Дональд Трамп Атлант немесе Тынық мұхитын өз атымен атауды ұсынды

331

АҚШ Президенті Дональд Трамп Атлант немесе Тынық мұхиттарының бірінің атауын өзгертіп, өз есімін беруге болатынын айтты. 

Дональд Трамп Атлант немесе Тынық мұхитын өз атымен атауды ұсынды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ол бұл туралы Теннесси штатындағы Кларксвилл қаласында өткен жиында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты The Washington Post басылымына сілтеме жасап.

Трамп бұған дейін Мексика шығанағы мен Онтарио көлінің атауын өзгерту бастамаларын көтергенін еске салды. Енді ол өзен мен мұхиттың атауын өзгерту туралы да ой қозғады.

"Бізде шығанақ бар. Әдемі көл де бар. Енді біреу өзен де керек деді. Бізге өзен керек. Мұхит та керек", – деді АҚШ президенті.

Ол Атлант немесе Тынық мұхитының бірін "Trump Ocean" ("Трамп мұхиты") немесе "Ocean of the Americas" ("Америка мұхиты") деп атауды ұсынды. Бұл сөздерін Трамп әзіл аралас жеткізген. Жиналған жұрт оның мәлімдемесіне күлкімен және қол шапалақтаумен жауап берді.

Трамп 2025 жылы Мексика шығанағын "Америка шығанағы" деп атауды ұсынған еді. Бұл бастама Мексикамен дипломатиялық келіспеушілікке себеп болып, жаңа атауды қолданудан бас тартқан Associated Press ақпарат агенттігімен де дау туғызды.

Ал 2026 жылғы тамызда президент Нью-Йорк штаты мен Канаданың арасында орналасқан Онтарио көлінің атауын "Америка көлі" деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам АҚШ пен Канада арасындағы сауда және кедендік баждарға қатысты келіспеушіліктер кезінде жасалды.

Жиында Трамп Гудзон өзенінің атауын өзгертпейтінін айтты. Нью-Йорк штаты арқылы ағатын өзен зерттеуші Генри Гудзонның есімімен аталған. Президент оның өзенді зерттеудегі еңбегін атап өтті.

Сондай-ақ, Трамп Миссисипи өзенінің атауын да өзгертпейтінін мәлімдеді. Ол Теннесси штатына деген ықыласын сайлауда осы штатта айқын басымдықпен жеңіске жетуімен байланыстырды.

Бұған қоса, өткен айда Трамп Нью-Мексико штатының атауын "Жаңа Америка" деп өзгертуді ұсынған болатын. Алайда мұндай өзгеріс үшін штат билігі мен Конгрестің қатысуы қажет болуы мүмкін. Кейін президент бұл мәселені Нью-Мексико тұрғындарының өздері шешуі керектігін айтты.

"Мен бұл бастаманы күштеп таңбаймын. Бірақ оны қолдайтындар көп", – деді Трамп штаттағы республикалық конгрессмендікке үміткерді қолдауға арналған бейнежазбасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу