Досай Кенжетай: "Зайырлылық" ұғымының атеизмге еш қатысы жоқ

5137

Адамның діни сенім-нанымына ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ. 

Досай Кенжетай: "Зайырлылық" ұғымының атеизмге еш қатысы жоқ

Өркениетті қоғамда адамның сөз бостандығы, діни сенім-наным еркіндігіне ешкім де шектеу қоймайды. Әйтсе де, Қазақстан әуел бастан діни мемлекет емес, зайырлы қоғам, яғни дін мемлекеттен бөлінген. Бұл – кім де кімнің діни сеніміне шектеу қойылмайды, бірақ мемлекеттік басқару, білім беру секілді стратегиялық маңызды салаларға діннің араласуына жол берілмейді деген сөз. Мұның барлығын неге тәптіштеп айтып отырмыз, дәл қазір қазақ қоғамындағы білім беру мекемелерінде білімгерлердің діни киіммен жүруіне қатысты мәселе  қызу талқыланып жатқаны рас. Осыған орай, ресми орындар мектептегі бірыңғай форманың қандай болатынын жұртшылықтың есіне тағы бір рет сала кетуді құп көріпті. Таяуда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында Білім және ғылым, Әділет, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктерінің өкілдері елдің орта мектептерінде діни атрибуттарды, яғни киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмейтінін, бұған дейін де рұқсат берілмегенін ескертті. Осыған қатысты anctv.kz порталы белгілі дінтанушы-ғалым, профессор Досай Кенжетайдың пікірін сұраған еді.

– Діни наным-сенім өте нәзік дүние екені даусыз. Сондықтан мұнда заңға арқа сүйеген жөн шығар. Елдің "Білім туралы" заңының 3-бабында білім беру зайырлы сипатта жүретіні айтылады. Сондай-ақ, "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға сәйкес, білім беру мен тәрбие жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болатыны көрсетілген. Заңға сәйкес, елдегі мектептерде діни атрибуттарды, яғни киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмейді. Бірақ, соған қарамастан, Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары білім беру мекемелерінде оқушылардың діни киімдерді киіп келуі жиілеген. Дінтанушы маман ретінде сіздің осыған деген көзқарасаңыз қалай?

– Рас, біз зайырлы елміз. Мектеп те – мемлекеттік мекеме. Дін және мемлекет қатынастары ұстанымдары тұрғысынан мектептің білім беру мазмұны ешқандай діни танымдық бағдарларға құрылмайды. Бұл мемлекеттің Конституциясында айқын көрініс тапқан.

Дін және діни бірлестіктер мен танымдық орталықтар бұл тұрғыдан мемлекеттік ұстанымдарға араласа алмайды. Ал енді мектепте тек қана білім беру мазмұны ғана емес, сыртқы формалар да зайырлылық талаптарын негізге алады. Соның ең басты өлшемі – ол киім үлгісі.

Жалпы мектеп жасындағы, яғни балиғат жасына жетпеген қыз балаға діни киім немесе шарт, парыздарды тықпалау діни тұрғыдан да құпталмайды. Ақыл-сана толыспай, діни парыздарды міндеттеу, бұл – детерминизм.

Исламда зорлық жоқ. Кез-келген адам ақылы толысып, яғни теологиялық тілмен айтқанда, баладағы "сенім мен иман" арасындағы тұтастану сатысы, ол адамның жасы мен ақылының толығуына, демек тәжірибеге қатысты табиғи хәл. Кейбір ата-ана осы табиғи хәлді есепке алмай, өз зорлықтарын, талаптарын баласына жүктегісі келеді. Оны да Алла алдындағы парызы деп біледі.

Бір жағынан ата-ана өз баласынан өзі қорқатын, үрейленетін жағдайлар көп. Мектеп жасында жүкті болып қалып, баласы жыныстық қатынасқа машығып үлгерген кездер аз емес. Демек, ата-ана мектептің педагогикалық-тәрбиелік рөліне сенуден қалып барады. Содан барып, діни танымдық шаблондармен қыз-баланы бақылауға алғанды оңай көреді.

Мәселенің екі жағы бар. Орта жол, әрине, зайырлылық ұстаным қызметтерін ғылыми танымдық, аксиологиялық және этно-педагогикалық шеңберде қайта түсіндіруде жатыр. Қазір оның үстіне қоғамда діни танымды өлшем ретінде танитын ата-ана саны артып отыр. Бірақ оларға да сапа керек.

Ол сапа діни және конституциялық талаптардың қайсысы қоғамға, қайсысы адамның тікелей өзіне қатысты екені арасында айыру санасы жетпей жатыр. Бұған салафиттік танымдағы орталықтардың да ықпалы бар. Мемлекеттік жүйеге, Конституцияға наразылығы да бар. Барлығы қосылып мектептегі тәртіпке өзінің баласын құрал қылғысы келетіндер де кездеседі.

Жалпы бұл мәселе көп қырлы. Бірақ, шешімі тек қана зайырлылық функцияларын тарихилық негізде ғылыми байыппен танытып, тануда деп ойлаймын.

– Жалпы, әлі есейіп, ой-өрісі жетілмеген, ақ-қараны айыра алмайтын ойын баласына дінді мәжбүрлеп таңу дұрыс па?

– "Баланы жастан" деген сөз бар. Ол дұрыс. Ата-ана баласына өзінің дінін, негіздерін, талап-шарттарын үйретуі құптарлық іс.

Бірақ, оны мектеп қабырғасында міндеттеу, Алланың атынан талап ету дінге де қайшы әрекет. Зорлықпен иман артпайды. Иман ақылдың толығуымен қатар уақытпен келетін жауапкершіліктен туады. Бұл уақытқа баланың балағатқа жетуі деп қараған жөн. Ал мектептегі қызға діни киімді кигізу, оның айналасындағыларға да кері әсерін тигізеді. Себебі, діни таным бірдей қалыптаспайды. Ол әр отбасында әртекті.

Екіншіден, мектеп жасынан-ақ діни атрибуттармен киінер болса, онда әртүрлі діни төзімсіздіктерге мектеп жасынан жол ашқан боламыз. Олардың арасында "біз емес", керісінше "сен-мен" деген психологияны еккен боламыз.

Ал ақылы, санасы толысқан жаста бұл мәселеге адам түсіністікпен, жауапкершілікпен, төзімділікпен (толерант) қарайды. Ал жас кезінде бұл мінезді баладан қалай талап етесің?!

Оған қоса балалардың отбасы мүмкіндіктері әртүрлі. Әркім қалаған киім үлгілерін киер болса, әлеуметтік теңсіздік психологиясы да бас көтеріп шыға келеді. Бірі байдың, ал бірі кедейдің ұл-қыздары дегендей. Бұл да жас баланың бойында агрессиялық психологияның қалыптасуына алып барады.

– "Қазақстан – зайырлы мемлекет, діннен бөлек" дейміз. Жалпы, осы зайырлылықтың белгілі бір өлшемі, мөлшері бола ма? Дінтанушы маман ретінде осыны түсіндіріп берсеңіз!

– Біздің қолданып жүрген "зайырлылық/лаицизм" ұғымының атеизммен еш қатысы жоқ. Зайырлылық атеизм емес. Сонымен қатар "дінсіздік" те емес. "Дін" де емес. Себебі, зайырлылық сенім, иман, доктрина емес, ол – ұстаным. Сондықтан бұл ұстаным Аллаға қатысты да емес, тек адамға қатысты.

Зайырлылық адамның санасына азаматтық ұстаным/принцип ұсынады. Алла, әлем және адам қатынасы тұрғысынан қарағанда зайырлылық, адам мен әлемге, яғни әлеуметтік негізге сүйенеді. Бірақ, зайырлылық бір дүниетаным немесе идеология да емес, азаматтық құқықтық институт. Зайырлылық сенім, иман негіздері де емес, құқықтық-мемлекеттік ұстанымдарды қамтиды.

Зайырлылық ұстанымы бойынша, мемлекет барлық дін атаулыға, кез-келген метафизикалық теорияларға "бейтарап" қарап, кез-келген діни бірлестіктен, шіркеуден, жамағаттан, тариқаттан ерікті болу керек.

Тура сол сияқты кез-келген діни бірлестік, шіркеу, жамағат немесе тариқат мемлекеттен еркін, ерікті болуға тиіс. Енді мемлекеттің азаматтары да иманы, сенімі, ары, діни тәжірибесінде, дін ұстанымында ерікті, өзінің қалаған дінін ұстап, насихаттауға, таратуға, сынауға құқылы.

Сонымен зайырлылық туралы үш негіз: бейтараптық, тәуелсіздік/еріктілік және еркіндік сияқты құндылықтарды теріп шығардық. Мұның алғашқы екі құндылығы мемлекеттік институтқа, соңғы біреуі де адамға қатысты болып шығады. Адамға қатысты еркіндік аясы Конституция арқылы түсіндіріледі.

Бұл бойынша мектептен яки мемлекеттік мекемелерден тыс жерлерде азаматтар өздерінің діни парыздары мен талаптарын орындай алады. Барлық шек осы ғана. Бұл тұрғыдан алғанда дін адамдарының да (имам, поп, папа, епископ және т.б.) мемлекеттік мекемелерде діни киімдерін ауыстырып киюлеріне тура келеді.

Діни статусты білдіретін атрибуттардың өз орталықтарында көрініс табуы ақылды шешім деп ойлаймын. Исламда дін қызметкері деген ол мәртебе емес. Дегенмен біздің ел жас мемлекет болғандықтан да, зайырлылық ұстанымының тетіктері мен тұжырымдары және қызметтері арасындағы үйлесімділік пен уәждер туралы қоғамда ғылыми танымдық тұрғыдан әлі сөз басталған жоқ.  

– Осы жақында ғана өткен баспасөз-мәслихатында жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин: "Мектеп кезінен балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Яғни, мектеп оқушылары қандай да бір діни тиым, шарттармен шектеу көрмеуі керек", – деді. Сіздің жоғарыда айтқан ойыңызды толықтырып, қуаттап тұрғандай ма, қалай?

– Иә, толықтай қосыламын. Жалпы, адамда діни таным басым келеді. Ол оның табиғатынан бар нәрсе. Мысалы, интеллектуалдық құбылыстарды талдап қарасаңыз, адамдағы бес эпистемиологиялық, гносеологиялық қабілеттер діни танымда толығымен қолданылады. Олар – білу, тану, сену, мойынсұну және сезу.

Ал ғылыми танымда осылардың білу және тану қабілеттері ғана басым болады. Философиялық танымда білу, тану және сезу ғана басымдықта болады. Бұлар ғылыми теориялық психоаналитикалық сатылар.

Ал балада осы акциялардың белсенділігі жағынан білу, тану және сезу сатылары балиғат жасынан кейін барып сену мен мойынсұнуға ұласады. Демек, баланың табиғатындағы осындай танымдық сатыларды есепке алмай мәжбүрлеу – бұл зорлық. Демек, дінге де қайшы деген сөз.

– Сіз жоғары оқу орнында тәлім беретін ұстазсыз, әрі дінтану ғылымының маманысыз. Университетте өзгелерден оқшауланып, діни киім киіп келген студентке өзінің замандастары қалай қарайды?

– Университет ол басқа мекеме. Онда жастар толық балиғатқа жеткен, оң мен солын танып, мамандық таңдау, сол жолда білім алу үшін келген жастар. Бұл жағдайды мектеппен салыстыруға келмейді. Бұл жерде әрбір жас өзінің таңдауымен әрекет етеді.

Сондықтан басына орамал тағып келген қыздарға замандастары түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Өзім де түсіністікпен қараймын. Бірақ, мынау дұрыс, мынау бұрыс деп баға бермеймін. Себебі, зайырлылық тұрғысынан ол әркімнің жеке мәселесі.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуат Әуесбай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу