Долларға деген сұраныс екі есе өсті

3969

Тамыздағы валютаға деген сұраныстың артуы – кейінге қалдырылған сұраныс пен девальвация болады деген алып-қашпа әңгіменің салдары, деп есептейді  ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі.

Долларға деген сұраныс екі есе өсті

Ұлттық банктің есебіне сүйенер болсақ, тамыз айының қорытындысы бойынша, халықтың ақша айырбастау пунктеріндегі шетелдік валютаны нетто-сатып алуы 313,6 млрд теңге болған. Осы соманың 93%-ы (291,6 млрд теңге немесе 876  млн доллар) доллар сатып алуға жұмсалған деп көрсетілген реттеуші статистикасында.

Тамыз айында қолма-қол доллар сатып алуға деген бөлшектік сұраныс алдыңғы аймен салыстырғанда 2,1 есе өскен. Сұраныстың өсуі, әсіресе, шекаралас аудандар – Солтүстік Қазақстан, (3,3 есе), Қостанай, (3,2 есе), Шығыс Қазақстан (3,1 есе) және Жамбыл облыстарында  (2,9 есе) байқалды. Алматы (екі есе немесе 151,7 млн доллардан 305,1 млн долларға дейін) және Астана (2,8 есе немесе 56,2 млн доллардан 87,4 млн долларға дейін) қалаларында сұраныстың ақшалай көрсеткіші 45%-ға ұлғайған.  

Рубль мен еуро сатып алуға деген теңгелік эквиваленттегі шығын  89% және 3%-ға төмендеген деп көрсетті Ұлттық банктің баспасөз қызметі. Ведомство валютаға деген сұраныстың өсуіне халықтың жекелеген шығындарын (шетелде демалу, ақаша аудару, жинақтарын әртараптандыру) төлеуі, сондай-ақ импорттық тауар сату саласымен байланысты ШОБ-тың  қажеттілігі себеп болды деп көрсетті.

"Тамызда қолма-қол шетел валютасын сатып алу көлемінің өсуіне бұған дейін Ұлттық банк негізсіз деп көрсеткен девальвациялық болжамдардың  артуы да әсер етті",– делінген таратылған баспасөз баянында.

Еске сала кетсек, тамыз айында теңгенің долларға қатысты бағамы 2,4%-ға дейін әлсіреп, 334,7 теңге болған еді. 25 шілде күні Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 50 доллар болды, ал қыркүйектің соңында жаңа көрсеткіш бір баррель үшін 60 долларға дейінгі бағаға жуықтады.

Тамыздағы валютаға деген сұраныстың артуы – кейінге қалдырылған сұраныс пен девальвация болады деген алып-қашпа әңгіменің салдары деп түсіндірді ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов.

Оның айтуынша, валютаға деген қалыпты, экономикалық және объективті түрде негізделген сұраныс орташа жылдық есептеуде айына 350-450 млн долларды құрайды. Сонымен бірге бұл көрсеткіш жыл мезгіліне қарай өзгеріп тұрады, мысалы күзде ол бір айда 450-500 млн долларға дейін көтеріледі деп отыр Айдархан Құсайынов.

"Осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы халықтың валютаға деген таза сұранысы айына 200 млн доллар шамасында болды, ал қалғаны "сақтап қойылған валюта" есебінен өсіп отырды. Енді "сақтап қойған қордағы" валюта бітіп, валютаға деген сұраныс реттеледі. Бұған қосымша маусымдық фактор мен ел арасында ешқандай негізсіз девальвация болады деп айтылып жүрген әңгіме отқа май құя түседі", – деп түсіндірді ол.  

Бұл фактілер ҚР Ұлттық банк төрағасы кеңесшісінің айтқандарын тек нақтылайды. Реттеушінің мәліметі бойынша, 2017 қаңтар-маусым айларында халықтың айырбас пунктер арқылы долларды нетто-сатып алуының орташа айлық көрсеткіші 225,7 млн доллар болған болса, маусым-тамыз айында орташа айлық сатып алу көрсеткіші 2,4 есе немесе 310 млн доллардан 536,1 млн долларға өскен.  

Егер статистикалық ұқсас көрсеткішке ретроспективті қарайтын болсақ, статистикалық заңдылық 2013 жылдан бастау алғанын көреміз. Бұл тек 2015 жылдың мәліметінде ғана көрініс таппаған. Мысалы 2013 жылы валютаны нетто-сатып алу жазда бір айдың өзінде 1,8 есе немесе 585 млн доллардан 1,35 млрд долларға өскен. 2014 жылы 35%-ға немесе 280 млн доллардан 1,08 млрд долларға дейін артқан.

Ал 2015 жылы  8%-ға немесе 55,4 млн доллардан 652 млн долларға дейін түскен. Алайда 2016 жылы халықтың долларды сатып алу тренді тағы өскені байқалды. Егер өткен жылдың қаңтар-мамыр айларында доллардың таза сатылымы айына 146,8 млн доллар болса, жаз уақытында доллар сатып алу тренді бір айда 236,2 млн доллар болған.

Банктердегі корпоративтік және бөлшектік валюталық депозиттер 2017 жылдың басындағы 5,06 трлн және 4,85 трлн теңгеден осы жылдың қыркүйегінде  4,32 трлн және 4,56 трлн теңгеге дейін түскен. Ал теңге арқылы салынған салымдар керісінше өскен.

Бұл салыстырмалы мәнде валютаға деген сұраныс Қазақстанның шекарасын бойлай орналасқан өңірлерде қатты өскені көрсетілген, бұл шекара маңындағы сауданың динамикасын көрсетеді, бірақ негізгі өсу Астана мен Алматы қалаларында байқалады. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметі бойынша, қаңтар-шілде айларында елдің 6,57 млрд доллар импортының 46%-дан астамы осы қалаларға тиесілі болған. Бұл көрсеткіштен Астанаға 2,2 млрд доллардың, ал Алматыға 823 млн доллардың тауары имортталғанын көреміз. 

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу