Дональд Трамп Давос жиынында: Еуропа дұрыс бағытта дамып жатқан жоқ

163

АҚШ Президенті Дональд Трамп Air Force One ұшағының техникалық ақауға байланысты кері бұрылуы мүмкін деген болжамдарға қарамастан, Давосқа уақытында жетіп, форумда сөз сөйледі, деп хабарлайды BBC басылымы.

Дональд Трамп Давос жиынында: Еуропа дұрыс бағытта дамып жатқан жоқ Фото: fr.de

Президент сөзін алдыңғы әкімшілікті сынға алудан бастады.

Оның айтуынша, демократтар АҚШ-ты экономикалық тұрғыдан да, халықаралық аренада да едәуір әлсіреткен. Алайда Трамп пен оның командасы бұл жағдайды түзете алғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Трамп Еуропа құрлығының даму бағыты қате екенін атап өтті:

"Мен Еуропаны жақсы көремін, оның гүлденгенін қалаймын. Бірақ ол дұрыс бағытта дамып жатқан жоқ", – деді ол.

Президент қазіргі күйіндегі Еуропаны "мойындамайтынын" айтып, бақылаусыз жаппай көші-қон, бюджет пен сауда балансының тапшылығы, сондай-ақ еуропалық көшбасшылардың әрекетсіздігін сынға алды.

Гренландия мәселесіне қатысты Трамп АҚШ қажетті нәтижеге жету үшін күш қолдануға ниетті емес екенін, алайда аралды сатып алу жөнінде дереу келіссөз жүргізуді талап ететінін жеткізді.

Ол Гренландияны ұлттық қауіпсіздік үшін өмірлік маңызы бар аумақ деп атап, бұл территорияны қорғау мен дамытуға тек АҚШ қана қауқарлы екенін айтты. Сонымен бірге, америкалық әскери қатысудың күшеюі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Сондай-ақ, Трамп Венесуэла алдағы 6 айда соңғы 20 жылдағыдан да көп табыс табуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Президент сөзінде АҚШ-тың саудасы мен экономикасына да назар аударды. Ол соңғы 1 жылда елдің ай сайынғы сауда тапшылығы инфляциясыз 77 пайызға қысқарғанын айтты.

Оның айтуынша, АҚШ-та жаңа болат зауыттары салынып жатыр, сонымен қатар жалпы сауда көлемінің 40 пайызын қамтитын жаңа сауда келісімдері жасалған, оның ішінде Еуропа, Жапония және Оңтүстік Кореямен, әсіресе мұнай-газ саласындағы келісімдер бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу