Джиу-джитсудан Жібек Құлымбетова Азиаданың қола жүлдесін жеңіп алды

90

Жерлесіміз қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыласынан басым түсті.   

Джиу-джитсудан Жібек Құлымбетова Азиаданың қола жүлдесін жеңіп алды Фото: Сали Сабиров

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында джиу-джитсудан алғашқы жүлде жиынтықтары сарапқа салынып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әйелдер арасында 48 келідегі Жібек Құлымбетова 3-орын үшін өткен белдесуде Оңтүстік Корея спортшысы Хуивон Жангпен кездесіп, 2:2 есебімен тең түсті.

Қосымша көрсеткіштер бойынша басым түскен Жібек Құлымбетова жеңіске жетіп, қола медаль иеленді.

Шешуші белдесуден кейін отандасымыз ішкі сезімімен бөлісіп, алға қойған мақсаты жайлы айтты.

"Өте қуаныштымын! Бұл жетістігіме ата-анам мен бапкерлерімнің қосқан үлесі зор. Сол үшін барлығына шын жүректен алғыс айтамын.

Азия ойындары арманымның бірі еді. Осы жарысқа ұзақ уақыт бойы тыңғылықты дайындалдық. Қуат ағайымызбен және жеке бапкерім Самат Айтпанбетпен бірге аянбай еңбек еттік.

Жарысқа көтеріңкі көңіл күймен шықтым. Өзім ойлағандай өнер көрсете алдым. Дегенмен есе жіберіп алдым. Енді сол қателіктерімізбен жұмыс істейміз.

Бұл жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын! Қолдау көрсеткен отбасыма да айтар алғысым шексіз. Бұл – тек бастамасы. Алдағы уақытта да тынбай еңбек етіп, алтын медаль жеңіп алуға бар күшімізді саламыз", – деді спортшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу