Едені мен төбесі жоқ: жобалаушылардың өрескел қатесіне кім көз жұма қарады?

1249

Павлодарда 100-ден астам тұрғын далада қалуы мүмкін. 

Едені мен төбесі жоқ: жобалаушылардың өрескел қатесіне кім көз жұма қарады?

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығындағы Алюминстрой шағын ауданындағы ескі екі қабатты үйлер сүріліп, олардың орындарына жаңа көпқабатты баспаналар салына бастаған еді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін Сарыарқа шағын ауданында 20-ға жуық тұрғын үй қолданысқа тапсырылды. Бұл қарқынды бәсеңдетпес үшін 2020 жылдың наурыз айында екіқабатты тағы 6 үйдің орны босатылды. Осипенко көшесі, 8/2 мекенжайындағы пәтерлердің тұрғындары жалдамалы пәтерлерге көшірілді. Олардың ай сайынғы ақысын мемлекет өзі өтейді. Жоспар бойынша, олардың ескі үйлерінің орнында шілде айында құрылыс аяқталып, жаңа пәтер кілттері табысталуға тиіс еді. Бірақ үйдің іргетасын қалап, құрылысты бастаған соң ғана олқылықтың бары анықталды.

Нақтысын айтқанда, жобалау кезінде қабаттардың арасын бөлетін плита ескерілмей қалыпты. Соның кесірінен 4 айдан бері құрылыс тоқтап тұр.

"Жалға берушімен жасалған келісімшарт негізінде біз пәтерлерді тамыз айында босатуымыз керек. Одан кейін жалдар болсақ, мемлекет ақысын төлемейді. Ал бұл уақытқа дейін құрылыстың бітер түрі жоқ. Барлығы қабаттардың арасын бөлетін плиталардың болмауы салдарынан тоқтап тұр. Кез келген нысанның құрылысында іргетасы сияқты маңызды бұл материалды қалайша ұмыт қалдыруға болады? Бұл – ойға қонымсыз дүние. Есіктердің, терезелердің жақтауы болса бір жөн. Плитасы жоқ жоба қалайша мемлекеттік конкурстан өтіп, мақұлданды? Оның құрылысына рұқсат берген әкімдік өкілдері, құрылыс компаниясы қайда қарады? Жобалаушылардың бір қателігінің салдарынан тамыз айында далада қалуымыз ғажап емес", деп ашынады ескі үйдің тұрғыны Марина Вильмс.

Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Оралбек Қайдаровтың айтуынша, әуелде жаңа үйдің құрылысына 107 млн теңге қарастырылған. Енді плиталарды сатып алуға тағы да 650 млн теңге бөлінгелі отыр.

"Қазіргі уақытта құрылысқа қатысты мәселелердің барлығы шешілді. Қаржы шотқа аударылған соң, яғни мамыр айының алғашқы күндері плиталарды саламыз. Инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмыстары да қатар жүреді. Жоспар бойынша, баспана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі",  дейді Оралбек Қайдаров.

Павлодар қаласының әкімдігі құрылыс мерзімінің шегерілуіне байланысты тұрғындардың пәтерді жалдау ақысы бойынша келісімшарт та жыл соңына дейін ұзартылатынын айтты. Жаңа үйге 140-тан астам адам қоныстануға тиіс.

Жалпы, Павлодар облысында жобалау, құрылыс компанияларына қатысты мәселе өткір тұр. Облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы Арман Бекбосыновтың сөзінше, өңірде 958 құрылыс мекемесі бар. Бірақ олардың ішінде жұмыс істейтіндері некен-саяқ.

"Аймақта тіркелген 958 құрылыс компаниясының небары 17%-ы жұмыс істейді. Оның бар-жоғы 3%-ының тиісті лицензиялары бар. Сондай-ақ, 283 жобалаушы ұйымның 6%-ы ғана нысандарды жобалай алады", дейді Арман Бекбосынов.

Жергілікті билік осындай дәйектер келтіргенмен, тығырықтан шығар нақты жолдарды ұсына алмай отыр. Сондықтан едені, төбесі жоқ үйлердің әлі де салынбасына еш кепілдік жоқ.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу