескермейді. Сондықтан облысымыздан шаруалардың ауыл шаруашылығы өнімдерін дер кезінде сатып алатын кооператив құруды ойластырған жөн", – дейді Мақтаарал ауданының бұрынғы әкімі, ауыл шаруашылығының маманы Жаманбай Бейсенбаев.

Маман "Егер облыстан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын мемлекеттік және жекеменшік бірлескен  кооператив құрылса, оңтүстік диқандарының ала жаздайғы еңбектерінің еш кетпеуіне және өндірген өнімін дер кезінде тиімді бағаға сатып, пайда табуына септігін тигізетін еді", – деп есептейді.

Менің ұсынысым – Оңтүстік Қазақстан облысынан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын мемлекеттік және жекеменшік бірлескен  кооперативін құру. Аталған кооператив өңірімізде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерін шаруалардан  сатып алып, сақтап, қайта сатумен және қайта өңдеумен айналысатын болады.  Бұл біріншіден,  диқандарға тиімді болар еді. Екіншіден, облысымыздағы азық-түлік тапшылығын алдын алады. Үшіншіден, еліміздің барлық аймақтарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен атап айтсақ, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдарымен күзге дейін үзіліссіз қамтамасыз ете аламыз", – дейді маман.

Бүгінде шаруалардың бәрі кооперативтерге бірігіп, мемлекеттен жеңілдік қаржы алуға ұмтылып жатыр. Соның салдарынан облыста саны бар, сапасы жоқ кооперативтер көбейіп кеткен. Құжат жүзінде ғана тіркеліп, ортақ жұмыс істеуге жұмылып жатқандары аз. Десек те, облыстық әкімдіктің берген мәліметі бойынша құрылған кооперативтердің саны 476-ға жетіп отыр.

"Үш шаруа қожалығы бірігіп, тіркеліп, құжат алып, кооператив атану қиын емес. Шаруалар бұл мәселенің арғы жағына үңіліп отырған жоқ. Негізгі талап бойынша әрбір құрылған кооперативтің құрамында кем дегенде 30-ға жуық шаруашылық болуға тиіс. Одан бөлек, өз қорасы, техникасы, егістік жері секілді тағы да басқа қажеттіліктері болуы керек. Сонда ғана мемлекеттік жәрдемқаржылар мен жеңілдіктер берілетін болады", – дейді "Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорының" өңірлік үйлестірушісі Қанатбек Оспанбеков.

Бар ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап келе жатқан Қанатбек Оспанбеков аудан, қала басшылары кооперативтердің санын көбейтпес бұрын негізгі талаптарды елеп-ескерсе деп отыр. Сонда ғана шынайы көрсеткіштерге қол жеткізуге болатын еді. Ал, дәл осы қарқынмен санға жұмыс істеп, сапаға мән берілмесе, еліміздегі кооператив құру ісі едәуір кешеуілдеп кетуі ғажап емес.

Ақжол Қараспан

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться