Допинг-тест тапсырмағандар додадан тыс қалады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2436

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті отандық спортшыларға осындай талап қойды.  

Допинг-тест тапсырмағандар додадан тыс қалады

Бұл туралы комитеттің кезектен тыс өткен бас ассамблеясында айтылды. ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев допинг мәселесіне айырықша назар аударылып отырғанын мәлімдеді.

"Біз олимпиадалық қозғалыстың допингке "нөлдік төзімділік" ұстанымын қолдаймыз. Мұны сөзбен ғана емес, нақты іспен дәлелдейтін боламыз. Спортшыларымыздың адал өнер көрсеткенін құптаймыз. Бұл – мемлекеттік мәселе. Біздің спортшылар келер жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада алдында Германияда допингке тест тапсыратын болады", – деді Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпиада комитетінің кезектен тыс өткен бас ассамблеясында.

Ол 2016 жылғы Олимпиада қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасындағы қиын жағдайларға да тоқталды.

"Рио Олимпиадасының алдында біздің спортшылардың бұған дейінгі Олимпия ойындарында жеңіп алған медальдарының кері қайтарылғаны баршаға аян. Осылайша Қазақстан Халықаралық Олимпиада комитетінің "қара тізіміне" енді. Өйткені біздің құраманың бұл жарысқа қатысу-қатыспауы екіталай еді. Ұлттық Олимпиада комитеті халықаралық ұйыммен келіссөз жүргізді. Сөйтіп спортшыларымыз арнайы допинг-тесттен өтті. Тест нәтижесі дұрыс болып, отандастарымыз Рио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды. 2018 жылы өтетін қысқы Олимпиада алдында тапсыратын допинг-тесттің нәтижесі де ойдағыдай болады деп сенемін", – деді Тимур Құлыбаев.

Құраманың алдағы қысқы Олимпиадаға деген дайындығы туралы баяндаған Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов спортшылар мен жаттықтырушыларға допингтің салдары жайында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. 

"Спортшылар шетелдік зертханаларда допинг-тест тапсырады. Оның нәтижесі қолға тимейінше, бірде-бір спортшы команда құрамына алынбайды", – деді Елсияр Қанағатов.

"Құраманың алдына қойылған міндет – спорттың 9 түрі бойынша 60 лицензия иелену. Қазіргі таңда қоржынымызда спорттың үш түрінен 23 лицензия бар. Атап айтқанда, биатлон, мәнерлеп сырғанау және шорт-тректен жолдама алдық. Лицензиялық жарыстар енді басталады. Олимпиадалық команданың нақты құрамы келер жылдың қаңтар айында жарияланады", – деді спорт комитетінің төрағасы.

Елсияр Қанағатов 2018 жылдың 9-25 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Пчёнчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиадада медаль алу мүмкіндігі жоғары спортшыларды атады. Бұл тізімде Жанбота Алдабергенова, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Алексей Полторанин, Денис Кузин, Роман Креч, Денис Тен және өзге де спортшылар бар.

Елсияр Қанағатов еліміздің белді спортшыларымен және жаттықтырушыларымен келісімшарт жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ шорт-трек, фристайл, мәнерлеп сырғанау, биатлон, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру секілді спорт түрлері бойынша 20 шетелдік бапкер-консультант шақырылған.

Сондай-ақ бұл күні еліміздің үздік спортшылары мен бапкерлері анықталды. Жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы анықталған үздіктерге ерекше сый-құрмет көрсетілді.

Жазғы спорт түрлері бойынша велоспортшы Алексей Луценко үздік деп танылды. Ал қысқы спорт түрлері бойынша фристайлшы Жанбота Алдабергенованың алдына түсер ешкім болмады. Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева "Үздік жас спортшы" аталымына лайық деп танылды. Мырзағали Айтжанов (бокс) пен Мәдіғали Қарсыбеков (шорт-трек) жылдың үздік бапкерлері атанды. Сонымен қатар "Астана" футбол клубы жылдың үздік командасына тағайындалған жүлдені иеленді.

Фархат Әміренов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу