Эдуард Полетаев: Еуропарламент қабылдаған қарарды орындау міндетті емес

1797

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін "Қағаз жолбарыс" деп сынап жүргендердің аузына құм құйылды. Ал Қазақстанға ҰҚШҰ әскерінің шақырылуы мемлекеттің әлсіздігін емес, керісінше стандарттан тыс шешім қабылдау қабілетін көрсетті. 

Эдуард Полетаев: Еуропарламент қабылдаған қарарды орындау міндетті емес

"Мир Евразии" қоғамдық қорының президенті, саясаттанушы Эдуард Полетаев inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.  

– Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары биліктен, өзі Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан Халқы ассамблеясының басшылығынан кетіп жатыр. Осыған қатысты не айтасыз?

– Қазір ел мүддесі үшін шешім қабылдайтын азаматтарға қандай да бір сезімге бой алдырмау керек. Адамның эмоционалды жағдайы шешуші сәтте салқынқандылықтың жоғалуына түрткі болады.

Нұрсұлтан Назарбаев ештеңеге қарамастан, Қазақстан үшін тарихи тұлға болып қала береді. Ол елдің Тұңғыш Президенті ретінде тәуелсіз Қазақстанның ішкі, сыртқы саясатын қалыптастырды. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Кейінгі жылдары экономиканың олигархизациясы жүрді, Назарбаевтың туыстары билік басына келді. Осы жағдай оның беделіне нұқсан келтірді.

Қазір халық ешнәрсені түсінбей отыр. Тек елде реформа жүріп жатқанын ғана біледі. "Жаңа Қазақстан" идеологиясы қоғамды бөлінуге емес, бірігуге бастағанда ғана нәтижелі болады. Қоғамда болып жатқан жайттарға дәл қазір, жедел пікір білдіру түсінбеушілік туғызуы мүмкін.

Қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің әлі аяқталмағанын ескеруге тиіспіз. Сондықтан баға беруге, болжам жасауға асықпаған жөн.

Барлық мәселе оң шешіледі деп үміттенемін. Ел азаматтарының, саясаткерлердің, бизнесмендердің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтасып жатқаны өзгерісті қолдамайтын қарсы тарап жоқ дегенді білдірмейді. Кез-келген жеңістің жеңілген жағы бар. Қазақстанда қаңтар қасіретінің орнауына кім мүдделі болды? Әлі олардың есімдерін білмейміз, тек болжам жасап отырмыз. Алматы әкімдігіне, басқа да  стратегиялық маңызы бар нысандарға, полиция басқармаларына жасалған шабуылды ұйымдастырған арандатушылар болды. Олардың артында кім тұрды? Бұл да – жұмбақ. Біз сыртқы күштер кім екенінен бейхабармыз. Алайда олардың болғанын ішіміз сезеді.

Мемлекеттік төңкеріс жасауды көздеген бүлікшілердің сыртқы күштің қолдауына ие болғаны айдан анық. Десек те тап қазір бізге шектен шықпай, елдің бейбіт өмірін сақтап қалу маңызды.

Президент кәсіпкерлермен кездесуде экономикада көп нәрсе дұрыс емес екеніне назар аударып, нақты тапсырма берді. Әрі қарай не болады, оны барлығымыз бірге көреміз.

– Қалай ойлайсыз, Қазақстан әлем алдындағы оң имиджі мен инвестициялық климатын сақтап қала ала ма?

– Елімізде болған жағдай инвестициялық тартымдылығымызды төмендетпесе, арттырған жоқ. Бұл ретте инвестициялық жобалар қаңтар оқиғасына дейін кібіртектей бастағанын айтуымыз керек. Себебі бізде осыған дейінгі ұңғымалар ғана жұмыс істеп тұр. Жаңа кен орындары зерттелген де, ашылған да жоқ.

Бізге бірінші кезекте жергілікті кәсіпкерлерді тыныштандыру сонымен қатар ел аумағында жұмыс істеп жатқан инвесторларды сақтап қалу қажет. Абырой болғанда шетелдік инвесторлар Қазақстаннан кету туралы сөз қозғап жатқан жоқ. Дегенмен олардың көңіліне күдік ұялатпау керек. Инвесторларды ынталандыру үшін оларға инвестициялық пакет ұсынуға да болатын сияқты.

Біздің елдің серіктес-достары бар. Олар Қазақстанға қаржы құюдан қорықпайды. Біздің көршілеріміз – Ресей мен Қытай елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды біліп отыр. Ал батыс елдері жағдайды басқаша қабылдады. Онда полицияның заңсыздығы, бейбіт шерушілердің жапа шеккені туралы ақпарат таратылды. Жергілікті ерекшелікті білмейтін адамдар барлығын сынай бастады, ал бұл біздегі инвесторлардың үрейін үрлеп, өршітіп қойды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, соңғы жылдары бізге жаңа инвестиция батыстан емес, жақын көршілерден келіп жатыр. Менің ойымша, бұл үрдіс жалғасады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға кіргізуін қалай қабылдадыңыз?

– Осы қадам арқылы Мемлекет басшысы басын бәйгеге тікті. Өзінің беделіне, абыройына қауіп төндірді. Бүлікшілер Президенттен мұндай қадамды күткен жоқ. Ел аумағына бітімгершілік әскер енгізу ең тиімді тәсіл болды деп санаймын. Себебі Президентке елді құтқару керек болды.

Осыған дейінгі 30 жылдық тарихында ҰҚШҰ әскері ұйымға мүше-мемлекеттің аумағында ешқандай операцияға қатысқан жоқ. Тек "Соғыс ойынымен" айналысып, жаттығу өткізумен шектелді. Тәжірибе ҰҚШҰ әскерінің өте қысқа мерзімде әрекет ете алатынын көрсетті. Ал ҰҚШҰ әскерін "Қағаз жолбарыс" деп сынап жүргендердің аузына құм құйылды.

Қазақстанға ҰҚШҰ әскерінің шақырылуы мемлекеттің әлсіздігі емес, керісінше стандарттан тыс шешім қабылдау қабілетінің көрсеткіші болды.

– Еуропалық Парламент депутаттары Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты халықаралық тергеу жүргізу туралы қарар қабылдады. Осының салдары қандай болады?

– Ерекше ауыр зардабы болады деп ойламаймын. Еуропарламент қабылдаған қарарды орындау міндетті емес. Ол ұсынымдық сипатқа ие. Олар Қазақстанға қатысы бірнеше қарар қабылдады. Не өзгерді, ештеңе.

Ресей, Беларусь, Қытай мемлекеттеріне де неше түрлі сын айтылғанын көрдік. Бірақ ешқандай шешім қабылданып, шара қолданылған емес. Біздің мәселеміз халықаралық деңгейде сөз болды. Қалай болғанда да елдің беделіне кір келді. Бірақ бұдан қашудың қажеті жоқ. Олар шулайды, қояды. Ал өмір жалғасады.

Мұхиттың арғы жағында даурығып жатқан адамдардың көпшілігі Қазақстанда ешқашан болмаған. Жаңалықтардан естігендерін сөз етіп отырған адамдар. Олар шұғыл шара қолға алынып, қатаң бұйрық берілмесе, қайтыс болғандардың саны қазіргіден де көп болуы мүмкін екенін білмейді.

Еуропада шеру, тәртіпсіздік жиі болады. Шеруге шыққандарға күш құрылымдары қатаң шара қолданады. Алайда оларға қарсы шағым болмайды. Осы тұрғыдан алғанда Еуропарламент өкілдеріне ең әуелі өз елдеріндегі мәселені шешіп алу қажет сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу