Бір-біріне қонаққа ағылған жұрт үлкен дүкендерді қалың нөпірге толтыратын.
Бірақ бұл көрініс келмеске кеткендей: қалалықтар байқаған болар, "Жаңа жыл" мерекесіне он күннен сәл аса уақыт қалды, алайда қазіргі кезде супер-гипермаркеттерде ұзынсонар кезек жоқ. Ірілерінің өзінде жиырма шақты кассаның үш-төртеуі ғана жұмыс істейді. Ретейлерлер бұрынғы жылдарға қарағанда биыл сауда жүрмей тұрғанына, қымбатшылыққа қарамастан, желтоқсандағы орташа чек өткен жылдардағы 15-25 мыңнан енді 8-15 мыңға дейін құлдырағанына қапаланады.
Қазақстан халқының сауда-саттыққа көңіл хошы жоқтығын, әрі оны әмияны көтере бермейтінін зерттеулер де растайды. Halyk Finance талдауы көрсеткендей, ішкі сауда өсім қарқынын жоғалтуда. 2025 жылғы қаңтар-қараша қорытындысында ел экономикасының осы базалық секторындағы өсім жылдық мәнде 8,8%-ға дейін баяулаған. Бұл сарапшылардың жыл соңында іскерлік белсенділіктің төмендейтіні туралы көңілсіз болжамының шындыққа айналғанын көрсетеді.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақ елі байырғы заманнан сауда-саттыққа сүйенеді. Қазіргі кезде сауда секторы – Қазақстанның ЖІӨ-сінің алтыдан бір бөлігін немесе 16,7%-ын өзі қалыптастырады. Осыдан-ақ оның мемлекет үшін өмірлік маңызын бағамдауға болады.
Сарапшыларды қатты алаңдатып отырған жайт бар: сауда саласының өсімінде бөлшек сауда-саттықтың үлесі кеміп, көтерме сауда үстем бола бастады. Неге бұл – қауіп? Өйткені шенеуніктер көтерме саудаға өндірілген мұнайдың ішкі нарыққа жеткізілімдерін де қоса салады. Бюджеттік шығыстар өнеркәсіптік өнімдерге сұранысты арттырды.
HalFin бағалауынша, мұндай құрылым саланы ұзақмерзімді перспективада осал етеді, оның шикізаттық секторға тәуелділігін арттырады. Мемлекет бұл саланы да бюджеттік шығындар есебінен ынталандыруға шектен тыс елігіп кетті.
Ұлттық статистика бюросының деректері бұл қауіптің негізсіз еместігін көрсетеді: көтерме сауда саланың негізгі драйверіне айналды және жалпы айналымдағы үлесі 66,8%-дан асқан. Соның өзінде көтерме сауданың өсім қарқыны қаңтар-қазандағы 9,7%-дан қаңтар-қарашада 9,4% дейін кеміпті. Бұл ретте көтерме сауданың ішінде өндірістік өнімдердің үлесі 82,1%-ға жетіп, жыл басынан бері 12,2%-ға ұлғайған.
Қарапайым халық мұнай, газ, битум және басқа биржалық, өндірістік өнімдерді дүкеннен сатып алмайды. Демек, статорганның осы мәліметінің өзі қатардағы қазақстандықтардың сауда жасауды мүлдем қоймағанымен, қатты азайтуға мәжбүр екенін аңғартады.
Бүгінде жалпы саладағы бөлшек сауданың үлесі 32,7% ғана. Сарапшылар бөлшек сауда-саттықтың кері кетуін тұтынушылық сұраныстың "суығанымен" түсіндіреді. HalFin бұған халықтың шынайы табысының құлдырауы және тұтынушылық кредит берудің шектелуі ықпал еткенін қаперге салды.
Нақтылағанда, Қазақстанда нақты жалақы 2025 жылғы 9 айда өсу орнына, жылдық мәнде 0,4% кеміген. Салдарынан, тұтынушыларға қолында қалған азғантай ақшасын тек бірінші кезекте қажетті тауарларға ғана арнауға тура келеді.
"Халық аз келетін болды. Бас сұққандары негізінен, нан, сүт, қант, май, консерві сияқты күнделікті жейтін тамағын, сондай-ақ темекі, арақ алады. Жұрт қайтадан "бич-пакеттерге" (тез дайындалатын кеспеге) орала бастады, сұраныс артқандықтан бір "гондоланы" (ортада орналасатын стеллаж) соған беріп қойдық. Супермаркетіміз тұрғын үйдің бұрышында болғандықтан, екі көшеден де кірсін деп, екі есікті ашып қоятынбыз. Биыл қожайын оның біреуін жапты, өйткені екі күзетшінің біреуін қысқартты. Былтыр таңнан кешке дейін дамыл таппай, шаршайтын едік, енді көбіне зерігіп отырамыз", – дейді "үйдегі дүкен" форматындағы супермаркеттің кассирі Салтанат.
Сарапшылардың болжамы одан бетер тұнжыраңқы: шағын дүкендердің бәрі жойылуы мүмкін. Orda.kz өзіне "үйдегі дүкендердің" иелері шағыммен жүгінгенін жазды. Оларды Сауда министрлігінің әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімін кеңейту жоспары ашынған жағдайға жеткізіпті.
Бұл тізімге дүкендерге қазіргі кезде бас сұғатын азғантай сатып алушылардың басым көпшілігі сатып алатын 19 тауар түрі кіреді. Мемлекет дүкендерден оларға 15%-дан артық үстеме баға қосып сатуына тыйым салады. Енді сауда ведомствосы ӘМАТ тізімін 33 тауар түріне дейін кеңейтуге ниетті.
Саудагерлердің арыздануынша, 15 түгіл, тіпті 25%-дық үстеме баға да өзін ақтамайды. Себебі, біріншіден, жалға берушілер аренда ақысын үнемі көтереді. Екіншіден, тауарлардың көбі шетелден тасылады, ал, теңге болса, құнсыздануда. Үшіншіден, Үкіметтің рұқсатымен кейінгі екі жылда монополистер коммуналдық қызметтердің тарифтерін екі есе көтерді. Төртіншіден, мемлекеттің алым-салығы артуда.
Бірақ шенеуніктердің кәсіпкер мұңымен шаруасы жоқ: елдегі тоқтаусыз шығандаған инфляцияны құрықтай алмаған шенділер халық көп тұтынатын тауарлардың бағасын ғана ұстап қалуға тырысуда.
Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары–Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы №166-НҚ "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" бұйрығына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес, келесі жылдан бастап, ӘМАТ жаңарған тізімі келесідей болуға тиіс:
1. Бірінші сұрыпты бидай ұны
2. Бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған бидай наны (пішінді)
3. Рожки (өлшеніп салынатын)
4. Қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын)
5. Тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын )
6. Картоп
7. Ас сәбізі
8. Пияз
9. Ақ қауданды орамжапырақ
10. Қызанақ
11. Қияр
12. Алма
13. Қант – құмшекер
14. Күнбағыс майы
15. Сүйегі бар сиыр еті
16. Сүйексіз сиыр еті
17. Тартылған ет
18. Сүйегі бар қой еті
19. Сүйегі бар жылқы еті
20. Жаңа ауланған немесе салқындатылған балық (таран, теңге балық, көксерке, шортан, сазан, ақсақа)
21. Мұздатылған балық (көксерке, минтай, хек, камбала, скумбрия, сазан)
22. Тауық еті (жамбасы, сирақ, тауық сан еті)
23. Тауық
24. 2,5% майлылықтағы жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүт
25. Ультрапастерленген, стерилденген сүт
26. 2,5% майлылықтағы айран
27. Қаймақ
28. 5–9% майлылықтағы сүзбе
29. Қатты ірімшік
30. Сары май (тұзсыз, кемінде 72,5% майлылық, қоспасыз және өсімдік майларынсыз)
31. Тауық жұмыртқасы (I санат)
32. Қара шай
33. Ас тұзы ("Экстра" санатынан басқа).
"Тізбені уақытша кеңейтудегі негізгі мақсатымыз – халықтың күнделікті тұтынатын басты азық-түлік өнімдеріне қолжетімділігін арттыру және олардың бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету. ӘМАТ тізбесін кеңейту – уақытша шара! Ол осы тауарлар бағасын қалыптастыру үдерісінің ашықтығын арттыруға және жоғары үстеме баға қоятын өнімсіз делдалдарды айналымнан шығаруға бағытталған. Тауарлардың ӘМАТ тізбесіне енгізілуі өндірушілер мен импорттаушыларды сауда желілеріне сыйақы мен ретробонустар төлеу міндетінен босатады. Бұл өз кезегінде тауарлардың түпкілікті бағасын төмендетуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Сауда және интеграция министрлігі.
Алайда Үйдегі бөлшек сауда дүкендерінің құқығын қорғау қауымдастығының өкілі Нұргүл Бекованың түсіндіруінше, шенеуніктердің бұл бастамасы ешбір тарапқа пайда әкелмейді.
Бір жағынан, тауарларды мәжбүрлі арзандатып, шығынға шыққан сауда орындары жаппай жабылуы мүмкін. Екінші жағынан, өзге дүкендер ол тауарлардан негізінен бас тартады, сөрелер бос қалады.
Сарапшы халық арасында кең сұранысқа ие тауардың бірі – сұйық май мысалында есеп-қисабын келтірді: дүкендерге оның 900 грамдық не бір литрлік құтысы 800 теңгемен келеді. Оған 15% үстеме баға 120 теңгені құрайды. Ақырғы сату бағасы – 920 теңге. Дүкен оны сатудан түскен 120 теңгеге келесі міндетті шығыстарын "жабуға" тиіс:
• 3% салығы – шамамен 28 теңге;
• Еңбекақы төлеу қоры (≈4 %) – шамамен 37 теңге;
• Төлемді өткізетін банктердің алатын комиссиясы (1,5%) – шамамен 14 теңге.
Бұл шығыстарының өзі 79 теңгеге жетеді. Бұдан бөлек, бақылау-кассалық машинасы арқылы сатқаны үшін комиссия, коммерциялық алаңның арендалық ақысы, күзет ұйымына төлемі, коммуналдық қызметтер тарифтері, ұрланған заттардың өтеуі (оны біразы қызметкерлердің жалақысынан ұстайды), шаруашылық шығындары және басқа шығыстары бар.
Салдарынан, ӘМАТ тізіміндегі тауарларды өткізудің табыстылығы нөлге теңеледі. Кәсіпкерлердің шағымдануынша, үстеме бағасын 15%-дан асыруға тыйым салынған ӘМАТ тізбесін 33-ке дейін кеңейту дүкендерді алапат шығынға отырғызады.
Өйткені министрлік ол тізімге қызанақты, қиярды, алманы, сүйекті және сүйексіз сиыр етін, тартылған етті, қой етін (сүйегімен), жаңа немесе салқындатылған балықты, мұздатылған балықты, ультрапастерленген сүтті, қаймақты, қатты ірімшікті, қара шайды қосқалы отыр.
Гипер-супермаркеттер белгілі бір санаттағы тауарлар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көреді. Оларға бюджеттен арзандатылған кредиттер ұсынылады. Басқа да ынталандыру тетіктеріне ие.
Оның үстіне ірі сауда желілері өндірушілерден және жеткізушілерден алдын ала ақысын төлеп, тауарын сатып алмайды: тек сату орнын ұсынады. Тиісінше, өтпеген тауарын кері қайтарып тастайды.
Ал, кішкентай дүкендерде мұндай игіліктің біреуі де жоқ көрінеді. Олар көтерме жеткізушілерге тауардың ақысын алдын ала аударады. Егер мысалы, көкөніс, жеміс-жидекті, тез бұзылатын, қолданыс мерзімі аз өнімдерді уақытылы өткізе алмаса, шығынын өзі көтереді.
Соған қарамастан, үй жанындағы дүкендер де алпауыт ретейлерлермен бірге үстеме баға бойынша шектеуді сақтауға міндеттелген. Нұргүл Бекова шағын сауда орындары онсыз да шығындарын барынша қысқартқанын, соның кесірінен мысалы, бір адам кассирдің, күзетшінің, жүк түсірушінің және еден жуушының қызметтерін қоса атқаратынын жеткізді.
"Біздің салада өте ауыр ахуал қалыптасуда. Инфляция бой бермей бара жатқан заманда сауда жүргізу қиындады. Мысалы, көктемде ғана 5 литрлік баклажкадағы күнбағыс майы 3200 теңгеден келетін, енді астық жиналғанына қарамастан, оның көтерме бағасы 4 800 теңгеге жетті. Мұндай жағдай көптеген азық-түлік өнімдеріне қатысты. Шенеуніктер де, сатып алушылар да бағаны көтере бересіңдер деп бізді айыптайды. Біздің кінәміз не? Біз халықпен бірге болуға тырысамыз, тұрақты клиенттерге тіпті тауарды қарызға береміз. Үкімет бізге көмектесу орнына қалай қыспаққа алудың жолын ойлайды", – деп қамығады алматылық "Мирас" дүкенінің иесі Раушан Шилеева.
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселеде шағын дүкен иелерін қолдады.
"Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары тізімін кеңейту бөлшек саудаға, әсіресе шағын дүкендерге үлкен соққы болады. Олар қосымша шығынға ұшырайды, бюрократиялық сергелдеңге түседі: үстеме бағаның 15%-дан аспауын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерге бірден 33 өнімнің бағаларын үнемі бақылап отыруға тура келеді. Бұл олардың уақыт, адами және қаржы ресурстарын босқа шығындайды. Халық аз қоныстанған аудандарда орналасқан дүкендердің жағдайы нашарлайын деп тұр. Оларда өнім ассортиментінің күрт азаю қаупі туындайды. Кейбір дүкендер шығынға отырып, толығымен жабылады", – делінген палатаның түсініктемесінде.
"Атамекен" ҰКП осы мәселе бойынша билік өкілдерімен жеке кездесуге бастамашы болуға, ымыра шешімді табу үшін министрлік бұйрығының жобасы бойынша ресми сараптамалық қорытынды ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді. Құжат әлі әзірленуде, бірақ ӘМАТ бойынша ақырғы ұстаным әлі қалыптасқан жоқ.