Дизайнерлер додасы

24301

Ұлттық киім мен әшекейдің жаңа брендін қалыптастырады.

Дизайнерлер додасы

"Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры" отандық дизайнерлер арасында жариялаған "Аltyn Оimaq" республикалық байқауын насихаттауды жалғастырып жатыр.

Қор директоры Адиля Түгелдің мәлімдеуінше, байқауға қолынан іс келетін қыз-келіншектер шығармашылық жұмысын ұсына алады.

"Байқау ұлттық үлгідегі киімдер мен әшекейлер топтамасын қалыптастыру арқылы еліміздің жеңіл өнеркәсібіне серпін беруді мақсат тұтады. Үміткерлер ұлттық үлгідегі іскерлік, спорттық сонымен қатар үйде киетін киімдердің  үздік дизайнын әзірлеп, ұсынуға тиіс. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде www.fundwomen.kz сайты арқылы өтінім қабылданып, арнайы құрылған комиссия отырысында лауреаттар іріктеледі. Екінші кезеңде үміткерлер қоғамдық онлайн-дауыс беруге қатысады. Үшінші кезеңде марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Жеңіске жеткен 6 дизайнер құрметке ие болады", – деді "Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры" ҚҚ директоры.

Адиля Түгелдің дерегінше, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жатқан адамдардың 90%-ын әйел адамдар құрайды.

"Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау басым бағыт болып бекітілді. Бұл қыз-келіншектерге беріліп отырған үлкен мүмкіндік", – деді ол.

Айта кетейік, биыл отандық өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында 7-8 маусым аралығында елорда да салалық форум өтеді. Онда жеңіл өнеркәсіп саласындағы маңызды мәселелер ой елегінен өткізіліп, түрлі түйткілдердің түйіні тарқатылады.

""Аltyn Оimaq" байқауы "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан ісмерлерді анықтап қана қоймай, олардың кәсібін алға жылжытуға ықпал етеді. Жас дизайнерлерді танытып, оларға инвестор, бизнес-әріптес тауып береді", – деп қорытты сөзін Адиля Түгел.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу