Джоковичтың жоқтығы, Бубликтің биік шоқтығы

1520

Новак Джокович Аустралия ашық біріншілігіне қатыспайтын болды.

Джоковичтың жоқтығы, Бубликтің биік шоқтығы

Биыл Аустралия ашық біріншілігінің негізгі кезеңіне тоғыз қазақстандық теннисші жолдама алды. Мұндай көрсеткіш ел теннисі тархында бұрын-соңды болмаған. Жекелей сында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Зарина Диястар, ал жұптық бәсекеде Александр Недовесов, Андрей Голубев және Анна Данилиналар өнер көрсетеді.

Жеребе қорытындысы бойынша Тимофей Скатов әлемнің 117-ші ракеткасы словакиялық Норберт Гамбоспен, Михаил Кукушкин АҚШ-тан келген Томми Полмен, Александр Бублик америкалық Эрнесто Эскабедомен кездеседі. Әйелдер арасында алғашқы айныламда Елена Рыбакина мен Зарина Дияс кездеседі. Юлия Путинцева (әлемдік рейтингте 43-орында) әлемнің 110-шы ракеткасы, француз Хармони Танға қарсы кездесу өткізеді.

Турнир алдында орын алған күтпеген оқиғалардың бірі Новак Джоковичтың ойыннан шеттетілуі болды. Енді Аустралия ашық чемпионатында оның орнын италиялық Сальваторе Карузо басады. Себебі негізгі кезеңде ойнауы тиіс теннисші матчтан шеттетілсе немесе белгілі бір себептермен келмей қалса, оның орынын іріктеуден өтпей қалған теннисшінің бірі басады. Осылайша Карузоның биыл жолы болды. Алғашқы айналымда ол тағы бір сербиялық теннисші Миомир Кецмановичпен кездеседі. Бұл текетірестің жеңімпазы қазақстандық Михаил Кукушкин мен америкалық Том Пол арасындағы кездесудің жеңімпазына қарсылас атанбақ.

Айта кетейік, жаңа маусым басталмай жатып Новак Джоковичтің басы дауға қалды. Оның адвокаттарының өтінішін сот қабылдамады. Әлемнің бірінші нөмірлі теннисшісі сотта жеңілді. Нәтижесінде ол аустралиялық виза ала алмады. Жақында ол елден депортацияланады. Джоковичтің ісін Аустралиядағы Федералдық сот судьяларының толық құрамы қарады. Новакқа қарсы талаптар виза алу кезіндегі құжаттарға қатысты мәселелерге байланысты туындаған. Сербиялық теннисшінің коронавирусқа қарсы екпе алмауға мүмкіндік беретін медициналық жеңілдігі бар екен. Ал биылғы "Үлкен Дулыға" турнирінің алғашқы жарысының қатысушылары үшін вакцинация міндетті.

Australian Open турнирінің тоғыз дүркін чемпионы Джокович осы күндері "Мельбурн парк" корттарында жаттығып үлгерді. Жарысқа бірінші нөмірмен тіркелген ол алғашқы кезеңде Кецмановичпен ойнауы керек еді. Дегенмен, Джоковичтың жоқтығы жас теннисшілер үшін турнирде жеңіске жетуге тамаша мүмкіндік болмақ. Қазіргі таңда ерлер арасында еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик бұл сайысты іріктеусіз, бірден негізгі кезеңнен бастайды. Біздің басты үмітіміз де өткен маусымда жекелей жарыстарда да, жұптық жарыстарда да тамаша нәтижеге қол жеткізген Бубликте болып отыр.

17 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 6:00-де Юлия Путинцева (16-корт), шамамен 8:00-де Бублик (12-корт), 11:00-де Михаил Кукушкин (17-корт) Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымында сынға түседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу