Доллардың толқуы мен мұнайдың тұрақтылығы теңгеге қалай әсер етпек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3093

Таразының бір басында АҚШ долларының базалық мөлшерлемесінің көтерілуі, екінші жағында әлем елдерінің Трамп саясатына қарсы шығуынан доллардың сәл арзандауы тұр. Бұған ОПЕК төңірегіндегі интригаларды қосыңыз. 

Доллардың толқуы мен мұнайдың тұрақтылығы теңгеге қалай әсер етпек

Өткен аптадағы АҚШ-тан келіп жеткен жаңалықтар мен мұнай бағасындағы аздаған өзгерістер дамушы мемлекеттердің қаржы-валюта саясатына айтарлықтай әсер етті. Сонымен қатар, АҚШ-Қытайдың сауда соғысы да доллардың өзіндік құнына ықпал етпей қоймады.

Қазақ теңгесінің осы уақыт аралығында 0,7%-ға нығайып, бір АҚШ доллары 322,7 теңгеден 320,34 теңге деңгейін арзандаған еді. Ал осы апта басы доллар бағамы 319 теңгені маңайлады.

Теңгенің нығая түскеніне ең алдымен мұнайдың қымбаттауы түрткі болды. Бірнеше сағатқа ғана 70 доллардан асып кеткені болмаса, қара алтын құны қазір 69 доллардың үстінде сатылып жатыр. Бұл өткен аптадағы көрсеткіштен 2-3 долларға қымбат. Бағаның қымбаттауына ОПЕК ішіндегі интригалар әсер еткен болуы мүмкін деушілер де бар. Өйткені, естеріңізде болса, өткен апта Сауд Арабиясы мен Ресейдің энергетика министрлігі өкілдері мұнай өндірісі көлемін шектеу туралы келісімді алдағы уақытта тағы талқылайтынын айтқан еді.

Сарапшылар өткен апта АҚШ-тың Федералды Резерв Жүйесінің доллардың базалық мөлшерлемесін 0,25% көтергенде бұл ең алдымен дамушы елдер экономикасына соққы болып тиетінін болжаған еді. Өйткені, тиісінше доллар қымбаттай түсу керек болған. Дегенмен, Трамп әкімшілігінің экономикалық саясаты долларды дереу орнына қойды. Трамптың Қытайдан келетін импортқа жаңа тарифтер енгізу туралы президенттік меморандумға қол қоюы АҚШ долларының аздап әлсіреуіне әкеп соқты.

Сонымен, дамушы елдердің валюталарына әсер етуші факторлар арасында таразының бір басында АҚШ долларының базалық мөлшерлемесінің көтерілуі болса, екінші жағында әлем елдерінің Трамп саясатына қарсы шыға отырып, доллардың сәл арзандауы тұр. Мұның сыртында мұнай экспорттаушы елдер үшін ОПЕК айналасындағы сыбыстарды қосыңыз. Нәтижесінде, қазіргі таңда шикізат экспорттаушы елдер үшін жағдай анау айтқандай күрделі болмағанымен, өзге дамушы елдер үшін, әсіресе, Латын Америка мемлекеттерінің ұлттық валюталарының халі мүшкілдей түскен.

ҚР Ұлттық банкінің хабарлауынша, дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдары былайша қалыптасқан. Атап айтар болсақ, түрік лирасы Дональд Трамп бастама жасаған сауда соғысының ықтимал салдарына қатысты инвесторлардың қобалжуы аясында 1,5%-ға (3,92-ден 3,98-ге дейін) әлсіресе, Бразилия реалы Бразилия Орталық банкінің икемді  ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыру жөніндегі күтулерінің аясында 0,9%-ға (3,28-ден 3,31-ге дейін) төмендеген. Ал Индонезия рупиясы 0,2%-ға (13 751-ден 13 782-ге дейін) құлдырап, үнді рупиясы апта бойы бір АҚШ доллары үшін 64,94 – 65,01 деңгейдегі шекте айтарлықтай өзгеріссіз қалған. Өз кезегінде Ресей рублі Ресей Орталық банкінің базалық мөлшерлемені 0,25%-ға төмендету туралы шешіміне қарамастан, 0,4%-ға (57,52-ден 57,30-ға дейін) нығайған. Мексика песосы Еркін сауда туралы Солтүстік Атлант келісімін қайта қарау жөніндегі келіссөздерді ілгерілетуге қатысты ресми адамдар түсініктемелерінің аясында 0,9%-ға (18,69-дан 18,53-ке дейін) көтерілсе, Оңтүстік Африка ранды Moody’s кредит агенттігінің елдің тәуелсіз рейтингін ағымдағы Ваа3-дан жағымсыз тұрақтыға қайта қарау аясында 1,9%-ға (11,98-ден 11,75-ке дейін) нығайыпты.

Жалпы, Трамптың жаһандануға қарсы, отандық бизнесті қолдауға протекционистік саясатын сарапшылар жаңа экономикалық дағдарыстың басы деп болжап отыр. Оның үстіне кей мемлекеттердің долларға ресми түрде байкот жариялағалы жатқаны өткен апта хабарланған еді. Жаңа экономикалық дағдарыстың долларды әлсірететіні туралы сөздің болғанымен, Трамп саясаты мен ФРЖ-ның өткен жылдан бастап доллардың базалық мөлшерлемесін жылына үш мәртеден көтеруге деген ниеті бірінші кезекте дамушы елдер экономикасы үшін соққы болуы мүмкін. Ал мұның бәрі Қытай экономикасынан бастау алуы ықтимал. Дей тұрғанмен, 2018 жылы мұнайдың орташа бағасы 60 доллар болады деп былтыр болжанғанымен, іс жүзінде бұл көрсеткіш кемінде 65 доллардың үстінде болатыны қазірден байқалуда. Қазақ валютасы үшін ең алдымен мұнайдың қымбат болғаны керек екені белгілі.

Екіншіден, Ұлттық банктің ай сайынғы жарияланымындағы инфляциялық күтулер, басқаша айтқанда теңге құнының алған бағыты оң өзгерістерді байқатып отыр. Сонымен, бас банктің соңғы жарияланымы бойынша, қазіргі таңда инфляциялық күтулер 6,6 пайыздан 6 пайыға төмендеген.

Бірер апта бұрын базалық мөлшерлеменің төмендеуі өз кезегінде ішкі нарықтағы қаржы-валюта саясатына қол болып тұр. Ресей орталық банкінің де рубльдің базалық пайызын азайтқанын ескерсек, дамушы елдердің шикізаттық дағдарыстан кейінгі жаңа валюталық саясатты қабылдағанға ұқсайды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу