Долларға тәуелділіктен құтылуға әрекеттенуде

4616

Еуропа одағы халықаралық энергетикалық саудада еуроның рөлін арттыру жолдарын қарастырып жатыр.

Долларға тәуелділіктен құтылуға әрекеттенуде

Еуропа комиссиясы осы аймақтың энергетикалық компанияларымен еуроның рөлін халықаралық мұнай-газ саудасында арттыру мәселесін талқылауға кірісті. Сондағы мақсат – энергетикалық шикізатты тек еуропалық валютаға сатып алу немесе сату және ғаламдық транзакцияларда долларға тәуелділіктен құтылу. Алғашқы талқылауға OMV, Eni, Engie тәрізді ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

Еуропалықтарды доллардың үстемдігі ғана емес, халықаралық саудада саяси проблемалардың көбеюі, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені қайта-қайта көтеріп, Америка ақшасын еуроның қасында да күшейтуі алаңдатады.

"Еуропа одағы – әлемнің ең ірі энергия импорттаушысы. Өткен бес жылда ол 300 миллиард еуроның мұнайы мен табиғи газын сатып алған. Соның шикізат ақысының 85 пайызы АҚШ долларымен төленді", – деп жазылған осы айдың ортасында Еуропа комиссиясы таратқан мәлімдемеде.

Еуропа одағы Иранмен іскерлік байланыстарын сақтап қалуға ниетті. Және де Брюссель қызу талқыланып жатқан "Солтүстік ағын-2" газ құбырының (Ресейден Германияға Балтық теңізі арқылы тартылып жатыр – авт.) құрылысын жалғастырғысы келеді. Бұл екі жоба да Еуропа одағын Вашингтонмен араздастырып қойды. Кейбір еуропалық шенеуніктердің пікірінше, Еуропа одағы энергетикалық саудада долларлық транзакциялардан бас тартатын болса, өзіне төнетін саяси қауіптерді жеңілдетер еді. 

ЕО-ның қаржы мамандарының ойынша, еуро мұнай-газ саудасында толыққанды төлем құралына айналатын болса, әлемнің ең ірі резервтік валютасы ретіндегі беделі арта түсуі ықтимал. Биыл Ұлыбритания Еуропа одағынан шығып, Лондон Сити ЕО-ның маңызды қаржы орталығы деген мәртебесінен айрылады. Сондықтан, бүгінде Еуропада ортақ ақшаның ықпалын халықаралық аренада күшейту өзекті мәселеге айналып отыр. Сонымен қатар, Біріккен Корольдік аймақтық интеграциялық блокпен кететін болса, оның ақшасы – фунт стерлинг те дүниежүзілік масштабтағы негізгі резервтік актив рөліне қайта оралуға тырысуы мүмкін.

Еуропалық комиссия өкілдерінің мәлімдеуінше, еуро АҚШ долларына балама ретінде кеңінен қолданылуы керек. Және де бұл өзгерістер барысында еуроға негізделген транзакциялардың тиімді-тиімсіздігіне басымдық берілмей, ортақ валютаның рөлін күшейтуге ерекше назар аударылуға тиіс.

Еуропалық компаниялардың айтуынша, 2014 жылы Америка Құрама Штаттары француздың  BNP Paribas банкіне Иран мен Судан мұнайын саудалау операциясындағы рөлі үшін 9 миллиард доллар айыппұл салған. Сондықтан, Еуропаның көптеген энергетикалық компаниялары бұндай жағдайға душар болудан қауіптеніп, одақ басшыларынан осы мәселенің шешімін табуды талап етіп отыр.

Еуропалық шенеуніктердің тағы бір мәлімдемесіне қарағанда, олар аймақтың энергетикалық нарығын толық интеграцияланған жүйе ретінде күшейтуге тырысуда. Бұған қоса, Брюссель одақ мүшелерін энергетикалық келісімдер жасарда, ЕО-ның барлық нормалары мен ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Ал, жоғарыда аталған комиссияның ойынша, мұндай шаралар Еуропа энергетикалық нарығының бәсекеге қабілеттілігі мен қауіпсіздігін нығайта түседі.

Еуропа одағының еуроның рөлін арттыруға талпынысы әлемнің өзге елдерінің халықаралық саудадағы осыған ұқсас әрекеттерімен тұспа-тұс келді. Мәселен, Қытай да дүниежүзілік сауда-саттықта доллардан алшақтауға күш салуда. Сондай-ақ Бейжің АҚШ-пен арадағы сауда соғысына байланысты кейінгі айларда ЕО-мен арадағы сауда көлемін арттыруға тырысып келеді.

Дегенмен, Қытайдың юаньды ғаламдық резервтік валюта ретінде ілгерілету шаралары шектеулі ғана нәтиже берген. Өйткені, бұл ақша Халықаралық валюта қорының заимдау жөніндегі арнайы құқығының 10 пайызына ғана ие. Ал, еуроны резервтік валюта ретінде қолдану деңгейі 2008-2009 жылдары әлемді шарпыған қаржылық дағдарыстан бері шамамен 20 пайызға дейін төмендеп кетіпті. Оны қайта күшейту үшін Брюссель еуроны мұнай саудасында көбірек есеп айырысу құралына айналдыруға мүдделі.  

Бірақ, кейбір сарапшылар бұл әрекеттердің нәтижелі болатынына аса сенбейді.

"Ақшаның рөлін арттыру үшін жарнама мен ілгерілету шаралары  аздық етеді: ол үшін реформа мен тұрақтылық және инвесторлардың сенімі де қажет", – дейді "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында еуропалық банктердің бірінің атын атамаған өкілі.

Еуропа орталық банкі еуроаймақта түбегейлі реформа жүргізіп, валюталық одақтың икемділігін арттыруға көптен бері үндеп келеді. Ал, Франция мен Германия бірлескен валюталық блок аясында фискальдық одақ құруға шақырады.

Ресей қаржы министрлігі болса, жақында мәлімдеме жасап, еуропалық сауда серіктестерімен және энергетикалық ресурс импорттаушылармен саудада еуроға көшу мүмкіндіктерін қарастыратынын айтты. Франция қаржы министрі Бруно Ле Мэр де АҚШ-тың санкцияларына төтеп беру үшін халықаралық саудада еуроны күшейту шараларын қолға алуды ұсынды.

Еуро – маңыздылығы жағынан әлемнің екінші халықаралық валютасы. Оның банкноттары мен монеталарын еуроаймақтағы 19 мемлекетте 340 миллионға жуық адам қолданып жүрсе, дүниежүзінің 60 елі еуроны қолданып қана қоймай, оны өз ақшаларына байлап отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу