Диқандардың қамбасындағы көп астық шіріп кетуі мүмкін

112

Таяу Шығыстағы қақтығыстардың салқыны Қазақстанның да нарығына соққы бола бастады.

Диқандардың қамбасындағы көп астық шіріп кетуі мүмкін Фото: ЖИ

Парсы шығанағында жағдай реттеле бастағандай көрінген, алайда Израильдің Ливанға жасаған соққыларынан кейін дау қайта өршіді. Бұндай жағдайда отырған Иран енді Қазақстаннан бидай сатып алуын тоқтатып тастауы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Негізі еліміздің парсыларға экспорттаған бидайының көлемі жыл сайын артып келе жатқан еді. Мысалы, сонау 2023 жылы 86 мың тонна бидай жөнелтілсе, 2024 жылы 1,1 млн тоннадан асты, ал былтыр 1 млн тонна шегінде болды.

Экспорттың азаюы туралы болжамды мынадан аңғарсақ та болады: биыл алғашқы 3 айда Иранға бар болғаны 31 мың тонна бидай экспортталған. Әдетте бұл кездері 50-70 мың тонна межеде тұратын. Аймақтағы әскери жанжал Қазақстанның бидай экспортын біршама уақыт тежейтіндей. Еліміз ақпанның аяғы мен наурыздың басында Иранға астық жөнелтуде екі аптаға жуық үзіліс жасауға мәжбүр болды. Кейін "Ақ Бидай терминалы" арқылы аздап жеткізді. Сарапшылар да бұл болжамды жоққа шығармайды.

"Әскери қимылдар барлық келісімшарттар үшін тікелей форс-мажорға айналды. Бүгінде жеткізілімнің бәрі тоқтады. Қалыптасқан ахуалға байланысты бұл бағыттағы экспорт көлемі тек төмендей беретін түрі бар", – деді "Қазақстанның астық одағы" талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов.

Былтыр екі тарап 2 млн тонна бидай, 1 млн тонна арпа, жалпы көлемі 3 млн тоннаға дейін астық өнімдерін жеткізу туралы сөйлескені есте. Ал енді Иран мен Израиль, АҚШ арасындағы соғыс әзір тоқтамайтын түрі бар.

"Оның үстіне Талибан үкіметі "Талибан және Орталық Азия" жиынын өткізіп, экспорт, импорт мәселесін қарады. Енді Ауғанстанға арпа, бидай, күрішті көбірек сату да қауіпті. Себебі Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс та ушығып тұр. Сондықтан бұл соғыс жақын арада тоқтамаса, экономикалық тұрғыдан зардабын тигізбей қоймайды", – қаржы сарапшысы, экономист Бексұлтан Ысқақов.

Ендігі амал – жаңа нарық іздеу. Бірақ оның қатпар-қатпар мәселесі аз емес. Үкімет 27,1 млн тонна астықтың жарьтысынан астамын сатып, қалғанын ішкі нарыққа жаратуды жоспарлаған. Әйтеуір көңілге медет болары, басқа бағыттарда жетістік бар.

Мысалы, Өзбекстанға экспорт – 14%, Қырғызстанға – 1,8 есе (194 мың тоннадан 354 мың тоннаға), Ауғанстанға – 24% (1,1 млн тоннадан 1,3 млн тоннаға), Түрікменстанға 1,5 есе (94 мың тоннадан 145 мың тоннаға) артқан.

Еуропа нарығын бетке алайын десек, батыстықтар Durum және Hi-Pro сұрыпты жоғары сапалы бидайды ғана алады. Ал Қытай ішкі сұранысының тым қатты болғанына қарамастан, Қазақстаннан алатын үлесті 2 млн тоннаның айналасынан асырмай отыр.

"Бір немесе бірнеше нарыққа тәуелді болу – үлкен стратегиялық қателік. Сондықтан қазіргі ахуал бізден жедел әрі жүйелі шешімдерді талап етеді. Ең алдымен, астық экспортында нарықтарды әртараптандыру мәселесіне басымдық беру қажет. Қытай бағыты – үлкен мүмкіндік. Бірақ бұл нарыққа шығу үшін өнім сапасы, фитосанитарлық талаптар және келісімшарттық тәртіп халықаралық стандарттарға толық сай болғаны жөн. Яғни, мәселе тек нарық табу емес, сол нарыққа тиімді жеткізу тізбегін қалыптастыруда", – деп түсіндірді экономист Бексұлтан Ысқақов.

Сарапшының ойынша, осы жағдайлар тек сынақ емес, жаңа мүмкіндіктер жолы. Егер Қазақстан экспорт географиясын кеңейтіп, логистиканы дамытып, өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіре алса, қазынаны молайтуға болады.

Сондықтан мәселені тек сыртқы факторлардан іздеу аздық етеді. Өнімнің рекордты көрсеткішін емес, сапасын да зер салғанның пайдасы молырақ болатынын уақыт көрсетіп отыр. Әйтпесе қамбадағы көп астық зая кетуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу