ЕАЭО-ның жаңа стратегиясы латын әліпбиіне көшуімізді тежеуі мүмкін

Сарапшы Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі интеграциялық даму стратегиясы КСРО-ны қалпына келтірудің кезекті қадамы деп отыр.

ЕАЭО-ның жаңа стратегиясы латын әліпбиіне көшуімізді тежеуі мүмкін Фото: akorda.kz

Экономикалық одақ па, әлде экспансиялық одақ па?

Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразиялық экономикалық одақ... Келесі аялдама қандай? Экономикалық одақ деп жүргеніміз экспансиялық одақ емес пе? Жұрттың көкейінде Ресейдің маңайына топтасудың салдарына қатысты осындай күпті сұрақ бар. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы осы күдікті тіптен қоюлата түсті. Қазақстан тарабына әуел баста Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко және Владимир Путин үштігі қол қойған ЕАЭО құру шартына 25 түзету енгізу туралы бастама ұнамай отыр. Әсіресе Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің қызмет көрсету саудасындағы үшінші тараптармен келіссөздерге одаққа мүше елдердің атынан қатысуын және екіжақты келісімдерге бақылаушы ретінде килігуін көздейтін түзету Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіліне қонбайтыны мәлім болды. Жаңа стратегия қабылданса, аталмыш комиссия одаққа мүше елдердің білім беру, ғылым, медицина саласына да килігіп, ұлттық мүддені ортақ нұсқаулардың тар шеңберінде тұншықтыруы мүмкін.

Білім мен ғылымдағы интегарция дегенде ең бірінші ойға латын графикасы келеді. Қазақ тілінің төл заңдылықтарына орасан зардап әкелген кирилл қарпінің орнына түгел түркі баласына ортақ латын әліпбиін енгізу жобасы логикалық шыңына жеткен тұста білім мен ғылымда бірыңғай кеңістік орнатсақ деген ұсыныстың айтылуы расымен алаңдатады. Бұл ұсыныстың артынан бірыңғай әліпби қолдану ұсынысы қылаң бермесіне кім кепіл?

Медициналық қауіпсіздік – мемлекеттілік кепілі

Ал медицинадағы интеграция қарапайым халықтың тұрмысында қалай көрініс табуы мүмкін? Онсыз да ұңғыл-шұңғылы көп фармацевтика саласындағы сапалы дәрілердің қолжетімділігін "бірыңғай кеңістік" тәртібі тіпті қиындатып жіберуі ықтимал. Уәжіміз түсінікті болу үшін адал бәсекені ысырып қойып, әкімшілік ресурстар арқылы бизнес дөңгелентудің "жарқын үлгісіне" айналған "Азия Авто" кәсіпорнының жұмыс стилін мысал етіп көрейік. Қазақстан әлеуметтік саясатқа басымдық берген мемлекет екенін ескерсек, интеграцияның жаңа стратегиясы қабылданса, жыл сайын миллиардтап қаржы бөлінетін медицина мен білім-ғылымның да өз Балушкиндері мен Мәндиевтері пайда болуы оп-оңай шаруа. Алманның "мерседесі" мен жапонның "тойотасын" халықаралық нарықтағы бағаға тізгіндесем деген армандарды бірыңғай экономикалық кеңістік желеуімен бұғаулап келе жатқан дөрекі лобби енді  дертіне дауа іздеген отандастарымызды еуропалық сапалы дәрі-дәрмектен де қағуы мүмкін.

 COVID-19 пандемиясы жаһандану дәуірінде медициналық қауіпсіздіктің қорғаныспен тікелей байланысты салаға айналғанын көрсетіп берді. Бұл дертке қатысты Беларусь пен Ресейдің ұстанымы Қазақстанмен мүлдем сәйкес болмағанын көрдік. Осындай ұстанымдағы елдермен бірыңғай медициналық кеңістік құру Қазақстанға қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз?

Осы аптада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде ЕАЭО-ның онлайн алқа мәжілісі өткен болатын. Жиында Ресей тарабы Қазақстанды шаруаларға шетелдік техника үшін субсидияны интеграция талабына қайшы төлеп отыр деп сөкті. Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша,  Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелден әкелген техниканың қай елде шығарылғанына қарамастан, шаруаға құнының 25 пайызын өтеп береді. Осы тұс ресейлік шенділерге ұнамайтын болып шықты. Одақтастарымыз ЕАЭО аясындағы бірыңғай кеңістікті желеу етіп, шетелдік техникаға берілетін субсидия пайызбен емес, нақты сомамен төленуі керек деген нұсқау айтты. Яғни, Ресейдің совет заманындағы технологиямен құрастырылған комбайнына да, одан өнімділігі 3-4 есе жоғары еуропалық немесе америкалық комбайнға да шартты түрде 10 млн теңге субсидия төленуі керек-мыс. Интеграциялық дамудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы қазіргі күйінде қабылданса, дәл осындай ұр да жық ұсыныстар мен тепсінген талаптар білім мен ғылымның, медицинаның мамандарына да айтылуы заңдылық болмақ.

Одақты тірілткен – Ақмола

Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жангелді Шымшықов Ақмоладан бастау алған Еуразиялық интеграция идеясы Нұр-Сұлтанда тұншықтырылуға тиіс деп санайды.

"КСРО ыдыраған кезде орталықтан басқарылып келген экономика күйреп, тұтыну мен өндіріс балансы бұзылды. Осы кезде бұрынғы экономикалық байланысты қалпына келтіру керек деген идея пайда болған еді. Барлық бәле қазіргі астанада басталған болатын. Ақмола мен Екатеринбург бауырлас қалалар болды да, сол кездегі қалалық мәлихат хатшысының орынбасары Тұрсын Хамитов бастаған депутаттардың аузымен Екатеринбург зауыттары мен Ақмола кәсіпорындарын интеграцияда дамыту туралы ұсыныс көтерілді. Ол кезде мұндағы депутаттардың бәрі орыс немесе орыстілді болатын. Кейін ол идеяны біздің үлкен билік іліп әкетіп, 1991 жылы Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру керек деген идея айтты", – деп еске алады экономист.

Сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы отырыста интеграцияның бағытын айқындауда келісіп пішетін тонды сырттан піше салуды қою керек деген сөзі де бекер айтылмаған деп ойлайды.

"Еуразиялық одақ құрылған кезде заң жобаларын түгелдей Ресей жасады. Сол кезде мәселе көтерген болатынбыз. Неге біз араласпаймыз? Неге біздегі ғылыми-зерттеу институттарына бөліп бермейді деген сұрақ қойдық. Соның салдарынан одақ құрылымына қатысты заңдардың көпшілігін біз білмейміз деп айтуға болады. Көбінің астарында не жатқаны түсініксіз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі кешеуілдеп айтылғанымен, өте орынды және ойымыздан шығып отыр", – дейді ол.

Еуразия экономикалық одақтың боданынан құтыламыз десек, әуелі демографияны көтеру қажет. Ғалым мұның себебін былай түсіндірді.

"Ресей экономикамызды өзіне тәуелді қылғанын қанағат тұтпай отыр. Енді білім мен ғылымды да тәуелді қылмақшы. Латын әліпбиіне қатысты 4-5 жыл бұрын керемет ақпараттық шабуыл жасағанын көп адамдар ұмытып та қалды.   Біздің уыстан шығып бара жатқанымыз – демографияны көтергеніміз. Қазақ барлық жағынан керемет халық. Бір ғана кемшілігі – аздығы. Соны қарапайым халық түсіне алды. Оның үстіне астана іргесіндегі Ситерлер отбасындағы қайғылы өрт Үкіметті де әлеуметтік саясатын демографиямен ұштастыруға мәжбүр етті. Бүгінгі амал-айланың бәрі КСРО-ны қалпына келтірудің қадамдары ғана. Одан құтылу үшін экономикалық одақтан бас тарту керек. Оған ресми деңгейде ешқандай кедергі жоқ. Бірақ кедергі жең ұшынан жалғасқан қолдар арқылы жасалуы мүмкін. Халықтың үлесі 67 пайызға жетті. Бір жағынан, орыс азаматтары көп. Екінші жағынан, орыстанып кеткен тілі шұбар қандастарымыз да аз емес. 10 млн қазақ бар десек, соның жартысы қит етсе Ресейдің сойылын соғып отыр. Біз үшін олар әзірге "бесінші колонна". Оны ыдырату үшін жат тілді қандастарымыздың бетін бері қаратып, Жаңаөзен оқиғасынан кейін тоқтап қалған "Нұрлы көшті" жалғастыру керек. Мәңгүрттікті жою оңай емес. Сондықтан болашағымыз соншалықты айқын, жарқын деп айта алмаймын", – дейді Жангелді Шымшықов. 

Сауда теңсіздігі жұмыссыздықты өршітуде

ЕАЭО аясындағы келіссөздер мен заңнамалық процестерге отандық сарапшылардың тартылмауы ұлттық мүддеге қайшы шешімдердің оп-оңай қабылданып кетуіне себепкер. Бұл ойды Экономикалық саясат институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков айтты.

"Интеграциялық дамудың 2025 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуге, талқылауға, сараптауға біз тартылған жоқыз. Ешкімді шақырған да жоқ. Министрліктер  өздері қатысады. Біздің Үкімет жабық клуб сияқты болып кетті ғой. Өздері қатысып, өздері шешеді", – дейді сарапшы.

Экономист Қазақстан Президентінің жаңа стратегияға қатысты қарсылығын ауызша айтқанымен, құжат қабылданып қойған болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

"Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы Михаил Мясникович стратегия мақұлданды деп отыр. Сондықтан Қазақстан тарабының ескертпесі ауызша ғана айтылған болуы мүмкін. Ал құжат заңды түрде бекітілген болуы да ықтимал. Сондықтан, бұл мәселені тағы да зерделеу керек. Қ.Тоқаевтың ұлттық экономикалық мүддені барынша ескеруі, оған ерекше назар аударуы өте дұрыс. Қолдаймыз. Онсыз болмайды", – деген ғалым бұдан былай одақ аясындағы маңызды шешімдердің бәрі халықтың талқысынан өтіп отыруы керек деген ұстанымын айтты.

"Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанда жасалған негізгі шартқа 25 өзгеріс енгізіледі. Бұл түзетулер тәуелсіздікке, ұлттық мүддемізге қайшы келмей ме, экономикалық мүддемізді аяқасты етпей ме деген сұрақ туындайды. Бұл өте ойландыратын сұрақ. Зерделеуді қажет етеді. Қуырдақтың көкесі осы жерде жатыр деп ойлаймын. Осы өзгерістерді енгізу процесін бәрімізге мұқият қарау керек болады. Оны Үкімет өзі шешпеуі керек. Сарапшылар бір жағынан, халық бір жағынан қатысуы керек", – дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Жұмыссыздық салдарынан туындайтын әлеуметтік кикілжіңдердің жиілеуінде де ЕАЭО-ның үлесі бар. Сырт көзге біліне бермейтін бұл келеңсіздікті сарапшы мынадай деректермен түсіндіреді.

"Елбасы ЕАЭО туралы сөз болғанда сыртқы сауда айналымын алға тартатын. Ал ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық қауіпсіздік безбенге түскенде сауда айналымы емес, сауда теңдігі басты орынға шығады. Одақтағы сауда балансын бағамдасақ, соңғы 3-4 жылда Қазақстан шамамен 6-7 млрд АҚШ доллларына ұтылып жатыр.  Мысалы, бізге келген әрбір 100 млн долларлық импорт ішкі нарықтағы 10-20 мың жұмыс күшін ығыстырып, жұмыссыздыққа әкеліп соқтырады. Енді осы шаманы 7 миллиардқа көбейтіңіз. Сонда қаншама қысым, қиындық көріп жатырмыз! Әлемдік нарыққа шығу үшін экономикалық одақ керек шығар. Бір жағынан, мұның саяси астары бар. Менің ойымша, Ресей бізге жұдырық көрсетіп отыр. Бұл одақты қолдамасақ, сыртқы елдерге экспорттау қиындайды", – дейді экономист.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу