Диқандардың жоспары аяқ асты өзгеріп жатыр

143

Жыл да көктем келе сала Қазақстанның әр түкпіріндегі шаруалар жаңа қарбаласқа, яғни, егінге кіріседі. 

Диқандардың жоспары аяқ асты өзгеріп жатыр Фото: canva

Биыл бұл жұмыстарға қатысты жоспарлар, бөлінетін қаржы пысықталып жатыр. Бірақ кей өнімдерге қатысты жылдағыдан төмен болуы мүмкін.

Жалпы, үкімет биыл дәл былтырғыдай егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға 1 трлн теңге жұмсамақ. Оның 300 млрд теңгесі техникаларға бағытталған. Дегенмен биыл егін алқабы көбейіп, 23,8 млн гектарға жеткізілмек. Өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға көп.

Жауаптылар осы жылы майлы дақылдарды – 55 мың гектарға, азықтық дақылдарды – 242 мың гектарға, арпаны 94 мың гектарға ұлғайтпақ. Жүгері алқабы 265 мың гектарға өспек. Әйтсе де бидай алқабы 125 мың гектарға азайып, 12,1 млн гектармен шектеледі. Сондықтан кейінгі жылдары рекордтық көрсеткіштерге жетіп келген бидайдың өнімі күзде сәл аздау болатын секілді.

Осыдан 6-7 жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология министрлігімен бірге күрішті егуді азайту бастамасын қолға алғаны есте. Себепсіз емес, бұл өнім көбіне онсыз да құрғақшылықпен алысып жатқан Сыр өңірінде шығады, жаз бойы суда тұруы керек. Биыл күріш алқабы 20 мың гектарға азайып, 80 мың гектар болмақ. Шамасы, жауаптылар су тапшылығы тағы да қайталанғалы тұрғанын сезсе керек.

Әзірге елде 2,3 млн тонна тұқым әзірленген. Оның 1,6 миллионы сараптамадан өткізіліп қойған, яғни, түгелі дерлік егінге жарамды. Қалған 700 мың тоннасы сәуірдің орта шегіне дейін тексерілмек. Ал тыңайтқыштың жайы тағы бір бөлек. Жауаптылар ақпаннан бастап апта сайын мониторинг жүргізіп отырғандарын ғана мәлімдеген.

– Егін науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізу үшін 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін түпкілікті құны орта есеппен литріне 281 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15%-ға төмен. Қазір жанармай құю станцияларындағы орташа баға литріне 330 теңге. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 139 мың трактор, шамамен 5,6 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешендері, 70 мың сепкіш, 141 мың топырақ өңдеу құралдары бар, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Былтыр мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шаруалар шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ға жетті. Дегенмен, саладағы бүкіл техниканың 70 пайызы тозған саналады, яғни, 15 жылдан көп уақыт қызмет етіп келе жатқандар. 2020-2021 жылдары бұл көрсеткіш 85-90 пайызға жетіп, шошындырғаны бар. Әйтеуір кейінгі жылдары ілгерілеушілік бары қуантады.

Айтпақшы, су тапшылығының зардабын Қызылорда облысының диқандары ғана емес, оңтүстіктегі шаруалар да тарта бастады. Онда күрішпен қоса, мақта егу көлемі де азайтылып жатыр.

– Биыл Түркістан облысында күріш алқабын азайтып, орнына жүгері егу қарастырылады. Соған сай 150 мың тоннаға дейін 25 түрлі өнім шығаратын "Шардара жүгері" зауытына 19 млрд теңге инвестиция жасалып, құрылысы бітті. Егер 30-35 мың гектар жерге жүгері егілсе, 240-250 мың тонна өнім алуға болады. Өзбекстаннан шілде айында мақтаға қажетті су ала алмаймыз. Өйткені ар жағындағы Қырғызстан, Тәжікстанға да су керек. Өздері де егінге сол уақыттарда көп су алып жатады. Кейінгі 7-8 жылда нарықта мақта саудасы азайды, шаруалар шығынға батты. Сол себепті басқа өнімге ойысу керек болып тұр, – Қазақстан фермерлер қауымдастығының Түркістан облысы бойынша төрағасы Тұрғанбек Оспанов.

Осылайша, су тапшылығының әсерінен кей өңірлердің егін жоспары өзгеріп жатыр. Бұл іс сәтті жүзеге аса ма, жоқ па – ол жағын болжау қиын. Дегенмен жоспардың жақсы екенін жасырмаған абзал. Қазір Түркістанда жүгері өсіріп, терең өңдеймін деген шаруаларға әр тоннасына 30 мың теңге субсидия беріліп жатқанға ұқсайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу