eGov.kz елдің көз алдында күйрей бастаған ба?

2227

Азаматтар "Электронды Үкімет" жүйелерінде техникалық ақаулар көбейгенін айтады. 

eGov.kz елдің көз алдында күйрей бастаған ба?

Кейбір сарапшы бұл Сбер платформасына көшу үшін жасалуы мүмкін деген жорамал айтады, деп жазады Inbusiness.kz.

Билік жүйедегі ақаулары түзей ме?

Халық электронды мемлекеттік қызметтер алуда қиындыққа жолықты. Солардың бірі – жас босанған ана, елорда тұрғыны Динара Айбын.

"Сәбиімнің құжаттарын алу үшін оны есепке қоюым керек. Мен мұны білемін, саналы адам ретінде сол міндетімді орындауға тырысудамын. Алайда "Электронды Үкімет" оған мүмкіндік бермей жатыр. Бұл мемлекеттік қызмет eGov.kz порталында 7 жұмыс күні ішінде көрсетіледі деп жазылған. Мен оған баламды туа сала, тамыз айының соңында тапсырыс бердім. Жеті күн зымырап өте шықты. Қызмет көрсетілген жоқ. Министр Мусинге де жаздым, жауап болмады. Енді қайда барамын, кімге жүгінемін? Бөбегімнің туу туралы куәлігін ала алмадым. Онсыз емханаға да тіркеуге қоймайды екен. Емханаға хабарластым, дүниеге жаңа келген нәрестемді қабылдаудан бас тартты. Тиісті екпелерді еккізе алмайтын болып шықтым", – дейді Д.Айбын.

Осының кесірінен қазақтың басын өсіріп отырған ана қаржылық шығын шегуде. Ол баланың құжаттары рәсімделмегендіктен бала туу және бала күтімі бойынша жәрдемақыға өтініш тапсыра алмаған. Ал бұл төлемақыға бала туа сала, жедел өтініш бермесе, уақыт өтіп кеткеннен кейін мемлекет (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры) жәрдемақыны төлемей қоятыны белгілі.

"Неге eGov.kz порталы қызметті мерзімінде орындамайтын болған? Онда порталда бірден ХҚКО-ға жүгініңіз деп қолмен қойғандай жазып қойсын. Мен сияқты жас босанған аналар электронды порталға уақыт жоғалтпай, бірден орталыққа жүгіретін еді. Порталдағы телефондар жауап бермейді. Қанша қоңыраулатсаң да көтермейді", – дейді ол.

Алматылық Дмитрий Бурлаковтың eGov.kz порталы жұмысына көңілі толмайды.

"Порталға шағымданып, 1414 бірыңғай call-орталығына қоңырау шалдым, ондағылар көмектесе алмады. Техникалық көмек сұраңыз деп басқа мекемелерге жолдады. Егде тартқан адаммын, мүгедекпін. Смартфоным жоқ. eGov.kz қызметін компьютер көмегімен аламын. Мәселе мынада: порталда жеке кабинетіме кірсем, жер телімдері деген графада жақында менің меншігімде "Қостанай облысының Сарыкөл ауданының Веселый подол ауылында 1995 жылдан бері жер телімі бар" деген жазба пайда болды. Порталда оны жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы тіркеді деп жазылған. Менің меншігімде ешқашан жер учаскесі болған емес. Оның үстіне өмір бойы Алматыда тұрып келемін. Қостанай облысында бірде бір рет болған емеспін", – дейді ол.

Мамандар бұл техникалық ақау кесірінен болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда оны қалай алып тастауға болатынын түсіндіре алмаған.

"Енді не істейтінімді білмедім. eGov.kz-те оны жоятындай техникалық қолдау түрі жоқ көрінеді. Бұл оператордың қатесі болуы мүмкін. Тіпті сорақысы, әлдебір алаяқтар әрекет жасап жатуы да ықтимал. Демек, оны аңғарған азаматтың олқылықты жылдам жоюына мүмкіндігі болуға тиіс қой. Шындықты қайдан іздеп, көмекті қайдан табатынымды білмей далмын. Билік қалыптасқан жағдайды түзейді деген үміттемін. Зейнеткерлер заманауи технологиялардың тілін түсіне бермейді. Ал ол технологиялар адам өмірін жеңілдету орнына қиындатып жаста, не шара?!", – дейді Бурлаков.

"Сберге" шынында қанша жүз млрд теңге берілмек?

Жеке кәсіпкер Ерлан Оралов та мемлекеттің электронды жүйелеріндегі ақау кесірінен шығынға батуда.

"Біраздан мемлекеттің бағдарламалық қамтылымының тұтқынына айналдым. 2019 жылғы камералдық бақылаудан кейін белгіленген шараның орындалғанын базаға енгізуді Мемлекеттік кірістер органындағы шенеуніктер ұмытып кетіпті. Салдарынан "Отбасы банкіндегі" шотымдағы қаражаттардың кез келген қозғалысы сол шоттың бұғатталуына соқтыра береді. Шотты бірнеше рет бұғаттаудан босатып алдым. Бәрібір, ізінше жүйе автоматты түрде "тұтқындай" қояды. Жақында "Отбасы банкінен" ипотекаға тұрғын үй алғанмын. Мемлекеттің ақпараттық жүйесіндегі кезекті ақау кесірінен төлемді уақытында енгізе алмай қалдым. Енді банк өсімпұл жаза бастады. Шот бұғаттаудан сол бойы босатылмады, себебі, кеше қайтадан бағдарлама бұзылған", – деп қапаланады кәсіпкер. 

Оның шағымданбаған жері қалмаған. Бірыңғай байланыс орталығына да қоңыраулатқан, әкімдіктің камералдық бақылау бөліміне де жүгінген. Ары қарай не істеуі керектігін білмейді. 

Мемжүйедегі бұзылушылықтар үшін қатардағы азаматтарға төлеуге тура келуде. "Электронды Үкіметтегі" ақаулар елді тығырыққа тіреді.

Экономист Марат Ерғозин eGov.kz порталындағы ақаулардың көбеюі кездейсоқ болмауы мүмкін деген болжам айтты. Осы арқылы мүдделі адамдар оны "ауыстырып отырғызуға арналған топырақ" дайындап жатуы мүмкін. Жүйедегі олқылықтардан шаршаған қазақстандықтар қарсылығын тиып, "мынау бір жарамсыз дүние екен, жарайды, оны жаңасына ауыстыра беріңдер" деп рұқсат етуі ғажап емес.

Ал қоғам "Электронды Үкіметті" Сбердің ГосТех платформасына көшіру мәселесін қызу талқылауды жалғастыруда. Технологиялық компанияның бөлім басшысы Балғабай Еділқан Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге хат жолдады.

"Қазақстан Сбердің цифрлық платформасына көшкені үшін оған 500 млн доллар (215 миллиард теңгедей) бір реттік төлем және ГосТехті қолдауы үшін жыл сайын тағы төлем төлеп тұрмақ. Оның бәрі мемлекетке қанша ақшаға түсетіні айтылмай отыр. Бұл жерде мәселе аса ірі мемлекеттік қаржыны шығындау туралы болғандықтан бірнеше сауал туындайды. Біріншіден, неге қазақстандық заңнама талабына сәйкес, халықаралық тендер жарияланбады? Неге заң бойынша тендерлік құжаттама, техникалық тапсырма ашық көздерде орналастырылмады? Екіншіден, 500 млн доллар деген соманы кім және қалай анықтады? Неге теңгеде емес? Неге 476 немесе 501 млн доллар емес, тура 500 млн? Оның сметасы қайда?", – деп сұрады қоғам белсендісі министрден.

Үшіншіден, жұртшылық пен сарапшылар Үкіметтен "Сбермен" арада бекітілген меморандумның толық мәтінін ақпарат құралдарында жария етуді талап етуде. Өйткені қарапайым азаматтардың дербес деректерін ресейлік квазимемлекеттік құрылымға тапсыру әрбір қазақстандыққа қатысты мәселе. Халық оның жай-жапсарын түбегейлі білуі шарт.

Әзірге, шенеуніктер азаматтар сауалына жете жауап беріп отырған жоқ. Бағдат Мусиннің командасы оның әлеуметтік желісіндегі парақшасын мыңдаған "теріс" комментарийлерден тазалап әлек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу