Джоковичке жол береміз бе?

1259

Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы Дэвис кубогінің жаңа форматы аясында алғаш рет турнирдің ширек финалына шықты. Плей-офф раундының бірінші кездесуінде ұлттық құрамамыз Сербиядан келген мықты қарсыластармен кездеседі.

Джоковичке жол береміз бе?

Сәрсенбі күні, 1 желтоқсанда Испания астанасы Мадридте Қазақстан мен Сербия құрамалары кездеседі. Біздің команда Швеция мен Канаданы жеңіп, плей-офф кезеңіне тікелей шыққан болса, өз тобынан екінші орынмен қосымша көрсеткіштер бойынша ширек финалға жолдама алған екі команданың бірі сербтер болды.

Балқан түбегінен келген құрама топтық кезеңді өте сенімді бастады. Аустриялықтармен кездесуде олар 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ келесі бәсекеде сербтер немістерден 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Филип Кражинович екі сетте Доминик Кепферге есе жіберді. Содан кейін Джокович Ян-Леннард Штруффты жеңіп, есепті теңестірді. Шешуші кездесуде Новак Никола Качичпен бірге жұптық ойын өткізгенімен, шешуші тай-брейкте жеңіліп қалды.

Ал қазақстандықтар шведтерді 2:1 есебімен (тек Михаил Кукушкин ғана өз кездесуінде жеңіске жете алмады), содан кейін канадалықтарды 3:0 есебімен жеңді. Александр Бублик, сондай-ақ Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұбы екі кездесуде жеңіске қол жеткізді.

Аталған ойыншылардан бөлек Юрий Щукин командасында Дмитрий Попко бар. Сербтерге келсек, Душан Лайович пен Миомир Кецманович те кортқа шығуы мүмкін. Айтпақшы, біріншісі, аустриялықтармен текетіреске шығып, өз кездесуінде жеңіске жеткен. Сербия құрамасының капитаны – әлемнің бұрынғы 12-ракеткасы Виктор Троицки.

Турнир форматы бойынша үш матчтан – екі жекелей және бір жұптық сайыстан тұрады. Жекелей матчтарда екі теннисші сынға түсе алады. Олардың ішінен рейтингі жоғары ойыншылар кездесу өткізеді. Одан кейін екінші ойын көшбасшылар арасындағы матчпен жалғасады, ал үшінші ойын – жұптық сайыс.

Әлемнің бірінші ракеткасы 34 жастағы Джокович сербтердің айқын көшбасшысы және бұл барлығына мәлім. 31 жастағы Лайович әлемдік рейтингте 33-орында болса, 29 жастағы Крайинович 42-орында. 22 жастағы Кецманович 68-орында тұр. 30 жасар Качич жұптық сайыс бойынша команда көшбасшысы. Себебі аталған сайыс түрі бойынша ол әлемдік рейтингте 40-орынға жайғасқан.

Теннисшілер арасындағы кездесулердің тарихы туралы айтар болсақ, онда Бублик тек Лайович және Кецмановичпен ғана ойнады. Александр биыл жыл басында Аустралияның ашық чемпионатында Душанудан жеңілген болатын – 4:6, 6:7 (4), 6:4, 3:6. Ал таяуда Нұр-Сұлтанда өткен турнирде Бублик Миомирды 2:6, 6:3, 7:5 есебімен ұтты. Екі жыл бұрын Александр сербтердің қазіргі капитаны Троицкиді – 3:6, 6:3, 6:3 есебімен жеңді.

Кукушкин Джоковичпен екі рет кездесті. Ал "Үлкен дулыға" турнирінің 20 дүркін иегерінің қазақстандықпен өткен кездесуі сербиялыққа оңай түскен жоқ. 2014 жылы Шанхайда (Қытай) Новак 6:3, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. 2016 жылы олар Сербияда Дэвис кубогі үшін кездесуде тағы жолықты. Ол уақытта Джокович 6:7 (6), 7:6 (3), 4:6, 6:3, 6:2 есебімен басым түсті.

2019 жылы Кукушкин Крайиновичке екі сетте жеңілгенімен, Кецмановичті  ұтты. Бірақ бір жылдан кейін Миомир басқа турнирде есе қайтара алды. Жеті рет Михаил сербтердің капитаны Троицкиймен кездесіп, үшеуінде қазақстандық жеңімпаз атанды.

Аталған теннисшілер өзара жекелей кездесулер өткізіп жүргенімен, жалпы Қазақстан құрамасымен Сербия құрамасы тек бір рет – 2016 жылдың наурыз айында Дүниежүзілік топтың бірінші турында ойнаған болатын. Бетпе-бет кездесу Белградта өтіп, сербтер 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ол ойында Джокович командасына екі ұпай әкелсе, тағы бір кездесуде Троицкий жеңіске жетті. Қазақстандықтардан Кукушкин жеңіске жетсе, Голубев пен Недовесов жұбы да командасына ұпай сыйлаған еді. Бұл жолы да Джковичтың командасына жол береміз бе, оны уақыт көрсетеді.

1/4 финалдың басқа да кездесулерінде Ресей мен Швеция, Ұлыбритания мен Германия, сондай-ақ Италия мен Хорватия командалары өзара ойнайды.

Қазақстан мен Сербия арасындағы бәсеке 1 желтоқсанда өтеді. Кездесу Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 21:00-де басталады. Матчтарды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу