banner

ЕХРО көрмесінің қонақтары құлпынай жейді

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
3480

Оңтүстікқазақстандық бағбан құлпынай алқабының әр гектарынан 2 млн табыс тауып отыр.

ЕХРО көрмесінің қонақтары құлпынай жейді

Манкент ауылының тұрғыны "Зебо-1" шаруа қожалығының төрағасы Шавкат Хакимбаев 4 тонна құлпынайын Астанаға жөнелтті.

Бау-бақша ісімен 17 жылдан бері айналысып келе жатқан бағбан 2 гектар жерден  жылына 13-14 тоннаға жуық өнім алып отыр. Ерекше атап көрсетерлігі биыл оңтүстікқазақстандық бағбан өсірген құлпынайдың дәмін  "ЭКСПО-2017"  халықаралық көрмесіне келген қонақтар да татады.

"Құлпынайға сұраныс өте жоғары болып тұр. Біз Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан шығып, Алматы, Астана қалаларының нарығын бағындыра бастадық. Дәл қазір 40 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.  Құлпынайды теретін, тазалайтын адамдарға күніне қолма-қол 1700 теңге төлейміз. Ал бір келі құлпынайды 350 теңгеден сатамыз", – деді Шавкат Хакимбаев.

Ол ең әуелі өзіне тиесілі 2 гектар жерді мал аяғы баспайтындай етіп қоршап алған. Содан кейін құлпынайды суару жүйесіне ерекше көңіл бөлген. Қазір оның бақшасында су үздіксіз ағып тұрады. Құлпынай 3 күнде 1 рет суарылады.

"Өнімді мол алу үшін алқаптың топырағын құнарландыруға көп көңіл бөлеміз. Құлпынайды ылғалды топыраққа егеміз, ағын судан тарықтырмаймыз.  Топырақтың ылғалдылығын сақтау үшін оған көң  төгіп отырамыз", – дейді бағбан.

Оның сөзінше, құлпынай егілген алқаптың әр гектарынан 2-3 млн таза табыс көруге болады.

Шавкат Хакимбаев құлпынай өсіру ісіне мемлекеттен демеу қаржы бөлінсе нұр үстіне нұр болатынын айтады.

"Үкімет құлпынай өсіру ісін субсидияландырса агробизнестің дәл осы бағыты қазіргіден де күшті қарқын алар еді. Мемлекет қолдау көрсетсе кәсібімді кеңейтіп, құлпынайды 20 гектар жерге егер едім", – дейді бағбан.

Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылдық округінде  1200 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың егістік алқабындағы құлпынай 100 гектар жерді алып жатыр.   

"Ауыл округіндегі барлық шаруа қожалықтары "Манкет агро" өндірістік кооперативіне біріккен. Өзімізге тиесілі алқаптың барлығы суармалы. Шаруалар маңдай терлерінің арқасында мол табыс тауып,  өздерінің әлеуметтік жағдайларын  жақсартып жатыр", – дейді "Манкент Агро" ӨК төрағасы Батырбек Анарметов.

Ақжол Қараспан 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу