Джиро д’Италия. 6-кезең. Фабио Феллине Матерада 3-орынға ие болды

1152

Керемет командалық жұмыстан кейін Якоб Фульсангтың қолдауының арқасында Матера қаласында аяқталған "Джиро д’Италия" веложарысының 6-кезеңінде Фабио Феллине жүлделі 3-орынға ие болды.

Джиро д’Италия. 6-кезең. Фабио Феллине Матерада 3-орынға ие болды

Суперкөпкүндіктің жалпы есебі бойынша өзгеріс орын алған жоқ: Жоао Алмейда көшбасшының қызғылт жейдесін сақтап қалса, Якоб Фульсанг 7-орында тұр.

"Мен өте қуаныштымын. Әрине, кезеңде жеңіске жетсем тамаша болар еді. Бірақ Гранд-турда ең мықты спринтерлермен қатар сайысқа түсіп, 3-орын иеленгеніме ризамын. Команда өзін керемет көрсетті. Мені алдыңғы қатарға шығарып, соңғы шақырымда тек алдыңғы қатарда болдым. Якобқа ерекше алғыс айтқым келеді. Жалпы есептің фавориті, қазіргі таңда 7-орында тұрған шабандоздың спринтте көмектесуі үлкен құрмет. Кеше біз барлығымыз бірге болып, күшімізді сақтап қалуға тырыстық. Ал енді, міне, өзімді көрсетуге мүмкіндік туды. Бұл көрсеткіш – мен үшін өте ерекше және менің спринтерлермен тең дәрежеде сайысқа түсе алатынымның дәлелі", деді Фабио Феллине.

188 шақырымға созылған "Джироның" 6-кезеңі Кастровиллариден басталып, Матерада аяқталды. Жарыс басталысымен 4 шабандоз алға озды. Алайда финишке қарай көшбасшылар тобы негізгі топқа ұсталып қалды.

Жарыс жолының соңғы шақырымдарында пелотон жылдамдықты бірден арттырып жіберді. Ал соңғы 15 шақырымда топта жалпы есептегі орындар үшін талас болды. Себебі көптеген командалар спринтке дайындала бастады. "Астана Про Тим" командасы Фабио Феллинені алдыңғы қатарға шығару үшін тамаша жұмыс атқарды. Якоб Фульсанг соңғы шақырымда пелотонда алғашқы позицияда болды. Ол Франция чемпионы Арно Демармен қатар спринтті бастап кетті.

Нәтижесінде Демар кезең жеңімпазы атанып, 2-орынды аустралиялық Майкл Мэттьюс иеленсе, ал Фабио Феллине үздік үштік қатарына ілікті.

"Жойқын финал болды. Команда бірге өте жақсы жұмыс, әсіресе, соңғы шақырымдарда бірге керемет жұмыс атқарды. Жігіттер Фабионы жақсы позицияға шығарды. Ол мәреге ең мықты спринтерлермен, 3-ші болып келді. Көп жылдан бері Фабионың жоғары нәтиже көрсетуіне куә болып отырмыз. Расымен де бұл өте жақсы нәтиже және кезеңге көңілім толады", – деп қоса кетті спорттық директор Джузеппе Мартинелли.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу