Дохада су спортынан World Aquatics әлем чемпионаты басталды

721

Катар астанасы Дохада су спортынан 21-ші World Aquatics әлем чемпионаты басталды. 

Дохада су спортынан World Aquatics әлем чемпионаты басталды Фото: Қазақстан Республикасы су спорты түрлері федерациясы

Әлем чемпионаты Париж-2024 Олимпиада ойындарына іріктеу үшін ұйымдастырылып отыр және мұнда 2-18 ақпан аралығында барлық "су" олимпиадалық дисциплиналары бойынша лицензиялар ойнатылады. 

Дохаға 201 елдің және бір босқындар командасының атынан 2600-ден астам спортшы су спортының 6 түрі: жүзу, су добы, көркем жүзу, ашық суда жүзу, суға секіру және хай-дайвинг бойынша 75 медаль үшін күреседі. Басты назар жүзу спортына берілген – 42 медаль жиынтығы, суға секіру кезінде 13 марапат жиынтығы, көркем жүзуде – 11, ашық суда жүзуде – 5, хайдайвинг пен су полосынан – 2 медаль жиынтығы ойнатылады.

Таяу Шығыс тұңғыш рет World Aquatics жылдың басты спорттық іс-шарасын өз жерінде өткізіп жатыр. Жарыс үш спорт нысанында өтеді. Спортшылар "Хамад", "Ескі порт" акваорталығы, сондай-ақ заманауи "Aspire Dome" – әлемдегі су спортының ең үлкен кешенінде өнер көрсетеді.

Қазақстан абыройын 5 спорт түрінен: жүзу, көркем жүзу, ашық суда жүзу, суға секіру мен су полосынан 58 спортшы қорғайды.

Дохада біздің командалар жаңартылған құрамда өнер көрсетеді, олардың көпшілігі жас спортшылар. Алғаш рет, ұзақ үзілістен кейін әлемдік біріншілікке отандық суға секіру командасы қатысады, оның құрамы толығымен жас спортшылардан тұрады.

"58 адам – өте үлкен команда, Дохада бізде дамымай жатқан хайдайвингтен басқа барлық спорт түрлерінде барынша өкілдік етеміз. Спортшыларға біз үлкен үміт артамыз – ең жақсы нәтижені көрсетіп, міндетті түрде олимпиадалық лицензияларды жеңіп алуымыз керек. Барлық балаларымызға сәттілік пен табысты өнер көрсетулерін тілеймін!", – деп Су спорты федерациясының президенті Андрей Крюков спортшыларға тілек білдірді.

"Жүзуден Қазақстан командасы қазір Түркияда, әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Жүзу турнирі 11-18 ақпан аралығында өтеді. Дохадағы команданың басты мақсаты – Париж-2024 Олимпиадасына ең көп лицензия алу. Мен біздің құраманың барлық спортшыларына сәттілік тілеймін және әдеттегідей жанкүйерлеріміз бен барлық спорт әуесқойларының қолдауын күтеміз!", – деп атап өтті Олимпиада чемпионы және жүзуден құрама команданың жаттықтырушы-кеңесшісі Дмитрий Баландин.

Медальдар үшін күресті бірінші болып көркем жүзу спортшылары бастады. Қазақстандықтар бес дисциплина бойынша өнер көрсетті.

"Әйелдер техникалық солосы" бағдарламасында Магрупова Карина 12-орынға ие болды, "Ерлер техникалық солосы" дисциплинасында Ким Эдуард 5-орынмен финалға шықты. Техникалық бағдарламада Эдуард Ким мен Болатова Наргизаның құрамындағы микс дуэті 4-орынға ие болып, чемпионат финалына жолдама алды, "Әйелдер техникалық дуэті" бағдарламасында Арина Пушкина мен Ясмин Тұяқова 13-орынға ие болды, акробатикалық бағдарламада отандық топ та 13-орынға жайғасты.

Чемпионаттың екінші күні әйелдер арасында 10 шақырымға марафонындық жүзу өтті, оған 71 жүзуші қатысты. Қазақстандық спортшылар Мария Федотова мен Диана Тасжанова 57 және 58 орындарды иеленді.

Әйелдер ватерпол командасы бүгін дебюттік матчта Бразилия құрамасын жеңді. Қарқынды күресте матчтың негізгі уақыты 10-10 ұпаймен тең аяқталды, матчтан кейінгі пенальти сериясында біздің қыздар қарсыластарына қарағанда дәлірек болды және матчты 16-15 есебімен жеңіспен аяқтады.  

World Aquatics Халықаралық су спорты федерациясы (бұрын FINA деген атпен белгілі, 2022 жылдың желтоқсанында өз атауын өзгертті) – барлық су спорттары: жүзу, суға секіру, көркем жүзу, су полосы, ашық суда жүзу, хайдайвинг үшін жалғыз әрі эксклюзивті әлемдік басқару органы. World Aquatics мүшелері – 209 ұлттық федерация. World Aquatics – олимпиада бағдарламасындағы ең үлкен федерация. Олимпиада ойындарындағы әрбір бесінші спортшы осы су спортынан бақ сынайды. Су спортшылары олимпиадада 49 медаль жиынтығы үшін күреседі.

Су спорты федерациясы – қоғамдық ұйым, Қазақстан аумағында Дүниежүзілік World Aquatics Федерациясының мүдделерін қорғайды және сонымен бірге World Aquatics-те Қазақстан атынан мүшелік етеді. Федерация Президенті – Андрей Крюков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу