Допты хоккейден әлем чемпионатында қазақтар сан соғып қалды

3199

Осындай нашар ойын көрсетеді деп кім ойлаған, жарайды, біздің жасөспірімдер Сыктывкардағы Әлем чемпионатында бәрінен ұтылып, соңғы орында қалды. Ал негізгі ұлттық құрама командамызға не болған?

Допты хоккейден әлем чемпионатында қазақтар сан соғып қалды

Швецияда допты хоккейден әлем біріншілігі өткені белгілі. 29 қаңтар мен 5 ақпан аралығында әлемнің ең үздік бендишілері Сандвикен қаласына жиналған болатын. Халықаралық бенди федерациясының (Federation of International Bandy, FIB) ұйымдастыруымен Беларусь, Қазақстан, Норвегия, Ресей, АҚШ, Финляндия, Швеция және Германия құрама командалары элиталы дивизионда өзара сайысқа түсіп, Әлем кубогын сарапқа салған еді.

Өкінішке қарай, ылғи да алдыңғы төрт мықтының арасында жүретін қазақтар бұл сында жақсы өнер көрсете алмай, 5-орында қалып қойды. Бұл жөнінде Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Никишов былай дейді: "Мен командама айып таға алмаймын, өз деңгейімізде өнер көрсеттік. Қазіргі таңда осы бенди спорты барлық елде қарқын алып келеді, тіпті Азия құрлығында да допты хоккейге қызығушы мемлекеттер көбейді. Ал Қазақстанда бұл спортқа бара бермейді, біздің басшылардың ойынша допты хоккей Олимпиада ойындарына енбегендіктен, аса қызығушылық жоқ көрінеді. Бірақ өзіңіз ойланып көрсеңіз, бенди-нағыз денсаулыққа пайдалы спорттың бірі, өйткені ашық айдын, далада ойнайтын командалық спорт. Бұрындары таутөбедегі сырғанақ "Медеу" мұз айдынында допты хоккейден Кеңес Одағының біріншілігі өтетін кезде халық стадионға көп жиналатын, әрі дем алып қайтатын. Осы ойынмен шұғылданатын балалар саны да көп болатын. Допты хоккейден еліміздің әр өңірінде спорт секциялары ашылса деген арманым бар, әрине қазір Алматы мен Оралда және кейбір солтүстік өңірде біре-саран бала айналысып жүр, бірақ ол аз. Бір Ресейдің өзін алып көріңіз, әр өңір, тіпті әр ауданда осы спорт мықты дамыған. Ресейліктер де осы спортты әлемдік тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда кешірілмейтін қателікке жол берді деп есептеймін. Неге десеңіз? Сочидегі Олимпиада ойындарында осы бендиді ұйымдастырушы ел ретінде көрсетіп, кіргізуі керек еді, сонда осы ойынға қызығушылық он есе артатын еді. Қазақстанда да Универсиадаға допты хоккейді енгізген жөн болар еді. Қалай десек те, бұл мәселені ретке келтіру ең алдымен шенеуніктердің қолында екендігі түсінікті, егер олар қызығушылық танытса, кез-келген спортты көтеруге болады деп есептеймін", – деп аздап ренішін білдірді бас бапкер Алексей Никишов.

Шынымен допты хоккей Кеңес Одағында қанатын кең жайып, қарқынды дамып келе жатқан болатын. Алматының "Динамосы" КСРО біріншілігінде азулы командалардың бірі саналатын. Кейін ақырындап құрдымға кетті. Алексей Никишов та кезінде 17 жасынан бастап 10 жыл бойы осы Алматының "Динамосында" ойнаған. Кейін бұл хоккей жоғала бастағанда Никишов Швецияның "Катриненхольм" клубымен келісім-шартқа отырып, көшіп кетті. Скандинавия елінде Алексей Владимирович 2001 жылға дейін тұрды. Бірақ Қазақстан азаматы болып қалды. Сол кездерде де Қазақстанмен тығыз байланыста болып, әлем біріншіліктерінде Қазақстан намысын қорғап жүрді. Қазір 51 жаста. "Ақжайық" командасының және ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметін қоса атқарып келеді.

Қазіргі таңда Алматыдағы балалар спорт мектептерінде бенди әлі де бар, дегенмен допты хоккейдің орталығы Орал қаласындағы "Ақжайық" хоккей клубы саналады. Қазақстанның намысын қорғап жүрген де осы "Ақжайық" командасы.

Еліміздің жалғыз командасы қазір Ресей біріншілігінің жоғарғы лигасында өнер көрсетіп жүр. 2-топта "Ақжайық" 2-орында келеді.

Ал енді Швецияда өткен Әлем біріншілігіне тоқталар болсақ, қазақтар алдымен Ресей құрамасынан 2:9 есебімен ұтылды. Бұдан соң айдын иелері Швеция да бізден басым болды (4:8). Үшінші орын үшін таласып жүрген қарсыласымыз Финляндия құрамасы да бізден айласын асырып кетті (3:5).

Плей-офф алдында біз Норвегиямен айдынға шыққан болатынбыз. Оңай ұтып плей-оффқа жолдама аламыз деген ойымыз да іске аспады. Масқара болғанда, норвегиялықтардан да ұтылып қалдық. Негізгі уақыт 4:4 болды, ал овертаймда норвегиялықтар гол соғып кетті. Сөйтіп ширек финалдан тыс қалған жайымыз бар.

Енді тек 5-6-орын үшін таласқа түсу қалды. Онда біз АҚШ құрамасымен бәсекеге түсіп, абырой болғанда америкалықтарды ірі есеппен ұттық (10:4). Сөйтіп 5-орын алып, элиталы дивизионда қалдық.

3-орын үшін таласқан Новегия мен Финляндия арасындағы матчта финдер айқын басымдықпен жеңімпаз атанды (11:1).

Ал бас жүлде айдын иелері Швеция құрамасына бұйырды. Финалда Ресеймен ойнап, таблодағы есеп, алдымен орыстардың пайдасына 1:3 есебін көрсетіп тұрды. Бірақ екінші кезеңде шведтер 3 гол соғып, 4:3 есебімен Ресей құрамасын жеңіп шықты. Былтыр Ресей чемпион болған еді. Ол кезде финалға күтпеген жерден финляндиялықтар шыққан болатын. Бұған дейін үнемі финалда орыстар мен шведтер кездесетін. Алайда финдер орыстардан 6:1 есебімен ұтылып екінші орын алды. Ал Швеция 3-орын үшін Қазақстанмен тартысқа түскен болатын. Өкінішке қарай, қазақтар жеңілді (0:4).

Міне, нәтиже осындай. Қазақстан бендишілерінің көрсеткіші біртіндеп төмен қарай сырғып барады. Әрине, бас бапкер Алексей Никишов айтпақшы: "Қазақстанда басқа елдердегідей ұлттық чемпионат жоқ. Тек жасөспірімдер арасында ғана, оның өзінде анда-санда бір, аймақтық жарыстар ғана өтіп тұратыны белгілі. Бірақ ондай жарыстар аздық етеді, балалар арасында бәсекелестік жоқ. Тәжірибе жинау үшін шетелге де шығарып тұру керек, тым болмағанда көршілес Ресейдің біздің елге жақын орналасқан аумақтарына барып тұрса. Алайда оған бөлініп жатқан қаржы да жоқ".

Естеріңізде болса, 2011 жылғы Азияда Алматы қаласында өткен еді. Сол кезде бендиден де жарыс өтті. Медеудегі бәсекелерге қаншама жұрт жиналды. Қазақстан, Моңғолия және Қырғызстан құрамалары бас жүлдені сарапқа салғанда, қазақтың жігіттері қандай керемет ойын көрсетті. Тіпті финалда моңғол командасын 16:2 есебімен тас талқан еткені есімізде. Қырғыздар қола жүлдегер атанды.

Сол кезде Азия мемлекеттерінің өкілдері осы допты хоккейге қатты таң қалып, қызыққан екен. "Тура футбол сияқты, бірақ хоккей таяғымен ойнайсың", – деп Қытай, Жапония, Корея, Тайланд, Үндістан сияқты мемлекеттердің ақпарат құралдары мен баспасөз беттері, қазақ жерінде өткен Азиядадағы ойындар жайлы ақпараттарды жарыса таратқан екен.

Тіпті Қытай елі осы бендиден былтыр ғана Ульяновск қаласында өткен Әлем біріншілігіне қатысып үлгерді. Жапондар да допты хоккейді қолға алып, биылғы біріншілікке өз ойыншыларын алып келген. Өздеріңіз байқағандай "орыс хоккейі" деген аты болмаса, бендимен айналысушы елдер саны жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен биылғы әлем біріншілігіне элиталы "А" дивизионына 8 команда: Ресей, Швеция, Қазақстан, Финляндия, Норвегия, Беларусь, АҚШ, Германия елдері және "B" тобында 10 команда: Венгрия, Жапония, Нидерланды, Моңғолия, Сомали, Қытай, Украина, Чехия, Эстония және Канада мемлекеттері қатысты.

Халықаралық бенди федерациясының ресми сайты Азия құрлығында бендидің болашағы бар деп жазыпты. Өйткені сары құрлықтан көптеген ел арнайы маман мен тәжірибелі бапкер қарастырып, келіссөз жүргізіп жатқандығы белгілі болған. Сонымен қатар Олимпиада ойындарына осы спорт түрін енгізу үшін жан-жақты келіссөз жүргізіліп жатыр. Бенди спорты жақсы дамыған мемлекеттер саны көбейген сайын, Олимпиадаға кіретін мүмкіндік те жоғарылай түсетіні белгілі.

Шығыс Африка мемлекеті Сомали де осы бендиге қызығушылық танытып, 2013 жылдан бастап ресми түрде Халықаралық бенди федерациясына қабылданған. Өздерінде мұз мәселесі қиындық туғызғанына қарамастан, олар шешімін тауып жаттығуды Швецияның Бурленг қаласында өткізіп жүр. Сол кезден бастап бұл мемлекеттің өкілдері үш әлем біріншілігіне қатысып үлгерген.

Осыдан-ақ жер бетінде допты хоккейдің үлкен белеске көтеріле бастағанын байқауға болады. Ендеше "қолда барда алтынның қадірі жоқ" демекші, мамандарымыз сол африка-азия мемлекеттеріне шақырту алып кетпей тұрғанда, сәл де болса осы бендиге көңіл бөліп, мемлекетіміз титтей де болса көмегін тигізіп тұрса, одан ұтпасақ, еш ұтылмайтынымыз анық.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу