Екібастұз қаласын дамыту жоспары іске аспай қалуы мүмкін

Кейбір жобалар күмән туғызып отыр.

Екібастұз қаласын дамыту жоспары іске аспай қалуы мүмкін

Өткен жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Екібастұз қаласын кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары әзірленген болатын. Оны жүзеге асыруға мемлекеттік бюджет пен жеке инвестициялар есебінен шамамен 1 трлн теңге қарастырылды, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

Кешенді жоспар қала тұрғындарының ұсыныстары, талап-тілектері негізінде дайындалды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов кеншілер шаһарына арнайы барып, қоғам өкілдерімен стратегиялық сессия ұйымдастырып, негізгі даму бағыттарын да айқындаған еді.

Биыл сол жоспардағы 80 шараны атқаруға барлығы 190 млрд теңге қарастырылды. Оның 14 млрд теңгесі ғана – республикалық бюджет қаржысы. Қалған 176 млрд теңгенің басым бөлігін жергілікті компаниялардың ірі жобалары құрайды.

Айталық, №1 МАЭС кәсіпорындағы №1 энергоблокты жөндеу, №2 МАЭС орталықтағы №3 энергоблокты салу, "Богатырь Көмір" кенішінде циклдық-ағындық желіні іске қосу сынды ірі жобалар бар.

Ал келесі жылы кешенді жоспардағы 63 шараны іске асыруға барлығы 346 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл ретте 25 млрд теңге мемлекеттік бюджет есебінен бөлінбек. Басым бөлігінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір.

Алайда, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, кейбір жобаға қатысты тәуекелдер бар.

"Жоспар бойынша, 2023 жылы қалада 7,2 шақырым жылу құбыры салынуы тиіс. Бірақ жылу-электр орталығының жағдайын саралау бойынша республикалық комиссия жұмысының, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша техникалық аудиттің басталуына байланысты бұл істі кейінге қалдыруға тура келіп отыр. Талдау жұмыстарының нәтижесіне байланысты жеке стратегия дайындалады", – дейді Аян Бейсекин.

Сонымен қатар ипподром аумағында жеке үйлер салу жобасы тиімсіз болғалы тұр. Инфрақұрылымы тартылған, 400-ге жуық жер учаскесі бар аумақтағы баспаналардың бағасы қымбатқа түсуі әбден мүмкін. Сондықтан олардың орнына көпқабатты үйлер салу ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта бесқабатты 7 үйдің құрылысына қатысты құжаттар дайын. Оған қоса, келесі жылы тоғызқабатты 17 баспананың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады.

"2017-2020 жылдары Екібастұз қаласында тұрғын үйлер құрылысы қарқынды дамығанымен, кейінгі жылдары республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың аздығынан бұл қарқын бәсеңдеп қалды. Бүгінде №21 шағын ауданда құрылысы жоспарланған 8 көпқабатты баспананың төртеуі толығымен аяқталды. Таяу күндері бесінші үйді қолданысқа тапсырамыз. Бұл баспаналарға кезекте тұрған азаматтар мен қоныс аударушылар көшіп келді. Енді қалған үш үйдің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылса, олар арендалық баспана ретінде тұрғындарға үлестіріледі. Кешенді жоспарда бұл бағыт қамтылған. Егер республикалық деңгейде қаржылай қолдау болмаса, қарыз алып, кейін баспаналарды несиелер желісі бойынша сатылымға шығаруға тура келеді", – деп атап өтті шаһар әкімі.

Ал №1 МАЭС пен №2 МАЭС станцияларына қарасты су қоймаларында балық шаруашылығын дамыту бойынша жоба кешенді жоспардан мүлде алынып тасталуы мүмкін. Себебі шаруашылықтың мұндай түрінен дайындалған өнім адам денсаулығына кері әсер тигізеді деген болжам бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу