ЕЭК 300 тауарға кедендік баж салығын алып тастады

Бұл Одақ елдері кәсіпкерлеріне 200 млрд рубль үнемдеуге мүмкіндік береді.

ЕЭК 300 тауарға кедендік баж салығын алып тастады

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) кеңесі 300-ге жуық импорттық тауарларға кедендік баж салығын төлеуді уақытша тоқтату туралы келісімге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл туралы онлайн брифингте ЕЭК Сауда министрі Андрей Слепнев мәлім етті.

"Бұған дейін 17 наурыздағы және 5 сәуірдегі Кеңес отырыстарында, сондай-ақ Кеңестің кейінгі отырыстарында қазіргі жағдайда әлеуметтік маңызы бар салаларға, соның ішінде жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты қолдау көрсетудің екі пакеті әзірленіп, мақұлданды", – деді спикер.

Оның сөзінше бұл мәселені шешу бойынша қабылданған үшінші шара. Осы жолы баж салығын уақытша тоқтату органикалық химиялық қосылыстар мен бейорганикалық химия өнімдерінің жекелеген түрлеріне, техникаға, жабдықтар мен механизмдерге арналған бөлшектерге, бұршақ дақылдарының белгілі бір сұрыптарына және қағаз бен картонның жекелеген түрлеріне енгізілмек.

"Кеңес жақын арада тағы бірнеше тауар түрі бойынша шешім қабылдайды. Өзгерістер 2022 жылғы 28 наурыздан бері күшіне енеді", – деген ЕЭК Сауда министрі аталған жеңілдіктің кәсіп иелеріне әсерін атады.

Есептерге сәйкес, үш пакетті жүзеге асыру кезеңінде баж салығынан босатудан бизнес шамамен 200 млрд рубльді үнемдейді.

"ЕАЭО-да бизнесті қолдаудың бірінші кезектегі шарасы ретінде 1,5 мың тауар позициясына кедендік баж салығын тоқтату туралы шешім қабылданған. Жуырда осындай шешімдердің тағы бір пакеті қабылданады деп күтілуде. Баж салығын нөлге келтіру туралы шешім 2022 жылдың қыркүйек айының соңына дейін жарамды. Бұл есеп-қисап шығындары мен логистика мәселелерін ішінара өтеуге арналған қаражат. Мұны бизнес үшін тікелей қолдау деп атауға болады. Шара қазіргі жағдайда кәсіпорындарға айтарлықтай көмектеседі деп сенемін", – деді Андрей Слепнев.

Ол Еуразиялық экономикалық комиссияның да демпингке қарсы баж салығын тоқтату туралы шешім қабылдағанын еске салды. Бұл импортқа қолжетімділікті жақсартуға көмектеседі деп күтілуде.

"Біз сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жасаймыз, бір-бірімізге азық-түлік өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етумен айналысамыз. Себебі бірқатар елдер экспортты реттеуге мәжбүр. Біз үздіксіз жұмыс істеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шешімдер іздейміз. Кейбір ЕЭК шешімдері техникалық сипатта. Бұл өнімнің қауіпсіздігін растауды техникалық реттеу мәселелеріне неғұрлым икемді қатынасқа қатысты. Осының нәтижесінде құлдыраған импортты басқа елдерден келетін тауарлармен тез алмастыруға болады", – деп түйіндеді сөзін Андрей Слепнев.

Сондай-ақ ведомство алты айға дейін кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша пайызды кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу жоспарын ұсынудың жаңа негіздемесі туралы шешім қабылдады.

"Енді ЕАЭО Кеден кодексінде белгіленген негіздемелер тізіміне магистральдық және қала құрылысы үшін қажетті тауарларды алып келу де кіреді. Бұл шара уақытша негізде 2022 жылдың 30 қыркүйегіне дейін қолданылады", – деді спикер.

Құралай Құдайберген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу