Екі қазақстандық спортшы Лас-Вегаста жекпе-жек өткізеді

1611

Жексенбі, 26 маусым күні Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) екі қазақстандық спортшы – Шавкат Рахмонов (15-0) пен Сергей Морозовтың (17-5) қатысуымен UFC Vegas 57 турнирі өтеді.

Екі қазақстандық спортшы Лас-Вегаста жекпе-жек өткізеді

UFC шебері Рахмонов америкалық Нил Магнимен (26-8) турнирдің негізгі бөлімінде жұдырықтасады. Ал Морозов бразилиялық Раулиан Пайвамен (21-4) айқасады.

Дәстүр бойынша кездесу алдында салмақ өлшеу рәсімі өтті. Рахмонов таразыда 77,337 келіні көрсетті. Ал жалпы жартылай орта салмақтың шегі 77,110 келі. Тағы бір қазақстандық Сергей Морозов таразыда 61,688 келіні көрсетті. Пайваның да салмағы дәл сондай болып шықты. Жеңіл салмақтың шектік көрсеткіші 61,235 келі.

Салмақ өлшенгеннен кейін Рахмонов UFC ұйымына сұхбат берді.

"Мен әр жекпе-жек сайын алға жылжып келемін. Маған бар болғаны танымал жаңа қарсыластар керек. UFC-де мансабын енді бастап жатқан жастармен жекпе-жек өткізбеймін. Мен үш мәрте мерзімінен бұрын жеңіске жеттім. Енді төртінші жекпе-жекке шықпақпын. Қазіргі таңда маған бұрынғыдан да салмақты қарсыластар қажет", – деді қазақстандық UFC-ге берген сұхбатында.

Морозов үшін бұл UFC-дегі төртінші жекпе-жек болмақ. Ол Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 06:30-да басталады. Содан кейін шамамен сағат 07:00-де Қытайда туып-өскен қазақ Сайран Нұрданбек (37-10) АҚШ өкілі Ти Джей Браунмен (16-8) кездеседі. Рахмонов пен Магни арасындағы жекпе-жек кештің басты оқиғасы болады және елорда уақытымен шамамен таңғы 10:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу