Досым Сәтбаев: ЕАЭО — Қазақстан үшін экономикалық, Ресей үшін геосаяси жоба

Саясаттанушының пайымынша, Қазақстанның егемендігіне 30 жыл толатынына қарамастан, экономикалық тәуелсіздікке әлі жеткен жоқ. 

Досым Сәтбаев: ЕАЭО — Қазақстан үшін экономикалық, Ресей үшін геосаяси жоба Фото: Azattyq.org

Ресейдегі Алексей Навальныйды улау, тұтқындау, көтерілістер толқынының соңы АҚШ пен Европалық одақтың санкция жариялауымен аяқталды. Бұл ретте "батыстағы көршімізге  салынуы мүмкін шектеулер шырмауына Қазақстан да ілініп кетпей ме?" деген заңды сауал туады. Inbusiness.kz тілшісі мәселенің мән-жайын танымал саясаттанушы Досым Сатпаевтан сұрады. 

 Досым Асылбекұлы, Ресейге қарсы қатаң санкциялар бізге қалай әсер етеді? Қазақстан қауіпті аймаққа түспей ме?

– Ресейге санкция салу 2014 жылы басталғанын айта кету керек. Ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет ретінде келеңсіздіктерге сол кезде тап бола бастады. Мәселен, 2014 жылы Ресей арқылы Украинаға тауар экспорттайтын қазақстандық өндірушілердің түрлі сылтаулармен жолы жабылды. Еуропадан Ресей арқылы бізге келетін тауарлар тоқтады. Қазақстанның Батыс пен Ресей арасындағы қақтығыстарға еш қатысы жоқ. Мейлі ол Украинамен болсын, мейлі басқа елмен. Алайда осының барлығын ұйымдастырған Мәскеудің логикасы бойынша біздің ел де аталған геосаяси "ойындарға" жауапты. Осылайша басқа да экономикалық одаққа мүше елдер аталған жағдайдың құрбаны болып отыр. 

 Бұл бағыттағы негізгі әсер етуші факторларды айта кетсеңіз.

– Қазақстан экономикасына бірнеше фактор әсер етеді. Оның негізгісі – мұнай бағасы. Ол төмен болған кезде ел бюджетінің кірісі төмендейді, бұл Ұлттық қорға әсер етеді. Ары қарай девальвация болуы мүмкін. Доллар бағасы өседі, теңге құлдырайды. Бұл бизнеске жағымсыз ықпал етеді. Әсіресе, сырттан жабдық, тауар импорттайтын өндірушілерге. Теңге рубль бағамымен тығыз байланысты. Соған байланысты біз Ресей экономикасына да тәуелдіміз. Нәтижесінде санкциялар Ресей валютасына әсер етеді, ол біздің ұлттық валютамызды құлдыратады. Сонымен қатар қазір мұнай нарығында да жағдай тұрақты емес. Баға күнде құбылады. "Қара алтын" бағасының барреліне 50 доллардан төмен болуының өзі Қазақстан үшін үлкен қатер. Биыл Мемлекет басшысы қол қойған бюджетте ең пессимистік баға – барреліне 35 доллар белгіленген. Бірақ қазір баға көтерілді. Алайда ол тұрақсыз, бүгін өсіп, ертең арзандап кетуі мүмкін. Қазақстан экономикасына әсер ететін тағы бір фактор – Қытайдағы және Еуропалық одақтағы экономикалық жағдай. 

 Неге Еуропалық одақ? 

– Себебі Еуропалық одақ  Қазақстанның нөмірі бірінші сауда серіктесі. Өйткені біздің мұнайдың негізгі сатып алушылар – Еуропа елдері. Осы факторлардың барлығы Қазақстанға қысым көрсетеді. Биыл біз егемендігімізге 30 жыл толуын тойлағалы отырмыз, алайда іс жүзінде біздің экономикамыз тәуелсіздікке әлі жеткен жоқ. Ол әлі күнге дейін сыртқы факторларға тәуелді. Үкімет қандай шаралар қабылдаса да, Ресей тағы бір геосаяси "ойын" бастаса, Қытайда ІЖӨ бірден құлдыраса немесе Еуропада дағдарыс басталса барлығы бір сәтте құрдымға кетеді. 

 Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуымыздың өзі қатер емес пе?

– Бізге бұл одақтан пайда жоқ, бірақ шығынымыз көп. Тіпті 2010 жылы Кеден одағы құрылғаннан бастап, кейін 2015 жылы экономикалық одақ жұмыс істей бастағаннан кейін , бізде өте үлкен теріс сауда сальдосы қалыптасты. Яғни, біз экспорттағанға қарағанда көбірек импорттаймыз. Жуырда экономист Төлеген Асқаров ЕАЭО құрылғаннан бері Қазақстанның жалпы теріс сауда сальдосы 20 млрд долларды құрағанын есептеп шықты. Яғни, Қазақстан осынша ақша жоғалтты, ал Ресей мен Беларусь 20 млрд доллар тапты. Жалпы ЕАЭО еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырған жоқ. Бұл тек көршілерге байланысты емес. Мысалы, Ресей әскери санкция жарияланған кезде импортты алмастыратын өндіріс орындарын ашуға ден қойды. Барынша елге сырттан келетін тауарлардың орнын торлықтырып, ішкі нарықты қорғай бастады. Ресейде өндірілетін өнімдерге басымдық берді. Естеріңізде болса, қазақстандық сүн өндірушілердің, алкогольды өнім шығарушылардың, балық өнімдерін сататындардың тауарларын түрлі сылтаулармен Ресей нарығына кіргізбеуге тырысты. Осылайша олар ЕАЭО ережелерін бұза отырып бәсекелестерді шектеді, өздерінің бизнестерін қолдады. 

 Демек санкцияның салдарынан Ресей бизнес иелерін қолдап, импортты алмастырды, ал Қазақстан ұтылды...

– Дәл солай. Сонымен қатар геосаяси жағынан көптеген ел Қазақстанды Ресейдің сенімді серіктесі ретінде қабылдайды. Өйткені еліміз Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің мүшесі, Евразиялық экономикалық одақ мүшесі. Сондай-ақ, жуырда Еуропарламент пленарлық отырысында "Қазақстандағы адам құқықтары мәселесіне қатысты" арнайы резолюция қабылдады. Еуропалық парламент басшылығы Қазақстан басшылығын саяси реформалар жүргізбейді, бізде демократиялық форматта митингілер өткізуге тыйым салынған, Қазақстанда жаңа демократиялық партиялар жоқ деп айыптады. Сонымен қатар егер Қазақстан саяси реформалар жасамаса, қандай да бір жеке шенеуніктерге санкциялар жариялауды ұсынды. Бұл 30 жылдан бері қабылданған ең қатаң шаралардың бірі. 

– Мұндай қатаң шешім неге қабылданды деп ойлайсыз?

– Менің жеке пікірім, осы уақытқа дейін біздің елімізде саяси реформалар енгізумен емес, оларды жасағандай кейіп танытумен айналысып келді. Соңғы парламент сайлауы соған дәлел. Екіншіден  Еуропарламенттің Алексей Навальныйды улауы, жауапқа тартуынан кейін, Ресеймен қатар өзге де посткеңестік елдерден көңілі қалды. Бұл да Қазақстанға жағымсыз көзқарастың қалыптасуына алып келді. 

 Қазақстан өзіне тиімсіз саяси "ойыннан" шыға ала ма?

– Өзбекстан бұрынғы президентінің әрекетін мысалға алғым келеді. Кезінде Ислам Каримов Өзбекстанның Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне мүше болуын тоқтата тұрды. Сол кезде ол Өзбекстанның қорғаныс саласында құқығы шектелетінін айтып, екі рет мүшеліктен шықты. Евразиялық одақта да дәл солай, заң жүзінде кез келген мемлекет одан шыға алады. Бірақ бұл үдеріс бір жылға созылады. Ол үшін Қазақстанға саяси жігер жетіспейді. Біздің шенеуніктерде әлі де Кремльдің алдында белгілі бір үрей бар. Салдарынан қазақстандық шенеуніктер бір ғана ақиқатты түсіне алмай келеді. ЕАЭО-ға мүше болудың өзі Тұңғыш Президенттің жобасы болды. Сол арқылы ол посткеңестік кеңістікте бас интегратор болғысы келді. Алайда ешкім сарапшылардың, экономистердің ойына құлақ асқан жоқ. Бұған дейін-ақ, Кеден одағы аясында Қазақстанның экспортына қарағанда, импорты артты, сол кезде біздің еліміз ұтыла бастады. Ал негізінде Қазақстанды ЕАЭО-ға мүше болуға ешкім асықтырған жоқ. 2014 жылы біз мүше болмай, Өзбекстан сияқты бақылаушы болуымыз керек еді. Өйткені 2014 жылы Ресей Украинамен басы қатып жатты. Ол Қазақстанды ойлайтындай жағдайда емес еді. Егер еліміз мүше емес, бақылаушы болып қалғанда ол Ресей және өзге елдермен серіктестік байланыс орнатып, одақ аясында ешқандай міндеттемелері болмай, өз нарығы мен тауар өндірушілерін қорғай алар еді. Қазір біз олай істей алмаймыз, өйткені келісім аясында Қазақстан нарығы ашық болуы шарт. 

 Қазақстан экономикалық жағынан ЕАЭО-ға мүше болуға дайын болған жоқ деп есептейсіз бе?

– Иә, экономикамыз бұған дайын болған жоқ. Мықты тауар өндірушілер болмады. Экспорттаушылардың көбі өндірушілер, олар шикізат сатады. Ал Қазақстанға өзге елдермен бәсекелестікке түсе алатын қосылған құн салығын қосып сататын мықты тауар өндірушілерді әзірлеуі керек еді. Осылайша біз өзімізді-өзіміз тығырыққа тіредік.

 Тығырықтан шығудың жолы бар ма?

– Енді Қазақстан одақтан шығу туралы шешім қабылдаса, бұған Ресей қатаң көзқарас танытады. 2014 жылы олай болмас еді. Өйткені қазір Ресей экономикалық, геосаяси жағынан оқшауланып қалды. Олардың жалғыз серіктесі – Қытай. Сондықтан батыстағы көршімізге посткеңестік кеңістікте орнығып қалу маңызды. Кремльге ЕАЭО мен Қауіпсіздік кеңесі өте қажет саяси құрал. Аталған ұйымдардың кез келген мүшесінің шығуын Ресей қауіп-қатер деп қабылдайды. 

 Ресей үшін кез келген одақ саяси құрал болғаны ма?

– Қазақстан аңқау баладай ЕАЭО экономикалық одақ деп есептейді. Ал Ресей үшін ол бастапқыдан бері геосаяси одақ болған. Кремльге экономика емес, геосаясат маңыздырақ. Бұдан Қазақстанға қандай пайда бар? Міне, қатер осында. Егер Ресей ЕАЭО-ны геосаяси жоба деп қарастырса, одан Қазақстанның шығуын геосаяси мүддесіне қатер төнді деп есептейді. Енді бұл тығырықтан жуық арада тез әрі жеңіл шығу қиын болады. Бірақ болашақта біздің елімізде мықты саяси жігері бар шенеуніктер билікке келеді деп сенемін.

 Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу