Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы" Заңын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заң жобасы Мәскеуде 2023 жылғы 4 желтоқсанда жасалған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.
"Келісім тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде олардың шығарылған жерін айқындау, куәландыру және растау тәсілдеріне құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Осы құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан тауарларды, оның ішінде Қазақстан аумағынан шығарылатын тауарларды әкетуге тыйым салулар мен шектеулер белгіленген заттарды шығару кезінде тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларының қолданылуын бақылау үшін тиісті мүмкіндік береді", – деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.
Оның айтуынша, келісімде Еуразиялық экономикалық комиссия белгілейтін арнайы қағидатқа сәйкес, ЕАЭО-ның кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау ескерілген.
Құжат аясында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан белгіленген тарифтік емес реттеудің біржақты шаралардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.