Осылайша, АҚШ президентінен созылмалы веналық жеткіліксіздік анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы аптада Трамптың балтыр тұсында жеңіл ісіну байқалған еді. Содан соң аяқ тамырларына екіжақты допплерографияны қоса алғанда, кешенді медициналық тексеруден өткені хабарламада айтылды.
– Созылмалы веналық жеткіліксіздік анықталды. Бұл – залалсыз және кең таралған жағдай. Әсіресе, 70 жастан асқан адамдар арасында жиі кездеседі, – деп нақтылады дәрігер.
Дәрігерлер Америка президентінен тромбоз, артериялық аурулар, жүрек жеткіліксіздігі немесе бүйрек қызметінің бұзылуы сияқты белгілер анықталмағанын жеткізді.
Сонымен қатар, жазбада Трамптың алақанының сыртқы жағындағы жеңіл көгерулердің себебі түсіндірілді. Бұл жұмсақ тіндердің тітіркенуімен және жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу үшін үнемі аспирин қабылдауымен байланыстырылған.