Екібастұз ГРЭС-2 станциясын енді ресейліктер басқармайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
16634

Кәсіпорынның активі толықтай Қазақстанның бақылауына өтті.  

Екібастұз ГРЭС-2 станциясын енді ресейліктер басқармайды

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ресейлік "Интер РАО" энергетикалық компаниясынан "Екібастұз ГРЭС-2" АҚ-ның 50 % акциясын сатып алу жөніндегі мәмілені аяқтады. Осылайша, маңызды электр станцияның активі Қазақстан Республикасының бақылауына толығымен өтті.

Еске сала кетейік, "Самұрық-Қазына"  ұлттық әл-ауқат қоры мен "Интер РАО" жабық акционерлік қоғамының акцияларға теңдей иелік ететін Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны 2005 жылы құрылған еді. Қазақстан тарапы үшін қоғам қызметінің басым бағыты стансаны кеңейту және қайта құру шеңберінде 636 МВт болатын үшінші энергоблокты орнату болып табылады. Бұл жобаны іске асыру Қазақстанның электр қуатына өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге, оның экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етер еді.

2009 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы келісім шеңберінде "Екібастұз ГРЭС-2" АҚ "Екібастұз ГРЭС-2 №3 энергоблогының құрылысы" жобасын іске асыруға кірісті. 2010 жылы тиісті жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Осының негізінде "Екібастұз ГРЭС-2" АҚ-ның 50 %үлесті сатып алу туралы шешім қабылданды.

"Екі жыл бұрын "Интер РАО" энергетикалық компаниясы Ресей Федерациясында өз бизнесін дамыту стратегиясына сай "Екібастұз ГРЭС-2" АҚ-дағы үлесін сататынын мәлімдеп, 50 млн долларға бағалады. Келіссөздерді Қазақстан тарапынан "Самұрық-Энерго" компаниясы жүргізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар аталған активті 25 млн долларға саудалауға келісіп, тиісті құжаттарға қол қойылды", – дейді "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ активтерді басқару мен жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев.

Басқарушы директордың мәліметінше, аталған активке "Самұрық-Қазынаның" қызығушылығы "Екібастұз ГРЭС-2" акционерлік қоғамының үшінші блогының құрылысын бастауға қажеттілігінен туындап отыр. Өйткені аталған жоба бойынша Елбасының тікелей тапсырмасы бар. Қордың басқарушы директорының пікіріне сүйенсек, қазіргі кезеңде қосымша 636 МВт қуат өндіруге мүмкіндік туындап отыр. Ол үшін бастапқы қаржыландыру жасалып, негізгі құрылғыларды таңдау үшін конкурс жасалды.

"Біз электр энергетикасы саласы тұрақты жұмыс істеп, электрмен қамту сенімді қамтамасыз етілуіне мүдделіміз. Сондықтан "Екібастұз ГРЭС-2" АҚ-ның 100 пайыз акциясы Қазақстанның қолында болуы, біздің ойымызша, кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне кепілдік береді", – дейді басқарушы директор.

Алмасадам Сатқалиевтің мәліметінше, электр қуатының өндірісі мен сатылымы кезінде ғана емес, сонымен қатар көмір өндірісі, тасымалы мен Қазақстанның өндірістік секторының тұтынушыларын электр қуатымен қамтамасыз ету тұрғысынан үшінші энергоблоктың құрылысы қор позициясын жақсартуға жол ашпақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу