"Джиро д’Италия". Винченцо Нибали жалпы есепте 13-орында

698

6-мамыр күні басталған "Джиро д’Италия" 29-мамырға дейін жалғасады. Биыл жарыс 105-мәрте ұйымдастырылуда.

"Джиро д’Италия". Винченцо Нибали жалпы есепте 13-орында

18-мамыр күні Гранд-турдың 11-кезеңі өтті. Сантарканджело-ди-Романьядан басталған жарыс жолы 203 шақырымнан кейін Реджо-Эмилияда мәресіне жетті. Кезең қорытындысы бойынша Team DSM командасының италиялық велошабандозы Альберто Дайнезе жеңімпаз атанды. Дайнезе 203 шақырымды 4 сағат 19 минут 4 секунд уақытта жүріп өтті. UAE Team Emirates командасының өкілі, колумбиялық Фернандо Гавирия мәреге екінші болып келді. Ал Cofidis командасынан Симоне Консонни үздік үштік қатарын толықтырды. Екі спортшы да жеңімпазбен бірдей уақытта мәре сызығын кесті.

Ал 10-кезең жеңімпазы эритреялық велошабандоз Биньям Гирмайя 11-кезеңде жарыс жолына шыға алмады. Себебі марапаттау рәсімі кезінде көзін жарақаттап алды. Intermarche-Wanty-Gobert Materiaux командасының өкілі Гирмайя "Джироның" кезеңінде жеңіске жеткен алғашқы қара нәсілді және алғашқы эритреялық шабандоз болды. Марапаттау кезінде ол шампан бөтелкесін ашып, бөтелкенің тығыны байқаусызда көзіне тиіп кетті. Содан кейін Гирмайя бірден тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді.

"Бүгін мен көз жарақатына байланысты жарыс жолына шыға алмадым. Көздің қалпына келуі үшін демалуым керек. Шампанға байланысты орын алған оқиға менің біраз көңілімді түсірді. Бірақ қонақүйге оралғанда команда менің жеңісіме қатты қуанды", - дейді Гирмайя.

Осылайша тағы бір шабандоз Гранд-турды аяқтады. Команда дәрігері көздің толық қалпына келуінің қажет екенін, сондықтан оған "Джироға" одан әрі қатысуға болмайтынын айтты.

"Джиро д'Италияда" елордалық велокоманда да өнер көрсетуде. 11-кезең қорытындысы бойынша Винченцо Нибали мәреге 55-болып келді. Ал Фабио Феллине кезеңді 90, Джо Домбровски - 98, Вадим Пронский - 99, Харольд Техада - 110, Валерио Конти – 132, Давид Де ла Крус - 146-болып аяқтады.

Көпкүндіктің жалпы есебі бойынша испаниялық Хуан-Педро Лопес ("Trek-Segafredo" командасы, 46:43:12) көш бастап тұр. Көшбасшыдан 12 секунд уақыт айырмашылығымен Ричард Карапас (Эквадор, "INEOS Grenadiers") екінші сатыға жайғасса, Жуан Алмейда (Португалия, "UAE Team Emirates") үшінші орында. Ал "Астана" командысының шабандозы Винченцо Нибали жалпы есепте 13-орында тұр. Ол көшбасшыдан 3 минут 4 секунд уақыт артта қалды.

Бүгін, 19-мамыр Парма қаласында "Джиро д'Италияның" 12-кезеңі басталады. Парма - Эмилия-Романья аймағындағы Парма провинциясының әкімшілік орталығы. Соңғы рет 1983 жылы "Джиро д'Италияның" пелотоны қала көшелерімен жүріп өткен. Сондай-ақ бұл биылғы "Джиродағы" ең ұзақ кезең болмақ.

Пармадан пелотон оңтүстік-батыста орналасқан Апеннинге қарай бет алады. Бұл аймақта тегіс жол біртіндеп биіктей бастайды және 95 шақырымнан кейін велошабандоздар 3-ші санаттағы Пассо-дель-Бокко шыңына жетеді (Пассо-дель-Бокко, 718 - 957 м, ұзындығы 6 шақырым, орташа градиент 4%). Осы аймақта Гранд-Турдың кезеңдерінің бірі соңғы рет 2011 жылы өткен екен. Ол уақытта шыңға бірінші болып Джанлука Брамбилла көтерілген. Содан кейін спортшылар төмен түсіп, солтүстік-батысқа бет алады. Ла Коллетта және Валико ди Тренсаско асуларын жүріп өткеннен кейін пелотон Генуядағы Лигурия теңізінің жағалауында мәреге жетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу