Duty free дүкендерінде сауда жасайтындар мынаған назар аударуы керек

3577

Бұл ережелер туралы салықсыз сауда-саттық дүкендерінің сатушылары ескертпейді.

Duty free дүкендерінде сауда жасайтындар мынаған назар аударуы керек Фото: canva

Шетелден елге оралған қазақстандықтар тіркелетін жүгін өткізіп, паспорттық бақылаудан өткен соң арқаны кеңге салып, duty free дүкендерін асықпай аралауға кіріседі. Ал, оларда не керектің бәрі бар: түрлі кәдесыйлардан бастап, азық-түлік пен экзотикалық тауарларға дейін.

Оларды елде сатып ала алмасын білген немесе брендтік өнімнің арзандау бағасына қызыққан жолаушылар сауда-саттықтың көрігін қыздырады.

Бірақ содан кейін авиакомпанияның ұшаққа кіргізбей қоюы, немесе кеденнен өтуде қиындыққа тап болу сияқты проблемалар туындамауы үшін қандай тауарларды алып жүруге және елге әкелуге болатынын, қайсысын мүлдем болмайтынын біле жүргеніңіз жөн.

Ең алдымен, авиакомпаниялардың және әуежайлардың ағымдағы өзекті ережелері мен нормаларын алдын ала біліп алыңыз. Қазіргі кезде көптеген әуе тасымалдаушысы өз жолаушыларының ұшақ ішіне тегін алып өтуіне рұқсат етілетін 8 келілік қол жүгіне олардың "дьюти фриде" сатып алғанын да қоса бастады.

Бұрын көбіне адамның әуежайға алып келген қол жүгі – бөлек, ішкі дүкендегіден сатып алғаны – жеке қарастырылатын. Соңғысы есепке алынбайтын.

Салдарынан, көптеген жолаушы ұшақтың багаж полкаларын "дьюти фриде" сатып алған тауарлармен сықастыра толтырып тастайтынды шығарды. Бұл жолаушылар арасындағы шиеленісті ушықтырып, өзгелердің көңілтолмастығын күшейтті. Тиісінше, әуе компанияларын өз ережелерін қайта қарап, қатайтуға итермеледі.

Мысалы, бұрындары жолаушылардың "салықсыз дүкеннен" сатып алған бір қорап арақ-шарабын ішке алып өтуіне жол берілетін. Бұл олардың жолай бір-біріне соғылып, қирап, өзге жолаушылардың үстіне сорғалай төгілуіне соқтырған. Сондықтан бүгінде көп жағдайда бір адамға бір бөтелке ішімдік өнімін алып өтуге ғана рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, әуе компанияларының түсіндіруінше, шампунь, шырын және басқа да сұйық заттардың әрқайсысының көлемі 100 миллилитрден аспағаны жөн. Барлық сұйықтықтарды 1 литрге дейінгі жалпы көлемде бір мөлдір және жабық пластик пакетке (оны дүкенде береді) салып, қаптау қажет. Ол пакетті жолай ашуға болмайды.

Кейбір әуежайларда портативті рация, пейджер, бірқатар электронды өнімдер, 160 Вт/с сиымдылықтағы литий батареялары сияқты тауарларды алып өтуге тыйым салынған, табылса бірден тәркілеуі мүмкін.

Сондай-ақ дьюти фрилерде батареясы алынбайтын смарт-сөмкені, электронды сигаретті, көлемі 350 мл асатын ұнтақтәрізді заттарды, қару түрлерін, пышақ, қылыш және басқа үшкір-өткір заттарды, бірқатар жұмысшы құралдары мен аспаптарын сатып алмағаныңыз жөн.

Бұдан бөлек, бейсболдық, софтболдық биталар, шоқпар-дубинкалар, түрлі ойын клюшкалары, бильярд, снукер мен пул кийі, балық аулау қармағы, жекпе-жек спорттарымен айналысуға арналған жабдықтар, скейтбордтар мен лонгбордтар, гироскутерлер, аэробордтар, оксбордтар, электрлі ролик конькиі, вейвборд, электрлі тартқышты чемодандар да тыйым салынған заттар қатарында.

Әрине, жарылғыш және тез тұтанатын, немесе химикаттары мен улы заттары бар өнімдермен де сізді ұшаққа жібермейді.

"Әуежайлардағы duty free дүкендері кім-кімді де қызықтырады: жарқын, жарқ-жұрқ еткен витриналар, қаладағы сауда орындарына қарағанда бағалардың біршама төмендігі, ешқандай салық төлеудің талап етілмейтіні олардың тартымдылығын арттыра түседі. Көптеген турист "дьюти фриде" сатып алынған барлық тауарды кез келген елге батыл тасымалдай аламын деп ойлайды. Шынында олай емес. Кейбір елдерде мұндай дүкендердің не сататыны қатаң реттелмейді. Сондай-ақ әрбір елдің шектеулері де әртүрлі, бірінде рұқсат етілгеніне екіншісі тыйым салады", – деп назар аудартты Turistas мамандандырылған порталы.

Шынында, әр мемлекет өз шектеулері мен тыйымдарын өзі орнатады және олар жиі әрбасқа болып келеді.

Өзіңіз баратын әуежайда қандай шектеулер барын төл турфирмаңыздың менеджерінен, сонымен бірге әуе қақпасының интернеттегі ресми сайтынан, жалпы ашық дереккөздерден біліп алыңыз.

Duty free-лардағы ең танымал сауда-саттық алкоголь және темекі өнімдеріне қатысты. Шылымқорлар да өзі татып көрмеген жаңа дәмдерді іздейді.

Көптеген әуежайда, соның ішінде Қазақстанда 3 литрге дейін (өзгелерде 1 литрге дейін) алькогольді ішімдік өнімін, немесе 1 литр шарап түрлерін, сондай-ақ 200-ден аспайтын сигаретті, 50 сигараны алып өтуге рұқсат етуі мүмкін. Бұл лимиттен асқанының бәрі заңсыз деп танылып, тәркіленеді.

Тамақ өнімдері – кәмелетке толған 1 адамға шаққанда 10 келіден аспауға тиіс (егер авиакомпанияда одан да аз шектеу болмаса).

Қазақстанға "бір аталымдағы және мөлшердегі біреуден артық киім мен аяқкиімді" тауар түрінде әкелуге енді рұқсат етілмейді, бұл жерде әңгіме негізінен тон-ішік сияқты былғары-теріден жасалған қымбат өнімдер туралы болып отыр.

Сондай-ақ зергерлік бұйымдардың саны әр адам үшін – 5-еуден, велосипед – 1-еуден, балалар арбасы – әр адамға біреуден, ұялы телефон мен планшет – 2-еуден, ноутбук, нетбук – 1-еуден аспауға тиіс. Асса, тағы да тәркіленеді.
Айтқандай, сарапшылардың мәліметінше, егер адам шетелге жиі сапарласа, немесе шет мемлекетте 48 сағаттан аз уақытқа ғана қалып, қайта жолға шықса, онда рұқсат етілген кейбір шектеу-лимит тағы күрт азайтылады.

Мысалы, дьюти-фриде сатып алған тауарларының жалпы сомасы 200 доллардан аса алмайды. Одан артылғанның бәрін декларациялап, алым-салығын төлеуге немесе кеденде тастап кетуге тура келеді.

Кейбір адамдар, әсіресе, бикештер: "duty free-де косметика мен иіссуларды қалағанымша, қалтам көтергенше аламын" деп ойлайды. Алайда мұнда да гәп бар. Әр елдің талабы әралуан. Кейбірі иіссуді 150 миллилитрден артық алуға тыйым салады.

Мәселен, Еуропа елдерінде шетелде сатып алынған тауарлардың жалпы сомасы 430 еуродан артылмауға тиіс. Сондықтан ауысып отыру арқылы ұшсаңыз, абай болыңыз.

Кейде "дьюти фри" дүкендерінде көп зат алып қойған жолаушылар оны тастауға қимай, өзімен бірге ұшатын кісілерден бір бөлігін қол жүгіне алуды сұрап жүреді. Қылмыскерлер ішінде есірткісі бар заттарды аңқау адамдарға осылай тықпалап, жарға жығатындықтан, бұған келіспеген абзал.

Сарапшылар келесідей кеңес береді:

  • Ұшатын елдеріңіздің ережелерін тексеріңіз. Тиісті ақпаратты кеденнің немесе авиакомпанияның сайтынан табуға да болады.
  • Тауарыңыздың чегі мен қаптамасын сапар аяқталғанша сақтаңыз. Шылым, темекі, тамақ және басқа өнімді толық тұтынбасаңыз, қаптамасыз бұзбаңыз. Бұл ол тауарды duty free-ден алғаныңыздың дәлелі болады.
  • Салықсыз дүкендерде басыартық нәрсені сатып алмаңыз. Өзгелерге жалынып жүргенше немесе көрсетпей, тығып алу өтуге тырысқанша, тәуекелге о бастан бармаған ләзім.

Ережелерді тауып, бір зерделеп шығуға бірер минутыңызды шығындаңыз, әйтпесе, кейін жүйкеңізді жұқартып, ақшаңыздан және құнды тауарларыңыздан айрылып қалуыңыз мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу