banner

ЕАЭО туралы шартқа өзгеріс енгізу қажет

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2895

Солтүстік көршінің Қазақстан кәсіпкерлерін кемсітуіне тосқауыл қойылмаса, шектен шығу әрекеті орын алуы ғажап емес.

ЕАЭО туралы шартқа өзгеріс енгізу қажет

Отандық өндіруші кәсіпкерлерге осы аптадағы үкімет отырысында "дискриминация" деген ауыр сөзді ауызға алып, қинала күрсінуге тура келді. Енді бар үміт Еуразиялық экономикалық одаққа артылып отыр. Қазақстан тіпті ЕАЭО туралы Астанада қол қойылған шартқа өзгеріс енгізуге ниетті.

Әу баста "қара алтын" деп көмірді атағанын білеміз. Кеңес заманында, 1970 жылы Владимир Высоцкий "Чёрное золото" деген ән шығарып, "кіжіне" шырқаған, әп-сәтте сол ән шахтерлердің бейресми гимніне айналып кеткен. Бірақ кейін "мызғымас Одақ" күйрегеннен кейін посткеңестік кеңістіктегі елдер Батыста сарапшылардың "Black Gold" деп мұнайды атайтынын білді де, бәріміз соған "құп" дедік.

Бір ғажабы, Кеңес одағы тұсында мұнай қазіргідей экономикада үлкен рөл ойнаған жоқ, ЖІӨ-дегі үлесі де онша көп болмаған. Бірақ өткен ғасырдың 90-жылдары жеңіл, тамақ және басқа да жетекші өнеркәсіптер дағдарысқа ұшырады, әрі әлемдік "супергиганттар" - "Теңіз" бен "Қарашығанақ" мұнай-газ кенорындары іске қосылды. Қазақстан экономикасының мұнайға байлануы да сол кезден басталған.

Өткен ғасырдан қазірге дейін ел экономикасында көмір саласы аса маңызды рөл атқарады: республикада электр қуатының 72%-ы көмірден өндіріледі. Бұл сонымен бірге Қазақстанның ірі экспорт көздерінің бірі саналады. Бірақ осының барлығы "тарих қойнауына" жол тартатынға ұқсайды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2016 жылы көмір өндіруші компаниялар 98 млн тонна көмір өндіріпті. Бұл жоспардағының тек 96,5 пайызы ғана. 2017 жылға жоспар – "100 млн тонна көмір алу".

"Былтыр ішкі нарықта 71,8 млн тонна көмір тұтынылған. Ал экспорт 26,2 тоннаны құрады. 2016 жылы да көмір өндірісінің төмендегені байқалады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Ресей үкіметінің 2014 жылғы өкімімен 2030 жылға дейінгі "РФ көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасы" қабылданды, онда Ресей электр стансаларының Қазақстан көмірін тұтынуын тыйып, Кузнецк көміріне ауыстыру қарастырылып отыр. Мұның сыртында іске қосылып жатқан жаңа стансалар да әу бастан Кузнецк көміріне негізделеді. Сонымен бірге Ресей энергетика стансаларының бір бөлігі табиғи газды қолдануға ауыстырылады", – дейді Қанат Бозымбаев.

Екіншіден, Қазақстанның және Ресейдің энергия өндіруші кәсіпорындары көмір тұтынуды азайтты. Себебі қазіргі дағдарысқа байланысты біраз қуат тұтынушы кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеп отырған жоқ, не мүлдем тоқтап қалды. Яғни бұрынғыдай энергияға еселеп өсетін көп сұраныс жоқ.

Сонымен қатар "өзендегі судың молдығына байланысты су электр стансаларына электр энергиясының өндірісі 25 пайызға артқан".

Энергетика министрі 24 қаңтар күні өткен үкімет отырысында "Қазақстан көмірінің экспорты үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағындағы теңіз порттарындағы қызметтерге тең қол жеткізу мәселесі" шешілмей, түйіні шиеленісіп бара жатқанын ашық айтты.

"Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындары ресейлік теңіз порттары операторларының қызметіне қол жеткізе алмай отыр. Кедергілер бар. Себебі бұл терминалдарды ресейлік ірі көмір өндіруші компаниялары бақылауда ұстайды. Осыған байланысты құрметті Бақытжан Әбдірұлы, осы мәселені Еуразиялық экономикалық одақ шартына өзгеріс пен толықтыру енгізу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында пысықтауды тиісті мемлекеттік органдарға тапсыруыңызды сұраймын!", – дейді министр Қанат Бозымбаев.

Бақытжан Сағынтаев биылғы жылдың 10 наурызында Бішкекте өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Қазақстанның көмір экспорттаушылары әлемдік теңіз жолдарына шыға алмауы үшін Ресей қолдан жасап отырған кедергіні жою мәселесін төтесінен қоятынын мәлімдеді.

"Еуропаға көмір жеткізуіміз қиындап барады, теңіз айлақтарына қол жеткізе алмау мәселесін біз көптен бері әртүрлі алаң-жиында қарастырып келеміз. Бұл мәселені Бішкекте тағы да қоюға дайынбыз. Бұл мәселені күн тәртібіне қосуы үшін ертерек тиісті хатты жолдау қажет. Әрине өткен жылы РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев тиісті қаулының жобасын әзірлеу туралы өз үкіметіне тапсырма берген. Олар бұл мәселені өздерінде талқылап, үкімет құжатын былтырғы қыркүйек-қазан айларында-ақ қабылдауы тиіс болатын", – деп қынжылыс білдірді Бақытжан Сағынтаев.

Осылайша Ресей бір жағынан "қазақ көмірін жағатын пеш" болғысы келмейді, екінші жағынан бізге Еуропаға өтер жолдағы қақпасын да ашпай қыңырлық танытып отыр. Яғни "өзім де алмаймын, өзгеге де бермеймін" деген қырсық бір ұстаным. Әрине, ол бұл жерде тек өз мүддесін ілгерілетіп отыр.

Айтқандай, дискриминация туралы мәселені министр сыртында, отандық тау-кен өндірушілер және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец те көтерді.

Оның айтуынша, Қазақстанның көмір экспорттаушылары өз өнімдерін өткізу үшін Азияда да, Еуропада да жаңа нарық тауып алғанын айтады. Бірақ ол нарықтар тек халықаралық тасымал-транзит бағасы қолайлы болса ғана табыс түсірмек.

"Қазақ көміріне әлемде сұраныс жақсы. Біз Шұбаркөл көмірін шетелге экспорттау көлемін былтырғы 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін ұлғайтатын келісімшартқа қол жеткіздік. "Қазақстан темір жолы" да қажетті вагондарды уақытында беріп отыр. Біз көмірді жаңа мақсаттарда пайдалану жолдарын тапқан Еуропа мен Азияда жаңа нарықтарды аңғарып отырмыз. Бірақ мұндай экспорттық келісімшарттардың қанатын Ресей қиып тастауы мүмкін, өйткені олар көлік-тасымалдау тарифтері төмен "жасыл дәліздер" арқылы тасымалданса ғана тиімді болмақ. Ал енді Ресей алыс қашықтыққа өнім тасымалдайтын тасымалдаушылар үшін тарифті өсіруге ниетті. Бізге керегі де алыс қашықтық қой! Біз Ресейдің дискриминациясыз қол жеткізу туралы уәдесін орындамай келе жатқанына өкініш білдіреміз!", – дейді Николай Радостовец.

Осы орайда отандық өндірушілер де жағдайды өзгерту үшін "ауыр артиллерияны" қолдануды қолдайтынын ашық айтты.

"Біз энергетика министрінің ұсынысын қолдаймыз және ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз! 10 наурызда Бішкекте осы одақтың үкімет басшыларының кеңесі өтетіні мәлім. Қазақстанның одақтағы өкілі, Еуразиялық экономикалық комиссия мүшесі Нұрлан Алдабергенов ресейлік тарап бұл жағдайда өз мойнына алған міндеттемелері мен уағдаластықтарды сақтамай отырғаны туралы өз қорытындысын енгізді", – деген Тау-кен өндірушілер және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Бақытжан Сағынтаевтан "біздің жүктерді теңіз айлақтарына жіберуде Ресейдің дискриминациясыз ережелер енгізуі үшін аса қатаң позиция ұстануды" өтінді.

"Бұл көмір тасуға да, астық тасымалына да қатысты. Егер осы ережелер алдағы айларда енгізілсе, көмірге экспорттық келісімшарттар жаңа серпін алар еді", – дейді Николай Радостовец.

Осы орайда айта кетуіміз керек, "қазақ баласы Ресей облысының басшысы болып отыр" деп мақтанғанымызбен, "өз елінде ұлтан болудан, өзге жерде сұлтан болуды" артық көрген РФ Кемер облысының губернаторы Аман Төлеев Кеңес кезінен бері Қазақстан көмірін тұтынуға негізделген барлық ресейлік стансаны Кузбасс көміріне көшіру қозғалысының бастауында тұрды.

КСРО кезінде мысалы, Екібастұз кен орны Ресейдің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін құрылған болатын. Алайда ХХІ ғасырдың басында Кемер облысының губернаторы, мемлекеттік кеңестің көмір саласының мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Аман Төлеев Екібастұз көмірін "қалпымен күл" және "экологиялық қауіпті шикізат" деп атап, Ресей басшылығына одан толық бас тарту бастамасын көтерді. Бұл ретте Кузбасс көміріне көшіру үшін стансаларды қайта құру талап етілетіндігі де, екібастұз көмірінің 1,7 есеге арзандығы да, ресейлік көмірдің жарылыс қаупі жоғары екендігі де ескерілмеді. Ақыры бұл жұмыстар әкімшілік жолмен, қаржыны есепсіз төгу және жоғарыдан нұсқау беру арқылы басталып кетті. Орал және Сібір электр стансалары екібастұз көмірінен кузнецкілік көмірге ауыстыру үшін қазандықтар, жылу беру трактілері секілді құрал-жабдықтар кешенді түрде алмастырылды. Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, әрбір "кешенді алмастыру" сол кезде 7 млрд рубльге түскен, салдарынан осының барлығы электр энергиясы тарифінің бірнеше есеге қымбаттауына әкелген. Бұл – ресейлік ірі көмір өндірушілер лоббиінің жаппай жеңісі болатын. Екі ортада Ресей халқы мен кәсіпкерлері аңырап қалды. Олардың зарын тыңдар құлақ бұл елде табылмады.

Рас, кейінгі жылдары бұл кесір бастамаға қарсы шыққандардың үні жиі естіле бастаған, бірақ олар жағдайды өзгертер алып "хорға" айнала алмай қалды. Екі ортада киліккен дағдарыс, одан кейін келген Батыс санкциялары солтүстік көршімізді протекционистік саясатын күшейтіп, өз бизнесін қорғауға мәжбүр етті.

Демек, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның өз көмір өндірушілері үшін Ресейде қандай да бір жеңілдікке қол жеткізуі қиын болады.

Сондықтан көмірді шикізат түрінде тасымалдамай, оны өңдеуге, көмір химиясын дамытуға ден қойған жөн. Әйтпесе елімізде көмірден бар болғаны тек кокс қана алынады екен. Ал ғалымдар көмірді өңдеп, одан дизель отынын, мотор майын, көмір газын және басқа да көптеген өнімді алуға болатынын айтады.

"Біздің ведомство көмір өндірісінің қазіргі деңгейін сақтау үшін көмірді кешенді түрде әрі терең өңдеу бағдарламаларын кеңейту, одан дизель отынын және басқа да сұйық синтетикалық өнім алу жұмысын қолдауымыз қажет деп санайды", – деген Қанат Бозымбаев енді осы бағытта шара қабылданатынын айтты.

Сонымен бірге Қазақстанда көмір химиясын дамыту мақсатында көмір қыртыстарынан метан өндіріле бастайды. Энергетикалық ведомство басшысының айтуынша, бүгінде көмір қыртыстарынан метан өндіретін кешенді жоба әзірленіп жатыр. Қарағанды көмір бассейнінде көмір қыртыстарын газсыздандыру есебінен тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және пилоттық жобалар бойынша жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарттарға сәйкес метанды барлау жұмысы жүргізіледі.

"Министрліктің алдында өнеркәсіптік игеру үшін көмір қыртыстарынан метан алу міндеті тұр, бұл еліміздің бірқатар аймағында әлеуметтік-экономикалық жағдайды біршама жақсартуға мүмкіндік береді. Өйткені бұл метанды электр энергиясын өндіру үшін, тұрмыстық мақсатта, автокөлікке отын ретінде, металлургия өнеркәсібінде және химия саласында пайдалануға болады. Көмір өндірісіндегі жұмыстың қауіпсіздігі біршама артып, қоршаған ортаға метан шығарындыларының кемуі есебінен экологиялық жағдай жақсарады", – дейді Қанат Бозымбаев. Осыған байланысты 2016 жылдың 23 қыркүйегінде энергетика министрі бекіткен көмір қыртыстарынан метан алу және оны барлау іс-шарасы жоспары белсенді іске асырылып келеді.

Қалай болғанда, қазір көмір – еліміздегі ең жақсы барланған энергия ресурсы болып отыр. Энергетика министрлігінің көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Владимир Клякиннің айтуынша, қазақтың жер қойнауында 33 млрд тонна көмір барланған. "Егер жыл сайын 100-105 млн тоннадан өндіріп отырсақ, бұл қордың өзі кем дегенде 300 жылға жететінін байқауға болады", – дейді ол. Демек қазақ елінің жарқын болашағы осы шикізат түрінен жаңа өнім алумен де байланысты болмақ.

Ал әзірге көмір шығаратын өңірлердің экономикасы кәсіпорындардың дағдаруы, өндірістің азаюы, көмір өндірушілердің жұмысшыларды мыңдап босатуы, бұл саладан түсетін салықтың төмендеуі секілді үлкен соққыны бастан кешіп отыр. Үкімет бұл өңірлерге "өз экономикасын қайта қарауға" кеңес берді. "Тек көмір өндірумен ғана айналысатын моноқалалар орнықты дамуы үшін жергілікті атқарушы органдар жаңа өндіріс түрлерін құру, кадрларды қайта оқыту, инфрақұрылым жобаларын дамыту, өз экономикасын әртараптандыру жұмысын күшейтуі керек" – үкіметтің осы аптадағы отырысында осындай ұсыныс жасалды. Бұл шаралар қолға алынбаса, алда қаңырап босап қалған, желмен қаңбақ кезген "елес қалалар" пайда болуы ғажап емес. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу