АҚШ Президенті Дональд Трамптың жоспарларына сәйкес, ірі мұнай компаниялары Венесуэлаға кемінде 100 миллиард доллар инвестиция салады.
Оның мәлімдеуінше, Американың сыртқы басқаруына көшірілген Венесуэланың мұнай кен орындарын игеруге қатысты барлық келіссөздерді Каракас емес, тек Вашингтон жүргізетін болады.
Тағы да Трампқа сенсек, елдегі қара алтын қорын игеріп, өндіріп, сатудан түскен түсімдер мен алым-салықтарды АҚШ Венесуэланың дамуына, әлеуметтік инфрақұрылымдар салуға, жалақы, әлеуметтік жәрдемақылар төлеуге және басқа жобаларға жұмсауға ниетті. Шынында солай бола ма, әлде мұнай валютасының тасқыны негізінен миллиардер Трамп пен оның миллиардер серіктестерінің қалтасына құйылып, құмға сіңген судай жоқ бола ма, уақыт көрсетеді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ көшбасшысы Ақ үйде 20 ірі энергетикалық компанияның басшыларымен оңаша кездесіп, Венесуэланың қара алтын кен орындарын ханталапайға тастады. Ресми мәлімет бойынша жүздесуде бұл мемлекеттің мұнай өнеркәсібін қалпына келтіру мәселесін талқылапты.
Келіссөздер алдында Трамп өзінің Truth Social әлеужелісінде Венесуэланың мұнай секторына кемінде 100 миллиард доллар инвестиция тартатынын жариялады. Бұл іске АҚШ бюджетінен қаражат бөлінбейді. Инвестицияларды жеке компаниялар құяды деп күтілуде.
"Венесуэланың мұнай нарығына қол жеткізу туралы келіссөздерді тек АҚШ Үкіметі ғана жүргізеді! Сіз тек бізбен тікелей келіссөздер жүргізесіз, сіз Венесуэламен мүлдем ешқандай келіссөздер жүргізбейсіз! Біз сіздің Венесуэламен қандай да бір келіссөздер жүргізгеніңізді қаламаймыз", – деп қайта-қайта нықтады Трамп компаниялар басшыларымен кездесуінде.
АҚШ Президенті сөзін аяқтай салысымен жиналған инвесторлар Wall Street-тегі Нью-Йорк қор биржасының брокерлері сияқты өз өтініштерін тықпалап, өз ұсыныстарын айғайлап, шулап қоя беруге тиістей еді. Алайда CNN мәліметінше, біразы үнсіз қалған. Ірі компаниялар Венесуэланың мұнай нарығына ақшасын салудан қауіптенеді.
AFP агенттігінің дерегінше, Америка лидерімен бұл мәселені талқылауға Ақ үйге сайдың тасындай іріктелген, "сен тұр, мен атайын" дейтін кілең жаһандық алпауыттар шақырылған. Арасында Chevron, Exxon, Conoco Phillips, Continental, Halliburton, HKN, Valero, Marathon, Shell, Trafigura, Vitol Americas, Repsol, Eni, Aspect Holdings, Tallgrass, Raisa Energy және Hilcorp басшылары бар. Ешқайсысы қаржыдан кенде емес. Олардың ұсыныс-тілектерін тез жинап, Венесуэланың нарығын шабуылдайтын инвесторлардың пулын түзіп кеп жіберуі үшін Трамп жиынға АҚШ энергетика министрі Крис Райтты алғызды.
Алайда Deutsche Welle министрдің алдында ұзынсонар кезек болмағанын, жалғыз Chevron ғана жоба-жоспарларымен бөліскенін жеткізді. Мұндағы гәп сол, америкалық "Шеврон" – тіпті Мадуро тұсында елде жұмыс істеуге лицензия алған жалғыз жекеменшік мұнай өндіруші болып табылады.
"Chevron директорлар кеңесінің вице-төрағасы Марк Нельсон Ақ үйдегі келіссөздер барысында компанияның бұл мемлекеттің мұнай секторына инвестиция салуға онсыз да міндеттеме алғанын мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ірі мұнай компаниялары шығыны көп, саяси тұрақтылығы жоқ болғандықтан, Венесуэлаға ұзақ мерзімді инвестиция салудан әлі де тартыншақтап отыр", – деп мәлім етті DW.
Компания өкілі "Chevron"-ның алдағы жылда өндірісті 50%-ға арттыруға дайын екенін мәлімдеді. ConocoPhillips жетекшісі абайлап қызығушылық танытты, мұнысы түсінікті. Компания бұған дейін венесуэлалық PDVSA ұлттық компаниясына тиесілі болған Citgo мұнай өңдеу зауытын қанжығалағысы келеді.
Ал, ExxonMobil бас директоры Даррен Вудс "қазіргі күйде Венесуэла инвестиция үшін тартымды еместігін" батыл жариялады. Трамптың қаржылық, заңгерлік және әскери кепілдіктер беретіні туралы уәдесіне күмән келтірген Вудс Венесуэладағы ExxonMobil-дің активтері екі рет тәркіленгенде Ақ үй көмекке келе алмағанын еске салды. Соның кесірінен компания 12 миллиард доллар шығынға ұшырапты.
Венесуэланың билеушісі Николас Мадуроны түн ішінде тұтқындап әкеткен соң АҚШ Президенті Дональд Трамп бұдан былай осы елді іс жүзінде Вашингтон басқаратынын мәлімдеді. Алайда Венесуэланың Жоғарғы соты Америкада сотталып жатқан Мадуроны президенттіктен аластатудан бас тартты. Тек Мемлекет басшысының уақытша міндетін атқарушы ретінде вице-президент Делси Родригесті тағайындады.
Елдің жаңа басшысы Родригес ханым Трамптың қолын қақты, меселін қайтарды және оның вассалы болудан бас тартты. Делси Родригес мемлекеттің жаңа лидері ретінде АҚШ-қа "егемендік пен теңдікті сақтауға және елдің ішкі ісіне араласпауға құрылған күн тәртібі негізіндегі ынтымақтастықты" ғана ұсынды.
Бірақ бұл Американың көшбасшысын тоқтатпайтынға ұқсайды. Дональд Трамп 6 қаңтарда Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа 50 миллион баррельге дейінгі көлемде мұнайды (нарықтық құны шамамен 2,8 миллиард доллар) тапсыратынын жариялап жіберді. Каракас бұл ақпаратты әзірге растамады. Ақ үй басшысы "Венесуэла мен Америка халқының игілігі үшін пайдаланылуын кепілдендіру" үшін осы мұнайдың саудасын "жеке бақылауында ұстауға" уәде берді.
Осы мақсатта АҚШ Венесуэладан санкциялардың бір бөлігін алып тастау мәселесін қарастырады. Сондай-ақ Энергетика министрі Крис Райт Американың Венесуэлаға қарсы әскери-теңіз блокадасын алып тастау жоспарланып отырғанын, бірақ оны мұнай экспортына бақылау орнатумен алмастыратындарын мәлімдеді.
Министрдің түсіндіруінше, мұнайды сату табыстары Вашингтонның өзі бақылайтын шоттарға түседі. Содан кейін мұнай түсімдері Венесуэла экономикасын қалпына келтіруге жұмсалады. АҚШ алдымен венесуэлалық қоймаларда сақтаулы мұнайды өткізеді. Кейіндері – "белгісіз мерзімнен соң" өндірілетін мұнайды сата бастайды.
Яғни, қоймалардағы мұнай таусылғанша, компаниялар қара алтын өндіруге кірісіп кетулері керек. Алайда Венесуэланың билік тізгіні Вашингтонның қолында екеніне түпкілікті сене қоймаған инвесторлардың өндірісті бастауға жүрегі дауаламай отыр.
Reuters тіпті бұрын өндіріліп, дайын тұрған венесуэлалық мұнайды экспорттауға дайындалып жатқан компаниялар да проблемаға тап болғанына назар аудартты. Өйткені бұл елдің шикізатын сатып алуға қарсы америкалық санкциялар әлі күшінде. Сондықтан санкциялар жойылғанша оны сатып алудан өзге елдер аяқ тартып отыр.
Мысалы, сұп-сұйық қазақ мұнайынан айырмашылығы сол, венесуэлалық қара алтын тым қою, сол себепті оны әзер ағатын кәдімгі балмен теңейді. 1999 жылы Венесуэланың билік басына диктатор Уго Чавес келіп, кен орындарын национализациялап, шетелдік инвесторларды шетінен қуып шыққанға дейін америкалық компаниялар бұл ауыр қоймалжыңды АҚШ-қа тасып, сонда өңдеп, тауарға айналдыратын.
Бертінде бұл елге "Шеврон" қайта орала алды. Оның үлесі шағын, соған қарамастан Құрама Штаттарда венесуэлалық мұнайды өңдейтін бірқатар инфрақұрылым сақталған. Тиісінше, өңдеу үшін Каракас 50 миллион баррельге дейін мұнайын АҚШ-қа тасымалдауға тиіс.
"Америкаға Венесуэла мұнайын экспорттауды қайта жандандыруға мүдделі мұнай компаниялары шұғыл келіссөздер жүргізуде. Оның қорытындысында танкерлермен тасымалдау ұйымдастырылуға тиіс. Алайда алғашқы ревизия Венесуэланың теңіз портарының нашар күйде екенін, лайықты күтіп ұсталмағанын әшкереледі. Демек, қауіпсіз тиеп-жөнелтуді жолға қою үшін алдымен порттарды қалпына келтіруге шығындалуға тура келеді. Бұл туралы Reuters жағдаймен таныс төрт дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады", – деп жазды The Insider.
Агенттіктің мәліметінше, Chevron, Vitol және Trafigura сияқты сауда үйлері мен мұнай компаниялары Венесуэла мұнайын экспорттау бойынша АҚШ Үкіметімен контракт бекіту үшін өзара бәсекелесуде.
Trafigura алғашқы кемесіне келесі аптада мұнай тиеледі деп жоспарланғанын мәлімдеді. Бірақ Reuters-тің дереккөздері күрделі логистикалық қиындықтар туындағанын ескертті.
Ол қандай қиындық? АҚШ теңіз флотының блокадасы салдарынан соңғы айларда Венесуэла барлық өндірген мұнайын өзге елдерге жеткізе алмай, танкерлерде сақтауға мәжбүр болды. Бұдан бөлек, жағалаудағы резервуарларды да толығымен дерлік толтырыпты.
Бұл ретте мұнай сақтаулы тұрған кемелердің бәрі шетінен ескі, техникалық қызмет көрсетілмеген және санкцияларға іліккен. Жаңа, әрі халықаралық сақтандыруы бар, бүкіл құжаты толық өзге танкерлер санкция астындағы бұл кемелермен тікелей байланыса, тіпті жанаса алмайды. Яғни, тақап келіп, оларда сақтаулы тұрған қара алтынды өзіне қотаруына жол берілмейді.
Олай жасаса, тіпті америкалық рұқсат-лицензиясы болса да, сақтандыру компаниялары тарапынан айыппұл арқалайды, сақтандыруынан айырады. Өйткені бұрын бекітілген келісімдердің шарттары, сақтандыру талаптары сондай. Ол келісімдер қайта қаралуға тиіс, бұл біраз уақытты талап етеді.
Сарапшылардың бағалауынша, АҚШ барлық кедергілерді еңсерсе, онда жеткізу көлемін тәулігіне 500 000 баррельге жеткізе алады. Венесуэла санкциялар енгізілгенге дейін АҚШ-қа сонша ауқымда экспорттайтын.
Мұндай қарқынмен танкерлерде және қоймаларда жинақталған қорларды 90-120 күн ішінде тауысуға болар еді. Алайда бұл мақсаттарға жету жолында тағы бір кедергі бар, қазіргі кезде әлемде соның бәрін тасымалдауға жұмылдыру үшін көп танкерді табу қиын.
Сондай-ақ, елдің "Хосе" басты мұнай терминалындағы тиеу орындары бәрі үшін жетпейді. Ендеше Трамптың Венесуэла мұнайымен жаһандық нарықты қарық қылып, қара алтынның бағасын баррель-бөшкесі үшін 50 долларға дейін арзандатамын деуі – айтуға ғана оңай болып тұр. Орындауға келгенде көптеген кілтипандары туындап, әл-әзір адымын аштырмайтын түрі бар.