Доллар бағамы 500 теңгеге жете ме?

4648

Экономист Айдархан Құсайынов пікірімен бөлісті. 

Доллар бағамы 500 теңгеге жете ме?

Facebook-тегі жеке парақшасына жазба қалдырған экономист Айдархан Құсайынов доллар бағамы 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, теңге "жасанды" қолдауды есепке алғанның өзінде асыра бағаланып отыр. Бұл ретте экономист Ұлттық банктің қаржы-несие саясаты инфляцияға жол ашып отыр деп есептейді. Ол бұл пікірін 2019 жылдан бері айтып келеді.

А. Құсайынов атап өткендей, қазір валюта бағамы әкімшілік әдістермен реттеледі. Мұның екі жолы бар. Біріншісі, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді сату. Екіншісі, квазимемлекеттік сектор компанияларының 50 пайыз көлеміндегі валюталық түсімін сатуға міндеттеу. Соңғысы 2020 жылдың наурыз айында төтенше жағдай кезінде уақытша шара ретінде енгізген.

"Бұл тиімді тетік емес. Қазақстан бұдан 2000 жылдардың басында-ақ бас тартқан. Ресей мұнымен 2006 жылы "қоштасты". Тіпті көрші ел 2014-2015 жылдардағы күрделі дағдарыс кезінде де мұны енгізген жоқ. Өзбекстан бұл тетіктің күшін 2017 жылдың қыркүйегінде жойды. Беларусь мемлекеті 2018 жылы, Украина 2019 жылы бас тартты", деп нақтылады экономист.

Естеріңізде болса, өткен жылдың наурыз айында Президент тапсырмасына сәйкес, ұлттық валютаның айырбас бағамын тұрақтандыру мақсатында ел Үкіметі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін ішкі валюта нарығында сату туралы шешім қабылдаған болатын. "Аталған шешім жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50 пайыздан асатын экспорттаушы кәсіпорындарға, оның ішінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына қолданылады және төтенше жағдай кезеңінде қолданыста болады", деп хабарлаған еді Ұлттық банк.

Осылайша, Үкімет және Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс пен ұсынысқа мониторинг жүргізу мақсатында үйлестірілген жұмысын жалғастырды. Қаржылық реттеуші қабылданатын шаралар айырбастау бағамын тұрақтандыруға, валюта ұсынысын қамтамасыз етуге, негізсіз құбылмалылықты болдырмауға бағытталатынын және іргелі үрдісті қалыптастыруға кедергі келтірмейтінін хабарлады.

Алайда Айдархан Құсайынов квазимемлекеттік сектор компанияларының 50 пайыз көлеміндегі валюталық түсімін сатуға міндеттеу Ұлттық банктің валюталық интервенцияларымен бірдей екенін жеткізді. Яғни екеуі де бірдей дүние. Бағамды тұрақтандыру мақсатында нарыққа сату үшін валюта "лақтырылады". Осылайша, сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік реттеледі. Мұны тікелей Ұлттық банктің интервенцияларымен, сондай-ақ түсімнің бір бөлігін сатуға міндетті ұлттық компаниялардың ақшасымен жасауға болады.

"Өкінішке қарай, уақытша делінген шара тұрақты сипат алып барады. Бұл тұрғыдан алғанда біз 20 жыл бұрғынғы жағдайға қайтып оралдық. Валюталық реттеудің нарықтық жағдайы Өзбекстанға, Беларуське, Ресейге, Украинаға қарағанда нашар. Айтпақшы, ресми түрде бізде еркін айналым, нарықтық бағам және инфляциялық таргеттеу режимі бар. Инфляция нәтижелері қазірдің өзінде айқындалды. Енді нарықтық бағамның нәтижесі қандай болатынын көрейік", дейді А. Құсайынов.

Экономист аталған тетіксіз ресми есептердің әрі кірмейтінін еске салды. Әйтпесе, доллар бағамы қазір 10-15 пайызға жоғары болуы керек. Яғни бір доллар үшін шамамен 470 теңге.

Сондай-ақ экономист Ұлттық қордан бөлінетін трансферт жыл өткен сайын төмендеп келе жатқанын айтты. 2020 жылы 4,8 трлн теңге қарастырылса, биылғы жылдың үлесіне 4,45 трлн теңге тиген. Ал 2022 жылға 1,95 трлн теңге жоспарланып отыр. Яғни қазіргі көрсеткіштен екі есе төмен.

"Мемлекеттік сектордың валютаны сату түріндегі "жасырын" араласуын сақтаған күннің өзінде 2022 жылы валюта ұсынысы айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар ол экономиканың қалпына келуіне және Ресейден импорттың тиімділігіне байланысты валютаға деген сұраныстың өсуі аясында төмендейді. Яғни валюта ұсынысы бәрібір 10 пайызға кемиді. Ал бағам бәрібір 470-480 теңге деңгейіне жетеді", деді ол.

Оның пікірінше, трансфертті ұлғайту тығырықтан шығар жол емес. Өйткені ақша импортты сатып алу үшін валюта нарығына қайта оралады. Ал жоғары инфляциялық күтулер кезінде трансфертті арттыру және инфляция спиралын жылжыту өте күмәнді бастама.

"Егер валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуды және Ұлттық қордан берілетін трансфертті қысқартса немесе алып тастаса доллар бағамы 500 теңгеден асып кетеді. Бәлкім, кейінірек сәл-пәл жақсаруы мүмкін. Бірақ бәрібір бағам сол дәлізде қалады. Мұндай жағдай әлдеқашан қалыптасып, дамыған. Біз соның түйінделер тұсына келдік. Инфляцияға қатысты жағдай да осы секілді. Бұл күтпеген жағдай емес. Бұл соңғы үш жылдағы ақша-несие саясатының салдары", деді Айдархан Құсайынов.

Айтпақшы, соңғы айларда мұнай бағасы күтпеген жерден өсті. Бірақ бұдан өзгерген ештеңе жоқ. Экономистің пікірінше, өзгермейді де.

"Теңге мұнайдың есебінен нығайып жатқан жоқ. Ұлттық валютаның бағамы әне-міне құлдырауы керек еді. Мұнай бағасының кенеттен қымбаттауы жағдайды жақсартты. Бұл жағдай жыл соңына дейін жалғасуы мүмкін", дейді ол.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу