Елімізде қылмысқа қарсы нақты бағдарлама іске асырылып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы елімізде жағдай тұрақты. Егемендік алғаннан бері қылмыс саны екі есеге төмендеді. Кісі өлтіру фактілері 4,5 есеге қысқарды. Бұл нәтижеге ауқымды профилактикалық жұмыстың нәтижесінде қол жеткіздік. Ал халық саны 1,5 есеге өсіп отыр", – деді Ержан Сәденов.
Министр қылмысқа қарсы нақты бағдарлама іске асырылып жатқанын да айтты.
"Оң динамика биыл да сақталып отыр. Қылмыс 7 пайызға немесе 6 мыңнан астам қылмысқа дейін азайды. Оның ішінде кісі өлтіру фактілері, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ бұрын сотталғандар, қоғамдық орындарда, көшелерде және атыс қаруымен жасалатын қылмыстар да төмендеді", – деді ІІМ басшысы.